Қоғам • 01 Сәуір, 2021

Жедел жәрдем дәрігерлерінің қолында сәби өмірге келді

1085 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматының жедел жәрдем көлігінде сәби дүниеге келді. Таңғы 4:33 шамасында жедел жәрдем көмегіне жүгінген әйелдің толғағы үдеп, босануға дайындала бастаған. Пациентті жедел түрде Перинаталдық орталыққа жеткізу керек болса да, жарық дүниеге асыққан нәрестенің өз жоспары бар екен. Айы-күні жетіп толғағы басталған ана перзентханаға жетпей, фельдшерлердің көмегімен жедел жәрдем көлігінде босанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жедел жәрдем дәрігерлерінің қолында сәби өмірге келді

«Тексергеннен кейін әйелдің жүктілігі 40 апта екені анықталды. Оны дереу перзентханаға жеткізбек болдық. Бірақ пациентті көлік ішінде босандыруға тура келді. Көмекшім Еңлік анаға психологиялық қолдау көрсетті. Ал мен оны босандырып, баланың кіндігін кестім. Сөйтіп ана мен баланы аман-есен перзентханаға жеткіздік»,  дейді алматылық жедел жәрдем қызметі №10 қосалқы станциясының фельдшері Адылжан Мақсұтов.

Жедел жәрдем қызметінің мамандары міндеттерін зор жауапкершілікпен атқарғанының арқасында дүниеге салмағы 3300 гр, бойы 54 см қыз бала келді. Көлікте дүниеге келген сәби отбасындағы бесінші бала.

«Екі жылдық тәжірибемізде мұндай оқиға бірінші рет болды. Әрине, басында қалай болады екен деп алаңдадық. Бірақ бар біліміміз бен тәжірибеміздің арқасында ананы да, баланы да аман-есен жеткіздік», дейді фельдшер Еңлік Болатбекқызы.

Жедел жәрдем қызметі үйде босану жағдайларына жиі тап болатынын атап өту керек. Аптасына бір ана фельдшердің көмегімен сәбиін дүниеге дін аман әкеледі. Алайда жедел жәрдем қызметін тығырыққа тіремей, жүкті әйелдер уақытылы аурухана қызметіне жүгінгені абзал.

«Жедел жәрдем қызметіндегі барлық маман білікті. Кез келген жағдайда жедел медициналық көмек көрсетуге дайын. Десе де тұрғындар өз денсаулығына салғырт қарамаған жөн. Әсіресе жүктілік кезінде», деп атап өтті Жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Пархат Надыров.