Саясат • 29 Наурыз, 2021

Сот-сараптама қызметі: жоба және жоспар

384 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде сот сараптамаларын жүргізудің қанатқақты жобасы іске қосылған. Оның басты мақсаты – сот-сараптама жүргізу мерзімін қысқарту, мемлекеттік сарапшылардың жүктемесін азайту, сондай-ақ жеке сот сараптамасы институтын дамыту. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді.

Сот-сараптама қызметі: жоба және жоспар

Қанатқақты жоба Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігімен бірлескен бұйрық аясында жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қа­ла­лары, Қостанай және Павлодар облыстарында қылмыстық істер бойынша сараптамалардың жекелеген түрлерін бәсекелестік ортаға беру жұмысы атқарылуда. Әділет министрінің хабарлауынша, бүгін­де аталған жоба оң нәтижесін көр­сете бастаған. «Атап айтқанда, сарап­тама жүргізу мерзімі бірша­ма қыс­қартылып, сарапшылар­дың жүк­темесі азайғанын байқау­ға болады. Алдағы уақытта бұл бағыт­тағы жұмыс сараптама түр­лерін көбей­т­іп, жобаға қатыс­тыры­латын аймақ­тардың санын ұлғайту арқылы жалғаса береді», деп атап өтті М.Бекетаев.

Әділет министрлігінің Жоғар­ғы сотпен бірге қолға алған тағы бір қанатқақты жобасы жеке сот сарапшыларының азаматтық істер бойынша бастапқы сот-құрылыс, тауартану және экономикалық сараптамаларды тағайындауына қатысты. Қазіргі таңда бұл бір­лескен жоба Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының сот сараптамасы институттарында жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама жеке сарапшыларды тарту арқылы сот ісін жүргізу процесіне қатысушыларға жеке сарапшылар институтының кәсі­би қабілеттілігін көрсетуге мүм­кіндік береді. «Бір жағынан бұл жоба сот-сараптама саласында бәсекелестік ортаны қалып­тасты­рады», дейді министр.

Ол брифинг барысында сот дәрігерлерінің еңбекақылары 45 пайызға өскенін де айтып өтті. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен жыл сайын 500 млн теңгеге жуық қаражат бөлінеді екен. Бұл жөнінде:

«Қазіргі таңда Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасына сәйкес ме­ди­цина қызметкерлеріне еңбек­ақы төлеуді ұлғайту мақсатында дәрігерлердің жалақысын 2023 жыл­ға қарай 2,5 есеге дейін ұл­ғай­ту мәселесі пысықталуда. Қыз­меткерлердің жұмыс қорытын­дыларын факторлық-балдық шкала бойынша бағалау жүйесі енгізілді», деп хабарлады министр. Еңбек­ақыны кезең-кезеңімен арттыру сот сараптамасы органдарының 1166 медицина қызметкеріне қатысты болады.

Марат Бекетаев сот сарап­та­­ма­­лары органдарының ма­те­­риал-

дық-техникалық базасын за­ман талабына сай жаңарту мәсе­ле­сін де сөз етті. Министрдің мәлім­деуін­ше, бү­­гінде бұл саланың тех­ни­­ка­лық құ­­рал-жабдықтары 70 па­йызғ­а жа­ңа­ланған. Уақыт талабына сай қыз­меттерді техникалық және тех­­­нологиялық жағынан то­лық қам­та­ма­сыз етілген заманауи ғима­рат­­тар­да орналастыру мәселесін шешу де күн тәртібінен түскен емес.

«Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Сот са­рап­­тамалары институтының үлгі­лік ғимаратының құрылысы жүр­гі­зілуде. Өткен жылы Аты­рау қаласында облыс әкімі жаңа ғи­марат салып, Әділет министр­лігін­е сот сараптаманың орнын ауыс­тыру үшін өтініш берді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жал­ғасады. 2021-2025 жылдары рес­пуб­ликаның тағы 6 өңірінде: Шым­кент қаласы, Қарағанды, Жам­был, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында ғима­раттар салу жоспарда бар», деп хабарлады М.Бекетаев.

Бұдан басқа, саланы реформалау ая­сында цифрландыру және ав­­то­м­аттандыру жұмыстары қар­­қын­­ды жүргізілуде. Бүгінде Е-Saraptama ақпараттық жүйесі толық­тай әзірленіп, оны «Төре­лік», «Е-қылмыстық іс» және «Е-ли­цензиялау» ақпараттық жүйе­ле­рі­мен шоғырландыру жұмысы жүр­гізі­лу үстінде. Аталған жүйені осы жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Бәсекеге қабілетті сот-сарап­тама мамандарын даярлау – бас­ты басымдық болып қалаты­нын жеткізген министр Дүниежүзі­лік банкпен бірлесіп жүргізіл­ген «Қазақстан Республикасында сот сараптамасын күшейту» жобасы аясында 200-ден астам сарапшының Ресей, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Польша, Түркияда біліктіліктерін арттырғанын айтып өтті. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы аясында 55 сот сарапшысы Ұлыбританияда тағылымдамадан өтсе, 16-сы әлі де оқуын жалғастыруда.

«Сарапшы кадрларды даяр­лау­дың қазақстандық мектебі қалыптасып келеді. Ол үшін сот сараптамасы орталығында оқу орталығы жасақталып, оның негізгі функциясы мемлекеттік және жеке сот сарапшыларын және сот-сараптама қызметімен айналысқысы келетін адамдарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру болып табылады. Оқу орталығының базасында сот сарапшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ шетелден келген сарапшылар білімін жетілдіре алады», деп атап өтті ведомство басшысы.

Ел тәуелсіздігінің отыз жылы ішінде сот сараптамасы жүйе­сін реформалауға маңызды қадам­дар жасалғанын атап өткен ми­нистр брифингте бірыңғай қыз­мет – республикалық сарапшы­лар палатасы құрылғанын да айтты. Осы саланы дамыту бойын­ша қабылданып жатқан іс-шара­лар сот-сараптама жүйесінің тәуел­сіздігін қамтамасыз етіп, тиімділігі мен нәтижелілігін арт­тыруға ықпал етері анық.