Қоғам • 31 Наурыз, 2021

Карантин әлсіресе, коронавирус күшейеді

226 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі коронавирус инфекциясының таралу жағдайына қатысты пікір білдірді.

Карантин әлсіресе, коронавирус күшейеді

«Қазақстан Республикасында 30 нау­рыз­да­ғы жағдай бойынша 243 318 науқастан Covid-19 анықталды және 50 433 адамға КВИ- (минус) диагнозы қойылды. 218 031 адам КВИ+ және 47 837 азамат КВИ- (минустан) жазылып шықты. Соңғы 2 ап­тада Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қа­лаларында, Ақтөбе, Алматы облыстарында науқас саны артып, жалпы КВИ жұқ­тыр­ған­дар 1,5 есе өсті», деді министр.

Оның айтуынша, жалпы індет жұқ­ты­рудың 56 пайызы Алматы қаласы тұр­ғын­да­рына тиесілі. Қалада ақпанда тәулігіне 100 жағдай, наурызда тәулігіне 500 жағдай тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай, наурызда тәулігіне 350 жағдайға жетті.

«Нақтырақ айтсақ, 4 өңір қауіпті аймақта (қызыл аймақта) тұр. Бұлар – Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары. 3 өңір (Ақтөбе, Ал­ма­ты және Қарағанды облыстары) – сары ай­мақта. Қалған 10 өңір – жасыл аймақта. Эпи­де­миялық жағдай нашарлаған «сары» және «қызыл аймаққа» ауысқан өңірлерде қосымша шектеу шаралары енгізілді», деді ол.

Сонымен қатар ол Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы жүргізген зерттеулердің қоры­тындысы бойынша Қазақстан Рес­пуб­ликасында «британдық», «оңтүстік афри­ка­лық», «бразилиялық» штамға тән ықтимал мутация анықталғанын алға тартты.

«Зерттеу қорытындысы бойынша Шы­ғыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Сол­түстік Қазақстан облысынан өзге өңір­­лер­де «британдық», «оңтүстік афри­ка­лық», «бразилиялық» штамға тән ықтимал му­тация анықталды. Алматы қаласында нау­қастардан алынған ДНК-ның секвенирлеу нәтижесі бойынша «британдық» және «оңтүстік африкалық» штамының айналымы белгіленген», деді А.Цой.

Оның сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 30 наурыздағы деректері бойынша «британдық штамм» – 125 елде, «оңтүстік африкалық» – 75 елде, ал «бразилиялық» – 41 елде анықталды. Коронавирустың жаңа штамдары мен алғашқы штамның белгілері бірдей – дене температурасы көтеріледі, жөтел және адам дәм мен иіс сезбей қалады. ДДҰ мәліметтері бойынша вирустың ықтимал мутациясы адамдардың індетті жұқтыру жиілігіне қарай артады.

«Жаңа вирус көп тараған елдердің тә­жі­ри­­бесіне қарасақ, әлеуметтік арақа­шық­тық сақтау нәтижесінде және денсаулық сақтау ұйымдарында инфек­ция­ның алдын алу және бақылау шараларын қолдану арқылы COVID-19 ауруы төмендеген», деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы КВИ-ге қарсы вакцинаны елде қанша адам сал­дыр­ға­нын айтты.

«Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жалғасуда. Бүгінде бірінші компонент 131 170 адамға егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентті егу басталды, 32 482 адам егілді, жағымсыз реакция тіркелген жоқ», деді министр.

Қазір өңірлерге КВИ-ге қарсы вакциналау 150 мың дозасы жеткізіліп жатыр.

«Бұдан басқа, сәуірде түрлі өндіру­ші­лерден қосымша 2,5 млн доза вакцина жеткізу жоспарланып отыр. Вакцинаның бұл көлемі КВИ-ге қарсы вакциналауға жататын контингентті және вакцина салдырғысы келетін адамдарға екпенің қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді. Вак­ци­налау вирустың таралуын азайтудың жал­ғыз жолы екенін еске саламыз. Осыған бай­ланысты қарсы көрсеткіштер болмаса, қазақстандықтарды екпе салдыруға шақы­ра­мын», деді А.Цой.

Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі күнгі таратқан мәліметі бойынша 24 180 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 8 130 пациент стационарда, 16 050 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында 364 адамның жағдайы ауыр, 76 пациенттің жағдайы өте ауыр, 46 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Сөз соңында А.Цой карантин шектеулерін жиі бұзатын өңірлерді де тілге тиек етті.

«Халық арасында вирустың қауіптілігіне сенбейтін адамдар бар, олар үйлену тойларын, банкеттерді жеке үйлер мен коттедждерде өткізуді жалғастырып келеді. Мониторинг топтарының енгізілген шектеу шаралары мен ескертулеріне қарамастан, санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтамай жұмыс істеп тұрған нысандарды анықтау жалғасуда», деді министр.

Оның айтуынша, наурызда шектеу іс-шараларын, карантин талаптарының сақ­тал­уын бақылау мақсатында 16 030 рейд жүр­гізілді.

«Осы орайда 102 966 нысан тексерілді, оның ішінде 2864 нысан әкімшілік шараларға қарамастан, белгіленген шектеу талаптарын, жұмыс режімін бұзуды жалғастырып келеді, яғни бұқаралық іс-шаралар өткізіп жатыр. 3021 әкімшілік іс қозғалды», деді А.Цой.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай нысандар Шығыс Қазақстан облысында, Алматы және Шымкент қалаларында жиі тіркеледі.

«Бүгінгі таңда елімізде карантиндік ша­ра­­ларды қасақана бұзған 512 адам анық­тал­ды. Өңірлер бойынша Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Жамбыл, Қостанай, Пав­лодар облыстары көш бастап тұр. 512 құ­қық бұзушының арасында 486-сы шағын бизнес өкілі, төртеуі орта кәсіпкерлік нысаны және 22 жеке тұлға бар», деп нақтылады ол.