Қоғам • 31 Наурыз, 2021

Айнұрдың «Алақайы» жеңімпаз атанды

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Кәсіпкер-ана» білім беру бағдарламасының қанатқақты маусымының қорытындысында «Алақай» жобасының жетекшісі, алматылық Айнұр Джерембаеваның 500 мың теңгенің грантын ұтып алды.

Айнұрдың «Алақайы» жеңімпаз атанды

Бірінші маусымға қатысу үшін еліміздің барлық өңірінен мүмкіндігі шектеулі бала­лар­дың аналары, көп балалы аналар шақырылған. Amway қа­йырымдылық қоры, ҚХА Кә­сіпкерлер қауымдастығы, «Ата­мекен» ҰКП және «Қазақстан кә­сіпкерлерінің форумы» қа­уым­дастығы ұйымдастырған жо­ба шартына сәйкес кәсіпкер ана­лар бизнес-идеяларын өздері қорғап шығуы қажет. «Кәсіпкер-ана» әйелдер кәсіпкерлігін дамы­ту жөніндегі білім беру бағдар­ла­масы кәмелетке толмаған балалары бар және декреттік демалыста отырған аналарға арналған. Оларға өз бизнесін бастау арқылы отбасына қамқорлық көрсету мен кәсіби тұлғалық дамуды қатар алып жүруді міндет еткен жобаға 500-ден астам өтініш түскен. Өті­ніш берушілер тігін және тамақ өндірісі, ересектер мен бала­ларға қосымша білім беру сала­сын­да­ғы жобаларды жүзеге асыруды мақсат етеді.

Жоба ірі қалалардың тұр­ғындарына ғана емес, шалғай елді мекендерде тұратын аналарға да тегін оқудан өтуге мүмкіндік берді. Он төрт күн бойы қатысу­шылар өнімді құру және маркетинг негіздерін, қаржылық және салықтық сауаттылық барысын зерттеп, жеке бизнес-жоспар жасауды және аймақтың бизнес-сарапшыларынан жобаларды таныстыру дағдыларын үйренді. Ірімшік жасау, трикотаж киімдері мен әлеуметтік тақырыптарға под­касттарды өндіру, шағын кон­дитерлік дүкендер ашу, ағылшын тіліне оқытуға арналған сайт, шетелдіктерді орыс тіліне онлайн оқыту және тағы басқа болашағы бар бизнес-жобалар арасынан үздіктерін анықтау қазылар алқасы үшін қиынға соқты.

Бизнес-жобалар байқауында бірінші орынды мектеп жасына дейінгі және мүм­кіндігі шектеулі балаларға арналған фетр мен матадан жа­салған әдістемелік құралдарды өндіретін «Алақай» жобасының жетекшісі Айнұр Джерембаева иеленді. Ол осы идея­ны жүзеге асыруды көптен бері ойлап жүр­ген.  Дефектолог маман­ның айтуынша, мо­ториканы дамытуға және сөйлеу да­ғ­ды­ларын қалыптастыруға кө­мектесетін арнайы құралдардың ар­тықшылығы көп. Алайда дү­кендер мен интернет сайттардан ондай құралдарды табу қи­ын. Арнайы құралдар тапшы бол­ғандықтан, жоба авторы 1 жас­тан асқан балаларға көмектесетін өнімді өзі жасап шығаруды ойлас­тырады. Алдағы уақытта мұн­дай құралдар «Кәсіпкер-ана» жоба­сының нәтижесінде ба­лаларға қол­жетімді болмақ.

 

АЛМАТЫ