Тарихқа көз жүгіртер болсақ, әйгілі шабуылшы Андрей Шевченко жаттықтыратын Украина құрамасымен біздің жігіттер бүгінге дейін төрт рет кездесіп, барлық ойында қарсыластарына есе жіберген. Бір қызығы, Қазақстан мен Украина құрамаларының жолы тек әлем біріншілігінің іріктеу кезеңіндегі ойындарда ғана түйіседі екен. Мәселен, екі ел футболшылары бірінші рет 2006 жылғы, екінші рет 2010 жылғы әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңіндегі топтық бәсекелерінде жолыққан.
Міне, араға он жылдан аса уақыт салып, тағы да әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде бір топқа түсті.
Жалпы, екі құраманың ең алғашқы «таныстығы» 2004 жылы басталды. 8 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өткен ойынның бірінші таймында жерлестеріміз 1:1 нәтижесімен тең түскенімен, екінші таймда тағы бір гол өткізіп алып, 1:2 есебімен жол берді. Келесі жылдың маусым айында жерлестеріміз Украинаға сапар шегіп, Киевтегі Олимпиадалық стадионда алаң иелері біздің қақпаға жауапсыз екі гол соғып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Араға үш жыл салып 2008 жылы екі құраманың жолы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде тағы да түйісті. Өкінішке қарай, бұл іріктеудің екі кездесуінде де украиналықтардың мерейі үстем болды. Алматыдағы матчта 3:1, Украинада 2:1 есебімен жеңілдік.
Кешегі кездесуде де біздің жігіттер жеңілудің сәл-ақ алдында тұрған. Бірақ бас бапкер Талғат Байсуфиновтің ұтымды тактикасының, намысты ұландардан құралған ұлттық құрама футболшыларының тәуір ойыны арқасында тарихи нәтижеге қол жеткізіп, Украинамен тең түстік. Әрине, Кеңес Одағында бір тудың астында болған Украинамен тең ойнау біз үшін аса бір үлкен жетістік болмауы керек еді. Тек кезекті бір ойында терезесі тең түскен кездесу ретінде қарауымыз тиіс болатын. Алайда бұған дейінгі төрт бірдей жеңілісімізді және құраманы өрге сүйрейді деген бірқатар негізгі ойыншылардың бұл матчта әріптестеріне көмектесе алмағанын ескере отырып, тең ойынды қазақ футболы үшін дәл қазір жоғары нәтиже деп санауға болады.
Ойынға тоқталар болсақ, Талғат Байсуфинов Франциямен өткен алғашқы матчпен салыстырғанда, бұл жолы негізгі құрамға біраз өзгеріс енгізгенін байқадық. Қақпашы Александр Мокиннің орнына Стас Покатиловті шығарса, орталық қорғаушы Александр Марочкин мен оң қанат қорғаушысы Тимур Досмағанбетов Темірлан Ерланов пен Марат Быстровты алмастырды. Ал Франциямен болған ойында бірінші минуттан бастап шабуылда ойнаған Максим Фединнің орнына Абат Айымбетов шықты.
Ұлттық құрамаға бір-бірінің орнын жоқтатпайтын ең үздік футболшылар шақырылады десе де, кешегі матчта Марат Быстровтың орны қатты білінді. Досмағанбетов оң қапталда соншалықты жаман ойын көрсетті деп айта алмаймыз, бірақ көп жерде жиі қателесіп жатты. Айымбетов те өзіне жүктелген міндетті толық атқарды деуге ауыз бармайды. Жалпы, қазір ұлттық құрамада шабуыл сызығы қатты ақсап тұр. «Роторда» ойнайтын Алексей Щеткин мен «Ордабасының» шабуылшысы Тоқтар Жаңғылышбайда жарақат, Абатта ойын тәжірибесі жоқ, ал жас футболшылар Рамазан Кәрімов пен Максим Самородов әлі мұндай жоғары деңгейдегі ойындарға дайын емес.
Матч көпшілік күткендей, алаң иелерінің басымдығымен басталды. Қос қапталдан қыспаққа алған Украина футболшылары 20-минутта есеп ашты. Англияның «Манчестер Сити» клубында доп тебетін Александр Зинченко оң қапталда ашық тұрған Роман Яремчукке тамаша пас шығарып, ол өз кезегінде Покатилов қорғаған қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Бірінші таймда украиналықтарда есептегі басымдығын арттыратын бірнеше мүмкіндік болғанымен, Қазақстан құрамасының қорғаушылары мен қақпашысы қарсыластарына гол соғатын мүмкіндік бермеді. Сөйтіп бірінші тайм 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Үзіліс кезінде бас бапкер Талғат Байсуфинов футболшылардың намысын қайрап, қандай сөз арқылы рухын көтергені бізге белгісіз, бірақ екінші 45 минутта «тоғызыншы территория» өкілдерінің ойыны өзгеріп сала берді. Негізінен қарсы шабуылға иек артқан Қазақстан құрамасының футболшылары ойынның 59-минутында таразы басын теңестірді. Кезекті бір қарымта шабуылда Азат Нұрғалиевтің пасынан кейін Серікжан Мужиковтің қарсылас команданың айып алаңына жақын жерден айналдыра тепкен добына Украина құрамасында алғашқы матчын өткізіп жатқан қақпашы Сергей Трубин қарсы тұра алмады.
Есеп теңескеннен кейін біздің жігіттерде белгілі бір деңгейде сенімділік пайда болып, мүмкіндік туындаған жағдайларда алға қарай ұмтылды. Украиналықтар жеңіс голын соғуға барын салды. Бірнеше ұтымды сәтті пайдалана алмаған Украина құрамасына қарсы жігіттеріміз сауатты өнер көрсетіп, қауіптің бетін тойтарып отырды. Бұл жерде қақпашы Стас Покатиловтың айтарлықтай шеберлік танытқанын да айта кету парыз. Қорытынды есеп – 1:1. Осылайша, Қазақстан құрамасы бірінші рет Украинамен тең ойнап, осы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы голы мен алғашқы ұпайына қол жеткізді.
Украинаның Олимпиадалық стадионында өткен кездесудің статистикалық нәтижелеріне қарамай-ақ, кез келген футбол жанкүйерлерінен Қазақстан құрамасының ең үздік ойыншысы кім болды деп сұрасаңыз, еш ойланбастан гол авторы Серікжан Мужиков пен сегіз сейв жасаған қақпашы Стас Покатиловты айтар еді. «Қайрат» қақпашысы Франциямен өткен ойында мықтылық танытқан Александр Мокиннің ерлігін қайталап, алдағы уақытта да қақпаны өзіне сеніп тапсыруға болатынын дәлелдеді. Айтпақшы, бейресми мәлімет бойынша Александр Франциямен өткен ойыннан кейін ұлттық құрамдағы карьерасын аяқтағанын айтыпты. Мокиннің есімі кешегі ойын хаттамасына енбегенін ескеретін болсақ, расымен жастарға орнын берген шығар.
Сөз соңында айта кетер тағы бір жайт. Ұлттық құраманың ойынына бейжай қарамай, барлық матчты жібермей көретін футбол жанкүйерлері байқаса керек, кейінгі екі ойында біздің жігіттер бірінші таймға қарағанда екінші таймда тәуір ойын көрсетіп жүр. Мәселен, Франциямен өткен кездесуде алғашқы таймда екі гол өткізіп алғанымен, екінші таймда ондай сәтсіздікке бой алдырмады. Украинамен болған ойында да дәл сол сценарий қайталанды. Алғашқы таймда ойын жүрмегенімен, екінші таймда гол соғып, есепті теңестіріп кетті. Ал бұрындары Қазақстан құрамасы алғашқы таймда тәп-тәуір өнер көрсетіп, екінші таймның соңғы минуттарында болмашы қателіктің салдарынан қақпаға гол өткізіп алатын. Міне, осыдан-ақ Талғат Байсуфиновтің ұлттық құрамаға үлкен өзгеріс әкеліп жатқанын байқауға болады.
Енді футболшылар қайтадан өз клубтарына барып, күзге дейін ішкі чемпионаттағы ойындарына басымдық береді. Өйткені әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті тур ойындары қыркүйекте басталады.
2-турдан кейінгі турнир кестесі
№ |
Құрамалар |
О |
Ж |
Т |
Ұ |
Доп айырмасы |
Ұпай |
1 |
Франция |
3 |
2 |
1 |
0 |
4-1 |
7 |
2 |
Украина |
3 |
0 |
3 |
0 |
3-3 |
3 |
3 |
Финляндия |
2 |
0 |
2 |
0 |
3-3 |
2 |
4 |
Босния және Герцеговина |
2 |
0 |
1 |
1 |
2-3 |
1 |
5 |
Қазақстан |
2 |
0 |
1 |
1 |
1-3 |
1 |