Таным • 29 Наурыз, 2021

Бабадан мирас бұл мейрам

598 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен ғасыр басында қазақ оқы­ған­да­ры, яғни алаш қайраткерлері ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Тұқымын адам­дықтың шаштым, ектім, Көңілін көгер­туге құл халықтың» дегеніндей, бәрі дерлік қазақтың жоқшысы болды. «Әр халықтың дәстүр-салты мен әдет-ғұрпы үкімет заңынан биік тұруы тиіс» деп қытай ойшылдары айтқаны сияқты, өткен ғасыр басында ұлтты сақтап қалудың ең нәзік иірімдері оның дәстүрі екенін қазақ оқығандары ерте аңғарды. Сөйтіп олар жұртты бірлікке, татулыққа, берекеге үндейтін, екінші жақтан жер емшегін емген дихан қауымын еңбекке ынталандыратын «Наурыз мейрамын» тірілтуге атсалыс­ты.

Бабадан мирас бұл мейрам

Мысалы, алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 53-ші санына: «Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды күншығыс жұрттарының көбі, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, Түркіс­тан­дық­тар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз» деп жазса, «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы №75 санында үлкен ақын Мағжан Жұмабаев «Қош келдің, Наурыз!» атты жырын жариялаған екен.

Сол сияқты, мемлекетшіл тұлға Тұрар Рысқұлов 1920 жылы 21 қаңтарда Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайлана салысымен Наурыз мейрамын атап өту жайлы бұйрық шығарса, жазушы Бейімбет Майлин 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 22 март (наурыз) күнгі санына: «Бидай көже буланып, Бір жая піскен күйінде, Құтты болсын наурызың, Жаңа тілек, жаңа жыр, Самарқан тасы еріген, Наурыздың тойы бұл» деп жырмен шашу жолдаған екен.

Алаш арыстарының бірі – Сұлтанбек Қожанов «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 22 наурыз күнгі санына «Наурыз туралы» дейтін мақала жазып, мерекенің мән-маңызына тоқталыпты.

Аталған жазбада: «22 март – Наурыз мейрамы. Күншығыс халқы тегіс мейрам қылып өткізу салт болған күн. Мұны көп білгіштер «Дін мейрамы» деп жиреніп, лажы болса құрту керек деп сопысынады. Наурызға арналған намаз жоқ. Наурызда құрбан шалынып, құран оқылмайды. Наурыз – жыл басы. Наурыз – мұсылманшылықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз – ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына көбірек байланысқан елдің тұрмысын тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, аман қалған малы төлдеп қорасы толып, өздері егін шаруасына қам қылып, жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз» деп жазыпты.

Даңғыл жазушы Мұхтар Әуезовтің 1985 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген 20 томдық шығармалар жинағының 16-шы томының 39-40-шы беттерінде: «Наурыз күн шығыс халқының көбінің мейрамы болған. Солардың ішінде, әсіресе, көшпелі түріктердің арасында ең қадірлі, ең ұлы мейрам болып саналған. Наурыз – бақташылық кәсібіне салынған елдің кәсіп мейрамы... Қыс кетіп, күн шырайы түзелген кезде тәңірі ел тіршілігіне кеңшілік әкеледі деп есептеледі. Сондықтан жазғытұрым наурыздың кірген күні – жаңалық күні. Ескі ауыртпалықтың бәрі қыспен бірге кетіп, енді жаңа үміт, жаңа тіршілік есігі ашылған күн. Алты ай қыс қабағын түйіп, әлденеге соғары белгісіз болып келген тәңірідей иесінің иген күнінде ел де ағытқан қойдай жамырасып, көрден шыққандай жылап көрісіп, қуанышты келешекке үміт артып бас қосатын. Бұл мейрам бері келген кезде, өнер тапқан елдер үшін бұрынғы қанжы қызуынан айырылса да, қазаққа соңғы заманға дейін мағынасын жоғалтқан жоқ. Сондықтан Қазақ елі ұлыстың ұлы күнін көтерілген қуанышпен қарсы алатын. Өзге мейрамдардың ішіде жалпақ елдің өмірімен нық байланысы бар мейрам осы болатын. Қазіргі наурыз жайындағы сөздер сол күндегі ырымды, сондағы амандасу, көрісу, сияқ­ты ұсақ салтты, сол күндегі тілекті ғана біл­діреді» деген екен.

Жоғарыдағы жазбалардан біз қазақ халқының өмір салтында наурыз мейра­мы­ның қаншалықты маңызы барын аңғарамыз. Қа­лай десек те, өткен ғасырдың басында ұлтшыл тұлғалар бұл мерекені жаппай халықтық етуге ұмтылғаны анық.