Аймақтар • 30 Наурыз, 2021

Курортты өңірдің көркейген келбеті

282 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Курортты өлке қарбалас шақта. Жазғы маусымға дайындық қауырт жүріп жатыр.

Курортты өңірдің көркейген келбеті

Өткен жылы жалпы құны 4587,5 млн теңге болатын 15 жоба жүзеге асырылып, 325 жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында табысты сала жан-жақты дамып келеді.

Үзіліп түскен моншақтай әсем, көгілдір көлдер мен ақ қайыңдар көмкерген, ауасы дертке дауа, жан­­ға шипа өңірдегі туризм саласы жаңаша қарқынмен ілгерілеуде. Соңғы жиырма жыл ішінде саяхатшылар саны әуел бастағы жүз мыңнан бір миллионға дейін өсіп отыр. Демек саладағы салмақты істерді айғақтай түсетін көрсеткіш.

Табиғаты тамылжыған Бура­бай өңірінің тоқымдай тілімі еселеп табыс табатын құнарлы өлке. Оған көрген жанның көзін арбайтын көркем табиғаты себеп. Егер алыс-жақын шет елдерден, өз еліміздің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларға жақсы жағдай туғы­­­зып, инфрақұрылымды заман талабына сай жақсартсақ, толайым табыс тіпті еселене түсері анық.

2010 жылы қабылданған «Щу­чинск-Бурабай курортты аймағын дамыту» бағдарламасы өңі жақсы жағынан өзгерген өңірдің ғана емес, тұтастай туризм саласының қарқынды дамуына игі ықпалын тигізіп отыр. Бұрынғы барды же­тілдіріп, талғампаз, кірпияз келу­шілердің көңілінен шығу да оңай шаруа емес. Ең алдымен, атағы алысқа кеткен шетелдік шипа­жайлардан кем болмауы тиісті. Бүгінгі күні ел көріп, жер таныған саяхатшылардың ай­туына қарағанда, жергілікті жер­дегі қызмет сапасы әлемнің әр қиы­рындағы кез келген озық үл­гідегі шипажайлардан мыс­қал­дай кем түспейді. Мұның бар­­лығы жоғарыда айтылған бағ­дар­ламаның септігі. Туризмді тү­летуге бағытталған мұндай ке­шен­ді жоспар елімізде бұрын-соңды болған емес. Соңғы он жыл ішінде 60 млрд теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. Осындай оң сипаттағы өзгерістің арқасында көркем табиғаттың қойнауында алаңсыз демалуға асығатындар да көбейе түсті.

Енді бір сәт табыс сырын тал­дап көрелік. Өзгесін былай қой­ғанда, Бурабай баурайы бүгінгі күні адам танымастай өзгерген. Табиғаты қандай әсем болса, демалыс орындары да өркениетті елдің ең жақсы архитектуралық сымбатына сай. Аквапарк жа­нындағы спорттық-сауықтыру кешеніне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл іске жұмсалған қаржы 500 млн теңгені құрайды. «Інжу» отелінің маңында үш бір­дей бассейннің құрылысы қауырт жүргізілуде. Әр жобаның құны 100 млн теңгеден астам. «Береке-Бурабай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты құны 160 млн теңге тұратын сау­да-ойын-сауық орталығы салы­нуда. Атағы алысқа кеткен «Щу­чинск» санаторийіне 37 млн тең­­геге жөндеу жұмыстары жүр­гі­зілді. Бурабай баурайында бол­ған шипалы ауасын жұтып, саумал көліне түскен адамдар жақсы білетін «Жекебатыр» санаторийі қыруар қаржыға құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай етіп жаңғыртылып, жұтындырылып қойылды. Көркем табиғаттың ке­лісті көрінісін көз алдыңа әке­летін, тамсана көруге, айдай ажарын жа­нарыңмен аймалап, сүйсінуге толық мүмкіндік беретін айналмалы шығыршық орнатылды.

Демалыс және туризм саласы жалғыз Бурабай баурайын­да ғана емес, облыстың өзге өңір­лерінде де жаңа заманның талабына толық жауап беретін жо­ғары сапалы деңгейде. Мәселен, Ақ­көл ауданында жасанды су көзі салынып, тәп-тәуір демалыс аймағына айналды. «Коновалов» жеке кәсіпкерлігі бұл жобаға 7,2 млн теңге қаражатын бөліп, келген қонақтарға да, жергілікті жұртқа да жап-жақсы жағдай туғызды. Қияндағы Астрахан ауданында да туризмнің тамырына қан жүгіруде. Бұл өңірде жол бойындағы қыз­мет көрсету нысандары бой көте­ріп, өкпек жолаушыға қол қу­­сырып, қызмет көрсетуде. Ежел­гі Ерейменнің бауыры да туризм саласына жеткілікті көңіл бөліп отыр. «Горное» аңшылық шаруашылығының базасында ашылған «Бүркіт» демалыс орны таза ауада атқа мініп, әр төбесі, әр белесі өткен шақтың тылсым тарихын бауырына басып жатқан өңірді асықпай аралап, қасиетіне қанығуға мүмкіндік береді. Әрі бұл жерде көңілің түсіп, ықыласың соқса құс салып, ит жүгіртуге то­лық жағдай бар.

Зерлі Зерендінің табиғи мүм­кіндігі Бурабайдан кем түспесе керек. Күміс көл, көкорай шалғын, ит тұмсығы өтпейтін қарағайлы қалың орман кенепке түскен шебер суретшінің туындысы іспетті. «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді бөлімшесі құны 20 млн теңге тұратын, «Ви­зит центр» деп аталатын екі қа­батты ғимараттың құрылысын жүр­­­гізуде. Бұл аймақта жанға жай­лы жаз түгіл, қытымыр қыста да келімді-кетімді кісінің көңілін та­батын барлық жай бар. Мәселен, жыл сайын мүмкіндігін еселеп арт­тырып келе жатқан «Elikti Park» тау шаңғысы кешені. Ел құла­ғын елең еткізген сәтті жоба мол тәжірибе жинақтап, қызмет аясын да кеңейтіп келеді. Қазір мұнда балалар алаңдары, ересектер мен балаларға арналған бассейндер, басқа да қажетті нысандар салынуда. Отбасымен келіп, алаңсыз демалуға толық мүмкіндік бар.

Туризм табысты сала болуымен қатар, жергілікті жұрттың қажетін ашып, жаңадан жұмыс орын­дарын түзуде. Мәселен, аяқ­талуға шақ қалған, жалпы құны 40463 млн теңгені құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асырылған кезде 1500 жұмыс орны пайда болады.

2020 жылы туризм саласын дамытуға ауыз толтырып ай­туға әбден лайықты инвестиция құйылды. «Бизнестің жол кар­тасы-2025» бағдарламасы шеңбе­рінде 391,4 млн теңге қаражат игерілді. Бағдарламаның үшінші кезеңіне сәйкес жалпы құны 61,4 млрд теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылды.

Бұрын үнемі сынға ілігіп жататын Бурабай поселкесі де көп-көрім көрікке ие болды. Бұл арада 386 млн теңгеге елді мекен ішінде суағар салынғандығын, ендігі арада бұрынғысынша көктемде және жазғы жауын-шашында батпаққа батып жатпайтынын айта кетсек те болар. Щучинск қаласының орамішілік су құбырлары 1 млрд теңгеге жаңғыртылды. Сонымен қатар экологияға да назар аударылуда. Жаңа құрылыстардың бұ­рынғы су жолдарын жауып қал­мауы қатаң қадағалауға алынған.

–2000-2001 жылдары келімді-кетімді туристерге көрсетілетін қызмет көлемі көңіл көншітпейтін. Түскен табыс 300-350 млн теңге ша­ма­сында болды, – дейді облыс­тық туризм және демалыс индус­триясы қауымдастығының төр­ағасы Шынарбек Батырханов, – қазір 6 млрд теңгеден асады. Бурабайдан бөлек Зеренді айма­ғында және Нұр-Сұлтан қала­сының маңында шипажайлар мен қонақ үйлер жыл өткен сайын көбейіп келеді. Тұтастай алғанда өңірде бүгінгі таңда 300-ден астам туристік нысан жұмыс істейді. Ел тәуел­сіздік алған жылдары небәрі қырыққа жуық демалыс орны бар еді.

Енді бір ауыз сөз қызмет түр­лерінің жергілікті ұлт тілінде көр­сетуі төңірегінде. Негізінде Бу­ра­байға ат басын бұрған турис­тердің көбі саяхаттың жергілікті ұлт тілінде жүргізілгенін қалайды.

– Біздің фирмада мұндай мамандар мүлде жоқ, – дейді «Круиз» туристік фирмасының өкілі Зада Ташенова, – бәрі маған келеді. Бала жасымнан құла­ғыма сіңген, «Қызқұлаған», «Тасшалқар», «Күйеуағаш», «Көк­тал» деген ай­рықша әсем жер­лерге байланыс­ты ұлағаты мол аңыздарды жадына тоқып өскендігім кәдеге жарап қалды. Оның үстіне Оқжетпес пен Жұм­бақтасқа қатысты жұрт жадында жатталған қаншама аңыз бар. Әдемі де айшықты, тәлімді де тағылымды, тыңдаған жанның жан-дүниесін баурап, көңілін арбап тұрады. Абылай алаңы туралы сөз сабақтасаңыз, таңды таңға ұластырып айтуға болады. Көркем табиғаттың аясындағы өсім­діктерді, аң-құстарды да кес­телеп жеткізсеңіз, келісті емес пе?!