Қазақстан • 31 Наурыз, 2021

Жылқы неге жұтайды?!

1553 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Наурыздың алғашқы шуағымен-ақ көрпеге оранып жатқан сайын даланың маңдайы жіпсігенімен, таңдайы көгере қойған жоқ. Кеш келген көктем шаруаның уайымын көбейтіп, тебіндегі жылқының жалы жығылып тұр.

Жылқы неге жұтайды?!

Облыста 212 мыңнан астам жылқы, 490 мыңға таяу қара мал, 609 мың қой-ешкі бар. Төрт түліктің негізгі көлемі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының еншісінде. Айталық, жылқының 104 мыңы, қара малдың 241 мыңы, қой-ешкінің 165 мыңы ұйымдасқан малсақ қауымда. Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, өткен күзде жеткілікті жемшөп қоры жинақталған сыңайлы. 1 млн 175 мың тонна шөп, 733 мың тонна сабан, 191 мың сүрлем дайындалған. Мал азығының басқа түрлері де бар. Жинақтай алғанда, 597 мың басты құрайтын төрт түлік малға жеткілікті тәрізді. Ендеше, тебіндегі жылқының басына қандай қатер төніп тұр?

Бұл арада мал азығын жеткілікті жинаған серіктестіктер мен шаруа қожалықтары екенін бастан жақты айырғандай етіп айтқан дұрыс. Ал жеке шаруаның мұңы кәтепті қара нарға жүк боларлық. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілер тұста мал азығының бағасы мейлінше шарықтап кетті. Қазір өңірде егер таба алсаңыз, бір тіркеме шөпті 50 мың теңгеге аласыз. Қар суымен қораға қайтқан, шұрқыраған көп жылқыға жем-шөп шақ келмейді әрі ауылдағы ағайын жылқы баласы қысы-жазы өз күнін өзі көреді деп ойлап, мал азығын уақтылы қамдап ала бермейді.

– Жылқыны қолға алмай отыруымыздың бірнеше себебі бар, – дейді Ақкөл ауданының тұрғыны Асхат Бекетов, – қазір жемшөп қымбат. Қолдағы қара малды қыстан аман-есен алып шықсақ, тәуба дерсіз. Жылқының бағын жандырмай тұрған кесел ірі елді мекендердің жанында жайылымның жоқтығы. Демек, жекеменшік ұжымдасып, жаз айларында ертедегідей жайлауға шығу керек. Біздің өңірде малдың тісі тимей, тусырап бос жатқан жайлаулар аз емес. Бір ғана Көксеңгірдің даласына қанша мың жылқы сыяр еді.

Жылқы жалының жығылуының, биелердің іш тастауының, жабағылардың қасат қарда тебіндей алмауының бірнеше себебі бар. Алдымен, тұқымы. Айғыр жаңартылмағаннан кейін үйірдегі жылқының тұқымы азып кетті. Дөненің тайдай, тайың жабағыдай. Соңғы жылдары Омбы мен Түмен төңірегінен тасымалданған орыстың мәстек жылқысы қолда бар түлікпен мидай араласып, қазақы жылқының қарасынан көз көрмейтін жағдайға жеттік. Негізінде асыл түлік тебіндеп тіршілік етуі үшін қары қалың, аязы қатты біздің өңірде бірыңғай қазақы жылқыны баққан абзал. Табиғаттың тосын мінезіне көндіккен, сыны мен сынағына төзе алатын төл малымызға жетер түлік бар ма? Бұл арадағы басты гәп ауылдағы ағайынның ауызбіршілігінің кемінде. Мәселен, үйірге жылқы қосатын әр отбасы тиісінше мөлшерлеп қаражат жинап, айғыр сатып ала алмайды. Жылқы тұқымының азып кетуінің бір себебі осында жатыр. Айналып келгенде ауылдағы ағайынның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты жай.

Екінші бір себеп, жылқы бағуға құлшынып тұрған адамның жоқтығы. Әншейінде ауылдық жерде екі қолға бір күрек табыла бермейді дейміз. Алға ұмтылған адамға жұмыс бар екендігін талай айттық. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас». Қазір жылқышылар әр жылқының басына келісімдеріне байланысты екі-екі жарым мың теңгеден ақша алады. Егер табында ірілі-ұсақты 300 жылқы болса, екі жылқышының несібесіне 600 мың теңгеден еңбекақы шығады. Тәп-тәуір қаражат емес пе?! Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиесілі салығын да төлеп жатқан жоқ. Құрық ұстап кісі шықпайтынына көздері жеткен жылқышылар қазір адамның еркесі. Мал иелерімен келісімшарт жасамайды. Демек, жоғалса, өлсе төлем жоқ.

– Талап етсең, құрығын босағаға сүйеп қоюға бар. Ал егер келісімшарт жасалып бақса, шығынды төлесе, малға да ие болар еді, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Қайрат Әубәкіров. – Сақау шыққан құлынды, қысқы тебінге жарамайтын кәрі биені иесіне ескертіп, күні бұрын қолға алдырып отырса, шығын да бола қоймайды ғой.

Облыстық ауыл шарушылығы басқармасының бөлім басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, тебіндегі жылқының ішінде ішінара шығын бар. Қатал қыстың құрбаны негізінен жеке шаруаның қолындағы мал. Жылқыға ие болатын жылқышының жоқтығы соңғы жылдары ел еңбектен қол үзуі себепті пайда болған мәселе. Ал жылқышы жоғалған немесе өлген жылқыны төлеу үшін әр бас жылқыны баққаны үшін алатын төлемақысы көбеюі керек. Бірақ оған елдің жағдайы келе бермейді. Егер әр басқа бес мың теңгеден төлесе, бағымында 4-5 жылқысы бар отбасы тиісінше әр ай сайын 20-25 мың теңге ақы төлеуі керек. Өзіндік құны көбейіп кеткен соң мал сүмесімен күн көріп отырған жалпақ жұрт жылқы бағудан да жерінуі әбден ықтимал.

Жылқышылар жылқы малын жаз бойы күндіз қамап, түнде ғана өріске жаяды. Себеп, тәулік бойы бағуды қиын деп санайды. Қырық күн шілдеде, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта қоршаудың ішінде тұрған тәмам жылқының ірісі ұсағын теуіп мертіктіріп, күнге күйіп, жүдейді. Уақтылы от оттап, су ішпеген жануарға жал қайдан бітсін?! Шөптің асылын, судың тұнығын таңдап ішетін қайран жылқының басына бостандық күзгі жиын-терін біткеннен соң ғана беріледі. Ал солтүстік өңірде егін орағы қоңыр күзге дейін, кей жылдары қашан қар жауғанша жүргізілетінін қаперге алсақ, жылқы біткен қысқа жүдеп, жілігіне май бітпей түседі. Қоңы нашар, қуаты кем жылқының қар тебуге шамасы қайдан келсін?

– Қазір далада сабан жоқ. Шетелдік астық комбайндары сабанның бәрін турап тастайды, – дейді Бұланды ауданының тұрғыны Жайнарбек Зандыбай. – Ал орман-тоғайдың маңы қасат қарға мелдектеп жатыр. Ертеректе ауыл шаруашылығы ұжымдары осындай қысылтаяң кезде көделі жердің үстін қаптаған көк мұзды соқамен жыртып, жылқыға жайылым ашар еді. Бұл шаруа серіктестіктері мен қожалықтарының қолынан келгенімен, жеке шаруаның қолынан келмейді. Сондықтан ел ішінде жылқыны аман алып қалу үшін жергілікті әкімдіктер осы шаруаны құнттағандары дұрыс-ау.

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше