Оның өзінде «бесқонағы», «отамалысы» бар... Әлі қайда, ауылдағы ағайын от жағып, пеш түбінде отыр. Ал семейлік тұрғындар жылуға тағы жарымады. Жылу қазандығының құрылысы басталмай, көпшіліктің көтерген бұл мәселесі, әй, шешіле қоймас...
Естеріңізде шығар, 2015 жылы Семейдің жылу жүйесін жөндеу үшін мемлекеттің қазынасынан бақандай 35 млрд теңге бөлінген еді. Аз қаржы емес. Алайда мәселе түбегейлі оңалмады. Биыл қосымша 5 млрд теңге бөлу көзделген. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, Семейдегі 17 қазандық толығымен жаңартылмай, көп қабатты тұрғын үйлерге жылу жөнді тарамайды, ал мұржалардан шығатын зиянды қалдықтардың мөлшері арта береді.
– Қазандықтарды жөндеу мақсатында қаржы бөлінгенімен, мәселе сол күйінде қалып отыр. Бәрі қаусап біткен. Тозып тұр. Ал оның шешімі баяғыдан белгілі: қаланың оң жағалауына іргетасынан бастап заманауи жылу қазандығын көтеру қажет. Бұл ұсақ-түйек қазандықтардың жұмысын бір өзі-ақ атқаратындай болуы тиіс, – дейді қоғамдық кеңестің мүшесі Николай Исаев.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, 1980 жылдары жылу электр стансасының құрылысы басталғанымен, аяқсыз қалған. Жалпы, жылу стансасын салу жоспары бертінгі жылдары да қарастырылған. Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін билік өкілдері инвестор іздестіріп, Энергетика министрлігі түркиялық компаниямен келісімшарт жасасқан екен. Алайда белгісіз себептерге байланысты облыс басшылығы одан бас тартқан көрінеді. Не себепті екенін ешкім түсіндірген жоқ. Әйтеуір, Семейдің жылуын жылда жыр етіп келеміз.
– Көктем келгенімен, үй салқын. Қыстың аязына да шыдадық қой, шыдаймыз. Газет-журналға жазғанмен, үй жылына қояды дейсің бе?! Қабат-қабат киініп отыра береміз, – дейді Т.Рысқұлов көшесіндегі №87 үйдің тұрғыны Мәриям Қызырбекқызы.
Сондай-ақ ол жылуға жарымаса да, аз-маз зейнетақыларының коммуналдық төлемге кететінін көлденең тартып отыр.
Тұрғындардың сөзіне қарасақ, көбі жылу жүйесінің қалпына келтірілуінен үміт үзгенге ұқсайды. Алайда облыс әкімі Даниал Ахметов жылу жүйесіндегі мәселе түбегейлі шешілетінін айтып сендірген. Жуықта Семейге жұмыс сапарымен барған өңір басшысы «Жылукоммунэнерго» МКК-ге тиесілі «Ғаббасов», «Орталық» және «103-103А» қазандықтарына арнайы ат басын бұрған. Ондаған жылдан бері оң шешімін таппай келе жатқан мәселенің мән-жайын көріп қайтқан әкім тиісті мекемелерге қысқа мерзімде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырыпты. Соған сәйкес «Орталық» жылу қазандығына қосымша тағы бір қазандықтың құрылысы басталатынын айтқан.
Әйтпесе Семейдегі қазандықтардың бөлген жылуынан айыппұлға бөлген қаржысы көп болып тұр. Мәселен, зиянды қалдықтарды мөлшерден 30 есе көп шығарғаны үшін Экология министрлігі 40 млн теңгенің айыппұлын салған. Зиянды шығарындылар көмірді көп жаққандықтан емес, техникалық ақауларға байланысты дұрыс жанбағандықтан ауаға тараған.
– Жылу қазандығының мәселесі жаңа үйлердің құрылысына да кедергісін келтіруде. Негізінен, 2014 жылы қазандықтың жобалық-сметалық құжаты әзір болуы тиіс еді. Енді әбден жауыр болған бұл мәселені созбай шешу керек. Біле білсек, 2013 жылы Семейге жұмыс сапарымен келген Елбасы да тапсырып кеткен. Одан бері он жылға жуық уақыт өтті, – деді Семей қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Смағұлов.
Не де болса, облыс әкімі Даниал Ахметов қаладағы қазандықтардың мәселесі біржола шешілетінін тілге тиек етті. Бірақ жобаның жүзеге асу уақыты тағы белгісіз. Биыл қыстан әупірімдеп шыққан біраз тұрғын келер қыста да дірдектеп отырмаса игі.