Аймақтар • 31 Наурыз, 2021

СҚО-ға қатысты жаңа Кешенді жоспар қабылданды

313 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Солтүстік Қазақстан облысы үшін айрықша оқиға болды. Премьер-Министр Асқар Мамин төрағалық еткен Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары қаралып, бекітілді. Бұл -Солтүстік Қазақстан облысының дамуына бұрын болмаған ерекше қаржы құю. Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі облысқа мемлекет тарапынан қарастырылған мұндай қамқорлыққа облыс тұрғындары шексіз ризашылықтарын білдіруде.

СҚО-ға қатысты жаңа Кешенді жоспар қабылданды

Бұрын Елбасы Н.Назарбаев бекіткен 2018-2021 жылдарға арналған Кешенді жоспар өңірдің дамуына оң әсерін тигізген болатын. Өткен үш жылда өңірде, жаман індеттің кесіріне қарамай, жалпы өңірлік өнім 34, инвестиция 50,  ауылшаруашылығы өнімі 54, өңдеу өнеркәсібі 37 пайызға артқан. Бизнестің өндірістегі үлесі 5 пайызға ұлғайған. Жүздеген әлеуметтік мәселелер шешілді. Бұл істе облыс басшылығы мен оның командасының іскерлігін де айтпай кетуге болмайды.

Ал енді биыл Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен облыс әкімдігі үкіметпен бірлесіп 2026 жылға дейінгі жаңа Кешендік жоспарды әзірледі. Оның негізгі бағыттарын облыс әкімі Құмар Ақсақалов Үкімет отырысында баяндап берді. Алдағы бес жылда жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын 87 ауқымды іс-шараларды іске асыру жоспарланған. Ауылшаруашылығында 52 сүт фермасы, 6 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, құрамажем зауыты, өңдеу кәсіпорындары, жылыжайлар ашу қарастырылған. Өнеркәсіпте жаңа тау-кен өндіріс орындарын ашу көзделген, «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағының жұмысы белсенділігін арттырмақ. Облыс жолдарының 98 пайызы сапалы жолдар қатарына жеткізілетін болады.  2,3 млн шаршы метр баспана салынбақ. Оның 500 мың шаршысы әлеуметтік әлсіз топтарға қарастырылған. Облыс халқының 93 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.  

Халықты, әсіресе, осы мәселе толғантатын еді. Мәселен, Есіл ауданындағы қалың қазақ отыратын Тауағаш ауылының тұрғындары әлі күнге қолдан қазған құдықтың сапасыз суын ішуге мәжбүр болып отыр. Жаңа Кешенді бағдарлама осындай тасада қалып келе жатқан ауылдарды қамтиды деген үміт зор.

Құмар Іргебайұлы бюджет қаражаты шығыстарының 35 пайызы денсаулық сақтау мен білім саласына бағытталатынын да атап айтты. Бұл облыс ауруханалары мен мектептерінің сапасын арттырары сөзсіз.

Кешенді жоспар толық орындалатын 2026 жылға қарай облыста ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 400 млрд теңгеге, өңдеу секторының өнімдері 67 пайызға, шағын және орта бизнес көлемі 30 пайызға, экономикадағы бизнес үлесі 35 пайызға дейін артатын болады. Осының бәрі облыс тұрғындарының да әл-ауқатын арттырып, тұрмыстарының жақсара түсуіне әсер етері сөзсіз.

Ең бастысы 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Бұл еңбек нарығында тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Еліміздің жұмыс қолдарының ресурстары артық өңірлерден Солтүстікке қоныс аударушылар үлесі артатын болады. Мұның өзі экономикалық күш-қуатты арттырумен қатар елдің қауіпсіздігіне де себін тигізетін мәселе екендігі анық.

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтер де сөйлеп, өз салалары бойынша Кешенді жоспарда қарастырылған Солтүстік Қазақстанда іске асырылатын жобалар туралы баяндады. Соның ішінде CLAAS ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін, «John Deere» сервис орталығын жерсіндіру, «Ақсораң» және «Баян» вольфрам-молибден кендерінің кен орындарын игеру, сондай-ақ «ready-built factory» типі бойынша тау-кен металлургия комбинатын және жаңа өндірістік алаңдар салу көзделгенін айта кету керек. Сонымен қатар өңірде «Қызылжар» сауда-логистикалық хабы құрылатын болады екен. Іскерлік белсенділікті дамыту үшін әуе рейстерінің саны айына 16-дан 68-ге дейін ұлғаятын көрінеді. Туристік әлеуетті күшейту және спортты дамыту мақсатында Имантау-Шалқар курорттық аймағында көпфункционалды туристік кешен, Петропавл қаласында 3 мың орындық спорт сарайы салынбақшы. Медицинада салынып жатқан көпсалалы ауруханамен қатар 47 медициналық нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға арналған 400 орындық түзету мектеп-интернаты және 16 мектеп салынады. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша жоғары оқу орнын, сондай-ақ Академиялық көшбасшы орталығын құру жоспарланған.

Осының бәрі Кешенді жоспардың аясында алдағы үш жылда орындалмақшы. Жалпы өңірімізді бір серпілткен жоспардың іске асуына облыс тұрғындарының бәрі де мүдделі болып отыр. Осындай жоспардың қажеттілігін Үкімет алдында дәлелдей білген және оны қабылдатқан облыс әкімдігіне, әкім Құмар Ақсақаловқа халық ризашылығын білдіруде.