Аймақтағы ғана емес, елдегі ахуалды сараптап, саралай келе Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы Қанат Тұрдиев 2021 жылғы 19 ақпандағы №4 қаулысына бірқатар өзгерістер де енгізді. Атап айтсақ, облыс аумағында шектеу шаралары 2021 жылдың 2 сәуірінен бастап 15 сәуірін қоса алғанға дейін ұзартылды. Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімдері облыс аумағында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.
– Өзге өңірлер қызыл аймаққа кіріп, вирустың таралуы көбейіп жатқандықтан облыс шекараларына санитарлық бекеттер қойылды. Облысқа «қызыл» аймақтан келген жолаушылардың белгілі себептерін көрсететін анықтама қағаздары болмаса, кіруге тиым салынады, – дейді ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас маманы Бағлан Тауанова.
Ерекше жағдайларда, қаулыда көрсетілген санаттағы адамдарды қоспағанда, жекелеген санаттағы адамдарға аудандар мен қалалардың санитариялық бекеттері арқылы шығуға және келуге рұқсат қағаз жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша берілуі мүмкін.
Қазіргі уақытта облысқа кіруді және шығуды бақылау үшін 4 санитарлық бекет орнатылды. Оның екеуі мемлекеттік шекараларда жұмыс істеп тұрса, екеуі Алматы, Қарағанды бағытына орнатылды. Баса айта кетерлігі, «қызыл» аймақтан келген азаматтар санитариялық бекеттерден өткен кезде COVID-19 коронавирустық инфекциясына ПТР-тестінің теріс нәтижесі туралы анықтамасын көрсетуі қажет. Ол анықтама берілген күннен бастап кіру сәтіне дейін үш тәуліктен (72 сағаттан) аспауы тиіс. Ал 5 жасқа дейінгі балалар үшін мұндай анықтама қажет емес. Аталған қаулы 2021 жылғы 2 сәуірден бастап күшіне енді.