Коронавирус • 30 Наурыз, 2021

Індетті жеңудің тиімді тәсілі

245 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігінің 29 наурыздағы мәліметі бойынша, 23 797 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 8 102 пациент стационарда, 15 695 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Сонымен қатар 351 адамның жағдайы ауыр, 79 пациенттің жағдайы өте ауыр, 43 науқас ӨЖТ аппаратында жатыр.

Індетті жеңудің тиімді тәсілі

Қазақстанда коронавирус­тың таралуына жол бермеу жө­нін­­дегі ведомствоаралық комис­­сия ел аймақтарындағы эпиде­миялық жағдайды бағалау матрицасын жариялады. 2021 жылдың 29 наурызындағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау және Батыс Қазақстан облы­стары «қызыл аймақта» тұр. «Сары аймақта» Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары орналас­қан. Қалған барлық өңір – «жасыл аймақта».

Алматыда коронавирустың «оңтүс­тікафрикалық» және «бри­таниялық» штамдары тіркелуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихаты барысында Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төр­аға­сының орынбасары Айнагүл Қуатбаева мәлімдеді.

«Әлемдегі эпидемиялық ахуалға шолу жасап қарасақ, соң­ғы 15 күннің ішінде жағдай­дың тұрақсыздығы байқалады. Бүгінде 127 млн-нан астам вирус жұқтыру жағдайы тіркелген бол­са, оның 2 млн-нан астамы қайтыс болған. Қазақстанда коронавирус инфекциясының циркуляциясын және қауіп-қатер тобының арасында қан­дай қатер барын анықтау мақ­сатында зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп келеді. Биыл елімізде эксп­ресс-ПТР скрининг әдісте­месі енгізілген. Осы зерттеу нә­ти­желерінің былтырғы және биыл­­ғы наурыз айындағы жағ­да­йын ескерер болсақ, әлем ел­­дерінде анықталып жатқан коро­­навирустың «британиялық», «бразилиялық» және «оңтүс­тікаф­рикалық» штамдары анық­талмаған болатын. Алайда соңғы мәліметтерге сүйенсек, Алматыдағы науқастар арасында «оңтүстікафрикалық» және «британиялық» штамдар анық­талған», деді А.Қуатбаева.

Ол науқастан штамдар анық­талса да, анықталмаса да азамат­тар қарапайым сақтық шараларын естен шығармағаны жөн екенін еске салды. Оның айтуынша, коронавирусты жеңудегі ең тиімді әдіс – вакцина.

«Бүгінде әлемнің бірқатар елінде коронавирусқа қарсы вакциналау шаралары жүргізіліп жатыр. Қазақстанда вакцинаның бірін­ші компонентімен қам­тыл­ған азаматтар саны 122 701-ге жетсе, екінші компо­нентімен қам­тылғ­ан азаматтар саны 31 422-ге жеткен. Осы орайда Ресей­ден алынған Спутник V вакцина­сы ең тиімді әрі қауіпсіз вакцина­лардың қатарына жатады. Бұл вакцинаның тағы 150 мың дозасы әкелінеді деп күтілуде», деді ол.

Денсаулық сақтау министр­лігі Қоғамдық денсау­лық сақ­тау ұлттық орталығы­ның «Са­нитариялық-эпиде­мио­­ло­гиялық сараптама және мони­­торинг ғылыми-практи­калық орталығы» филиалы дирек­торының м.а. Манар Смағұл «британиялық штамда» өлім-жітім қаупі жоға­ры екенін айтты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша 2021 жылғы 26 наурыз­дағы SARS-CoV-2 вирусының «британиялық штамы» әлемнің 125 елінде, «оңтүстікафрикалық штамм» 75 елінде, «бразилия­лық штамм» 41 елінде анықтал­ды. Яғни бір апта ішінде «брита­ния­лық штамм» әлемнің тағы 7 елінде анықталды. Вирустың мутация ықтималдығы адамдар­дың жұқтыру жиілігінің жоғары­лауымен артады.

– Коронавирустың жаңа штам­дары мен бастапқы штам­ның белгілері бірдей, яғни вирустың бұл түрін жұқтырғанда да қызба, жөтел және дәм мен иіс сезу мүмкіндігі жоғалады. Ұлыбритания мамандарының айтуынша, коронавирустың жаңа «британиялық штамы» жөтел, қатты шаршау, бұлшықеттегі әлсіздік сияқты белгілермен сипатталады, бірақ иіс сезу аз байқалады, – деді Манар Смағұл.

Манар Асырқызының айтуынша, ДДҰ мәліметтеріне сәйкес жаңа штамдар бұрын­ғыға қарағанда 41%-ға жоғары репродуктивті болып келеді. Яғни вирустың бұл түрінде адам­дарға барынша вирус жұқтыру қабілеті, сондай-ақ «басқа айна­лым­дағы штамдарды тез алмас­тыру қабілеті» жоғары екені бай­қалған. «Британиялық штамда» ауруханаға жатқызу, ауыр ағым және өлім-жітім қаупі жоға­ры екені анықталып отыр.

«Сол себепті вирустың таралуына тосқауыл қою үшін қажетті шаралардың барлығын қолдану керек. Оның ішінде вакци­налау да бар. Бүгінде респуб­­ликада COVID-19-ға қарсы вакци­налау қолжетімді. Денсау­лық сақтау министрлігінің мәліме­тінше, бірінші сәуірден бастап вакци­на­лауға жататын контингент көбейеді. Өйткені айдың басында қосымша 150 мың доза және бір айдың ішінде шамамен 1 млн доза жеткізу жоспарлануда», деді ол.

Айта кететін жайт, елімізде өткен тәулікте 788 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. Жалпы жазылғандар саны – 217 168.