Ақшам мезгілі болып қалған уақыт, билетімізді алып, сапарластармен иін тіресе барып орнымызға жайғастық. Алыс сапар алғашқы қадамнан басталады, бастысы, ермек еткенге теледидары бар жайлы, жаңа автобус. Шаһар шекарасы іспетті «Алтын орда» аталатын аумақтан шыға бере, автобус жүргізушісі «Правила угона» деген фильмнің дискісін қосты. Жол ұзақ, бұрын ұзын жолға автобуспен шығып көрмеген соң шалқайып жатып ел қатарлы біз де қызықтап көз салдық. Ресей мен Украинаның дос болып тұрған кезінде бірлесіп түсірген қылмыс тақырыбындағы детектив сериалдың сценарийін жазған – Мұрат Төлеев. Атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, адам өлтіру сияқты қылмыс тақырыбындағы «шедевр» фильмдерді шығаруда алдына қара салмайтын Ресейдің кинонарығында шеберлігі олардан өтіп, үлкен бәсекеде қылаң беріп жүрген бұл қай қазақ болды деген әуестік әлгі фильмге еріксіз шұқшитты. 40 минуттан тұратын сегіз серияның алғашқы минуттарынан-ақ ажал мүңкіген ақшаның соңындағы ала шапқын басталды да кетті – жеңіл көліктерді иесінен тартып алып айдап әкету, жоғары жылдамдықпен ағызып келе жатып аударылу, құқық қорғаушылардың заңды белден басып, қылмыскерлерге сатылуы, қызылшеке төбелес, қанды оқиғалардың тізбегі секунд сайын жалғасып, 700 шақырымға жуық жолды «қысқартуға» толықтай жетті. Тылсым түн тыныштығын бұзған бұл бейнекөріністерге соғылған көліктің, атылған қарудың, шағылған әйнектің, шыңғырған адамның дауысы қосылғанда, заулап келе жатқан автобус жолынан тайып, әне-міне зауал келіп қалғандай жан мұрынның ұшына келеді.
«Бүйткен қазағы бар болсын» дедік, иненің ұшында отырып таңға дейін сол фильмді көрген өзімізге яки, жантүршігерлік оқиғаны көруге мәжбүр еткен жүргізушіге ренжігенімізді білмей мең-зең қалпы көліктен түсіп бара жатып. Ең сұмдығы сол, қайтқанда басқа автобусқа отырғанымызбен, онда да осы қиқулағандардың қанды қасабы, айырмашылығы «Расплата» деп аталады...
Автобус ішін азан-қазан етіп, бір-бір үйдің арқасүйерін, асыраушысын, алтын қазығын, қазынасын, шамшырағын тиеп алып құйындатып келе жатқан жүргізуші көктің қарымта қаһарын алмады қайта, жанымыз аман қалды. Жол кешірді. Үнемі кешіре бермейтінін, дәл осы адам тиеген автобустардың жол апатына жиі түсіп жататынын күнде көріп, естіп жүрміз. Бақытсыздықтан, қайғыдан бәріміз қашық болғымыз келеді. Бейбіт күнде қасіреттің құрдымына құлап, жол апатынан қайтыс болатындардың саны соғыста жүріп қаза табатындардың санымен теңесетін дәрежеге жетті. Жылдамдығын асырып жүргізгенімен қоймай, адамға жағымсыз әсер ететін фильм көрсетіп, өмірін қатерге тіккен осы автобус жүргізушісінің беліне граната байлап алып атойлап шабатын терроист-камикадзеден не айырмашылығы бар, мысалы?
Нәтижесінде, биылғы жылдың 1 ақпанындағы дерек бойынша, карантин кезінде шектеу қойылып, көлік қозғалысы тежелді деген 2020 жылы 13 515 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 19 841 адам зардап шеккен, 1997 адам, яғни 2 мыңға жуық адам қайтыс болған. Адам өлімімен аяқталған, жарақаттанғандар саны жағынан әдеттегідей Алматы қаласы ең алдыңғы орында. Жол-көлік оқиғасының көрсеткіші 2019 жылмен салыстырғанда 19,3 пайызға ғана төмендеген. Ас пен той десе андағайлап шабатын сабылыс тыйылды дегендегі көрсеткіштің төмендеген түрі осы ғана. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстан бойынша жыл сайын әр 100 мың тұрғынға шаққанда 17,3 адам өлімі тіркеледі. Әлемдік көрсеткіште бұл ортаңғы орындардың біріне тиесілі. Халқы бізден 10 млн-ға артық Аустралияда осы көрсеткішпен бес адам ажал құшса, алып аумақта орналасқан халқы аз ел үшін бұл тіпті де кешірілмейтін көрсеткіш.
Құдайын жүрегіне құндақтап алып, белгісіздікке бас қойып алыс сапарға шыққан мүсәпір жолаушыға алыстағы бәле-жала атыс-шабыс киноның әсерімен-ақ табан астынан табылуы мүмкін. Зорлықшыл киноның агрессиясы бас клеткасынан бастап жүрек, жүйке тамырларын тұтас жайлап, ақырында санасы, денесі түршіккен адамның өз мінезінің де ашуланшақ, қатал тартатыны, психологтердің қатігездікті насихаттайтын фильмдерді көруден сақтандыратын дабылы тектен-тек емес. Әрине, жол қауіпсіздігі үшін қорқынышты кино да, білім де жауапкершілік арқаламайды, оған бар болғаны сана биіктігі мен ереже-тәртіптің сақталғаны ғана керек. Эфирдің арзанқол, қарадүрсін «экшндерін» табыс табудың бір құралы еткен экстремалдарға мұны қайтіп түсіндірерсің?..