Тарих • 30 Наурыз, 2021

Ұмытуға болмайтын қасірет

815 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

1921-1922 және 1931-1933 жылдар – қазақтың, тіпті адамзат тарихында бұрын-соңды естіп, білмеген қасіретке толы, қайғылы, зұлматты уақыт.

Ұмытуға болмайтын қасірет

Қазақ тарихында «Ұлы жұт» атауымен қалған 1920-30 жылдары аштықтың экономикалық және демографиялық зардаптарының өте ауырлығы әлі күнге дейін сезіледі. Сол кездегі қазақ зиялыларының мәліметтері бойынша, аштық апаты Алтайдан Маңғыстауға дейінгі қазақ даласын түгел қамтыған. Бұл жылдары дәстүрлі мал шаруашылығы күйзеліске ұшырады, бірден-бір тіршілік көзінен айрылған қазаққа біржолата жойылу қаупі төнді.

Қазақстанда ашаршылыққа қатысты толыққанды зерттелмеген мәселе – аштық құрбандарының нақты санына қатысты. Ғалымдардың әрқайсысы аштықтан өлгендерге қатысты әртүрлі мәлімет келтіреді. КСРО аумағында болған басқа да жаппай ашаршылық оқиғалары секілді, Қазақстандағы құр­бандар санына қатысты да дау бар.

Олжас Сүлейменов 2016 жылы 27 мамырда Баянауыл аудандық «Баянтау» газетіне берген сұхбатында мына дерек­терді келтірген: «Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған кітапты тауып оқығанмын. «Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность Советского Союза – 6 млн 200 тыс человек» деген тұсын көшіріп те алған­мын. Ал 1939 жылы сол 6 млн-нан астам қазақтан 2 млн адам ғана қалған. Мұндай қорлыққа тек қой мінезді жуас халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінезді халық емес пе едік?!».

Патшалық Ресейдің 1897 жылғы жүргізген санағына сенсек, сол кезде қазақ халқының саны 4 миллионнан асыпты. Сол санаққа сүйенген М.Тынышбаев былай деп жазады: «Біздің есептеулерге сәйкес қазақтар

4 091 746 адам. Ресей империясындағы түркі халықтарының 30,08%-ын құрады. Татарлар – 2 262 074, әзербайжандар –

1 475 553, башқұрттар – 1 321 363, сарттар – 968 655, чуваш­тар – 843 755, өзбектер – 726 534, тү­ріктер – 649 234, түрікмендер – 281 357, сахалар – 227 384, қырғыздар – 201 682, тептари (башқұрт-татар этно то­бы) – 117 734, қарақалпақтар – 104 274, құмықтар – 83 408, ноғайлар – 64 080, ұйғыр­лар – 56 469, мещеряктар – 53 847, қарақалпақтар (әзербайжан этно тобы) – 29 902, қарашайлар – 27 223, қашқарлықтар – 14 938. Қазақтардың 96,26% атамекендерінде өмір сүрді. Ресейде халықтың 6,45%-ын құрайтын 264 059 қазақ болды. Империяның 123 өлкесінде қазақтар тұрды».

Сарапшылар ХХ ғасыр басындағы аштықты үш кезеңге бөледі:

1916-1918 жылдар аралығындағы бірінші аштыққа Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Азаматтық соғыстың бас­талуы, мал-мүліктерді тәркілеу мен пат­шалық биліктің жіберген жазалаушы армиясының басқыншылығы, індет пен қатты суық және құрғақшылық себеп болған. 1917-1920 жылдар аралығында халық саны 6 218 300 адамнан 4 679 795 адамға кеміген. 1921 жылғы аштықтан 1 миллион 700 мың адам көз жұмса, 1931-1934 жылдар аралығындағы ұлы нәубетте 2 миллион 300 мың адамнан айрылыппыз. Осылайша, айналасы он шақты жылда 4 миллион қазақ ішерге тамақ таппай қырылды және шет елдерге босып кетті. Кешегі Жұбан ақынның «мың өліп, мың тірілген қазақ» дейтін жөні бар. Ұлт тарихын парақтасақ, патшалық Ресейге бағынғалы да, кеңестік шекпенді жамылғалы да көргеніміз қорлық пен зорлық екен. Большевиктер бірінші қолдан аштық жасады, осылайша ұлттық буржуазияны әлсіретті, «ноқтаға басы сыймайтын» ерлердің мойнына тұзақ салды. Әбіш Кекілбайдың «Аңыздың ақыры» шығармасындағы әмірші секілді көзіне тіке қарағанның көзін жойды, басын алды.

Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа шаруалардың мүлкін тәркілеу мен жекеменшігін жоюға, көшпелі және жартылай көш­пелі қазақ шаруаларын тіршілік кө­зінен айырып, жаппай және күш­пен отырықшыландыруға, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін толықтай орталыққа тасып әкетуге, еш негізсіз және қасақана салықтарды салуға бағытталды. 1932 жылы РСФСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет істеген Т.Рысқұлов Сталинге бірнеше мәрте: «...Балқаш ауданындағы (жергілікті ОГПУ деректері бойынша) 60 мың адамның 12 мыңы көшіп кетсе, 30 мың адам өлген. ...1932 жылдың мамырында Қарқаралы ауданында 50,4 мың адам болса, ал қарашада 15,9 мың адам қалғанын» мәлімдеген. 1932 жылы тамызда Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Ораз Исаев И.В.Сталинге: «1929 жылмен салыстырғанда, бірқатар қазақ қоныс­танған өңірлердегі халықтың жартысы жоқ. Өңірдегі шаруашылықтырдың мөлшері 1931 жылға салыстырғанда 23-25%-ға төмендеген», деп жазған.

1992 жылы осы мәселені арнайы зерт­теген Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Кеңесі төралқасының комиссиясы өзінің қорытындысында былай деп жазды: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамнан, яғни барлық халқының 48%-нан айырылды». Ашаршылықтан Қазақстанда қазақтардың үштен бірі ғана қалды. Қа­зақтардың сан жағынан өсуі қатты тежелді.

Ресейлік ғалым, демограф Сергей Максудов «1932-1939 жылдардағы КСРО-дағы көші-қон» еңбегінде Қазақ­станда 1,45 миллион қазақ пен бас­қа да этностық топтардың 100 000 өкілі қаза тапқан деп жазады. Ал Р.В.Дэвис, Стивен Уайткрофт сынды ғалымдар «Аштық жылдары. КСРО-ның ауыл шаруашылығы, 1931-1933 жж.» кітабында Қазақстанда 1,3 миллионнан 1,5 миллион адамға дейін қайтыс болған деп жазған.

1990 жылы Қазақстанға келіп-кеткен америкалық зерттеуші Марта Брилл Олкотт «Қазақтар» деген кітабында 1,5 миллион қазақтың қайтыс болғанын келтірген.

Кезінде жазушы Смағұл Елубай: «Тарихқа көңіл бөлмей отырмыз, ұмы­тып кеттік деп айта алмаймыз. Бірақ соған қарамастан, біз қазақ тарихындағы үлкен саяси апатқа күні бүгінге дейін лайықты баға бере алмай келе жатырмыз. Бұған, біріншіден, құжаттардың толық ашылмауы, екіншіден, Компартияның тарих алдында ешқашан ақталмайтын қылмысын мықтап жасыруы себепкер болды. Ең бір сорақысы, аштық кезінде большевиктер адам шығынын емес, мал шығынын санаған. Яғни қырылып жатқан адамның есебі жүргізілмеген», дейді.

Тарихшы, профессор Қайдар Ал­да­жұманов журналистермен кездескен кезде Қазақстан, Мәскеу архив­терінің «құпия» грифі алынған мұра­ғаттық істерінен 1921-22 жылғы ашар­шылықтың статистикасын арнайы қарағанын, бұл аштықтың 1930 жыл­ғыдан елеулі айыр­машылығы бар екенін айтты. 1921 жыл­дың жазында Лениннің өзі «Бұрынғы Ресей империясының орнына келген жаңа Кеңес мемлекеті осындай қиындыққа душар болып отыр, сондықтан біз әлемдік қоғамдастықтан жәрдем сұраймыз» деп, үндеу жариялайды. Сөйтіп, Америкалық көмек қоры (ARA – American Relief Administration), Нансен қоры, Ұлы­бри­таниядағы Квакерлер қоғамы сияқ­ты халықаралық ұйымдар аштық жай­лаған КСРО-ға көмек көрсетіп, азық-түлік жіберген. Архивте шетелден келген көмектің мөлшеріне дейін бар. Тарихшы айтқан пікірлерге ден қойсақ, 1931-1933 жылдары Қазақстанда ха­лықтың аштан қырылып жатқанын шетел білген жоқ. «Мәскеудегі архив қорларындағы халықаралық Қызыл Крест, Қызыл Жарты Ай қайырымдылық қоғамдарының қызметі туралы архивтік істерде Қазақ­стан туралы бірде-бір сөз жоқ. Тек Украи­­наның батысында, Ресейде адамдар аштан қырылып жат­қаны және олар­ға аталған қоғамдар тарапынан кө­мек көрсетілгені туралы деректер бар. Жалпы, Қазақстандағы 1930-жылдардағы аштықты зерт­теу ке­ңестік тарих ғы­лымында жа­бық тақырып болды. Жағдай тек 80-жылдардың соңына қарай өзгерді. Демо­кратиялық күштердің ықпалымен бұрынғы ақ­таңдақтар, жабық мәселелер туралы айтуға мүмкіндік туды», дейді тарихшы.

1934 жылы У.Х.Чамберлен (Cham­berlin, William Henry), 1936 жылы Аман­да Эвальд (Ammende, Ewald), 1964 жылы Далримпл Дана (Dalrymple, Dana) Кеңес Одағындағы ашаршылық та­қырыбын академиялық деңгейде кө­терді. Америкалық сарапшы Марта Брилл Олкотт (Martha Brill Olcott) «Коллек­тивизация в Казахстане» атты еңбегінде: «кеңестанушы үшін ең үлкен проблема – 1930-жылдардағы оқиғаларды түсіну және дұрыс түсіндіру» екендігіне назар аударады.

Ақын Олжас Сүлейменов бізбен әңгімесінде ХХ ғасыр оқиғаларына обьек­тивтивті-ғылыми талдау қажет еке­нін айтты. «1932-1933 жылдардағы аш­тықты болдырмауға болар ма еді? Әрине, аштық – Сталин саясатының зардабы. Бірақ қазақ халқы бастан кешкен трагедияның негізгі себебі күні бүгінге дейін нақты ашып айтылған жоқ, белгісіз. Себеп, қазақ ХХ ғасырға ай­мақтағы көршілерімен салыстырғанда бірнеше жүз жылға кешігіп жетті» дейді О.Сүлейменов.

Өзбек халқы дәл қазақтай қынадай қырылған жоқ. Жоғарыда біз атап өткен энциклопедия олардың сол кездегі жалпы саны 4 млн болғанын айтады. «Мұндай деректер колониализм мен коммунизмнің зардаптарын салмақпен талқылауды ғана емес, сабақ ала білуді, Абайдың «Қара сөздеріне» ХХI ғасыр көзімен қайта қарауды талап етеді. Бұл қазір басымыздан өтіп жатқан урбанизация үрдісін өз деңгейінде бағалай білуге көмектеседі. Қазір ұзаққа созылған көш­пелі өмір енді ғана аяқталып келе жатқанға ұқсайды. Жаңа кезеңнің та­балдырығында тұрған кезде қайда кетіп бара жатқанымызды айқынырақ көру үшін ғылыми және қоғами дәрежеде түйсік керек», дейді Олжас Сүлейменов.

Бүгінде түрлі пікір-таластардан бай­қа­ғанымыз, даудың көбі аштыққа кім кінәлі, бұл ұлтқа қарсы қасақана жа­салған қылмыс па, әлде қылмыс емес пе деген мәселелермен тұйықталып жүр. Батыс елдері тарихшыларының да пікірі біржақты.

«Германия тарихшысы Роберт Киндлер «Сталинские кочевники» деген еңбек жазды. Олар үшін Сталин – сынауға ыңғайлы объект. «Сталин – жауыз. Бәріне кінәлі сол». Иә, солай екені рас, бірақ бұл ішкі фактор ғана. Алайда бұдан басқа сыртқы – экономикалық, саяси факторлар бар емес пе? Егер Америка, Франция, Ұлыбритания сол кезде КСРО-мен қалыпты экономикалық-саяси қарым-қатынас жүргізсе, Қазақстандағы трагедия болмас та еді. Тіпті болған күннің өзінде мұндай ауқымда емес, аз көлемде болар еді. Әлі күнге дейін Батыс елдері үшін бұрынғы Ресей империясы, одан кейін Кеңес мемлекеті мәңгі бәсекелес, соларды қалайда тұқырту, кінәлі көрсету олар үшін маңызды», дейді Қайдар Алдажұманов.

ХХ ғасыр басындағы нәубеттің себеп-салдарын терең, жүйелі әрі жан-жақты зерттейтін кезеңде тұрмыз. Аштыққа оны ұлттық шеңберде ғана емес, кеңестік әрі әлемдік кеңістікте, бірнеше саланың басын біріктіре отырып зерттегенде ғана дұрыс баға беріледі. Ашыл­маған дерек аз емес. Кремль архивіндегі деректер көп сырды бүгіп жатыр.