Пікір • 02 Сәуір, 2021

Шымшықтардың шатағы

4833 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір күні ерлі-зайыпты шымшықтардың ұясында ұрыс шығып шоқысып қалыпты деседі. Олардың күңкілдесіп жатқанын аң мен құстын тілін түсінетін Сүлеймен патша есітіп тұрды. Ұрғашы шымшық «күйеуінің» айтқанына көнбей, қашып жүрген көрінеді. Сонда кіжініп тұрған еркек шымшық жүндерін күдірейтіп: «Егер мен қаласам, Сүлеймен патшаның сәлдесін шешіп алып, теңізге лақтырып жіберем. Сен маған қарсы келетін кімсің?» деп ай­қай­ға салып жатыр дейді.

Шымшықтардың шатағы

Әңгімені есітіп тұрған Сүлеймен пайғамбар күлімсіреп: «Әй, шымшық! Сен, шынымен де, менің сәлдемді теңізге лақтыра аласың ба?» деп сұрайды. «Жоға, уа, Алланың пайғам­ба­р­ы! Әрине, жоқ. Бірақ еркектің бәрі сөзін өт­кізу үшін ірілеу әңгіме айтатыны бар емес пе? Сон­­дай тірлік қой менікі», депті еркек шым­шық ұялып.

Сонда Сүлеймен патша ұрғашы торғайға қарап: «Ал сен ше? Күйеуіңнен неге қашып жүр­сің? Ол сені жақсы көреді екен ғой?», деп сұрақ қояды.

«Жоқ, уа, Алланың пайғамбары! Ол мені жақсы көрмейді. Тек сайраған тілімен ғана жақсы көремін дейді. Арғы жағында ондай емес. Бұл менен басқа шымшықтарды да жақсы көреді», деп жауап қайырады ұрғашысы.

Осыны көріп, есітіп тұрған Сүлеймен пайғамбар бір сәт терең ойға шомып барып, айтқаны мынау екен: «Уа, Құдайдың құдіреті! Кіп-кішкентай шымшықтың өзі бір жүрекке екі махаббат сыймайтынын қалай білді екен? Ал адамдар ше? Қалайша олар қызылды-жасылды дүниені, мал-мүлікті, байлықты сонша жақсы көріп тұрып та, Алланы да жақсы көремін дейді?».

Пайғамбардың да өзіне ой салған бұл әфсананы әркім өзінің жүрегін мазалаған жайттарға бұрып алып, әртүрлі тарқатып алса да болғандай екен. 

Сол оқиғаға куә болған су патшасы Сүлей­мен: «Уа, Алла Тағалам! Жүректерге Өзіңе деген махаббатты ғана орнықтыршы! Сенен артық ешкімді, еш нәрсені жақсы көр­мейікші», деп жылап тұрып дұға еткен екен.

Міне, жаһанды уысында ұстаған пандемия тағы да басын көтерді. Былтыр дәл осы уақытта – сәуірде індет жұқтырғандар саны көбейе бастаған кездің өзінде коронавирустың бар екендігіне сенбейтіндер көп еді. Бұл «ға­ламдық саясат», деп түрлі болжам айтып жүр­ген жандардың да бақилық болғанын көрдік.

Өмір деген – өтірік, өлімнің хақ екендігіне қайта-қайта көз жеткізіп, әлем соғыспай-ақ, тәубесіне келгендей болды. Құндылықтар өзгерді. Індет байлықтың да, басқасының да денсаулық жоқ жерде құны көк тиын екендігін адамзаттың есіне салып өтті. Көздің жауын алған небір көйлектер киілмей, алтын-күмістер тағылмай, салтанаты асқан мейрамханалардың шамдары айлар бойы жағылмай қалды.

Адамның да баласы шымшықтардай өз ұя­ларынан шыға алмай қалған күндерде кім­нің шаңырағы бекем, кімнің шаңырағы шатқаяқтап тұрғаны көрінді. Бір үйде тұрса да дедектеп жүріп, бірін-бірі көрмейтін отбасы мүшелері ұзақ жылдардан кейін өз жақын­да­рының жанына үңілуге мүмкіндік алған жоқ па?!

Бүкіл әлемде пандемия кезінде ажырасуға ұмтылғандар саны көбейді. Коронавирустың «отаны» болған, отбасының бүтіндігіне стратегиялық, тіпті идеологиялық тұрғыда аса мән беретін Аспанасты елінде карантиннен кейін бірін-бірі көрместей болып, кетісуге арыз бергендер саны күрт көбейді. Заңгерлер неке бұзуға өтініш бергендердің көптігі соншалықты тіркеуге үлгере алмай жатты.

Ал Жапонияда «коронавирустық» ажырасулар дүмпуін тоқтату үшін Kasoku дейтін жылжымайтын мүлік агенттігі айла ойлап тапқандай болып, ұзақ уақыт бірге оқ­шау­лануда отырғандықтан, жүйкелері тозған ерлі-зайыптыларға бөлек тұруға болатын бөлмелерді жалға бере бастайды. Тізе берсең, мұндай оқиғалар, тіпті көп. Кей­бір «коронавирустық» ажырасулардың себеп­теріне адам таңғалады.

Керісінше, бір-бірімен оңаша қалуға ешқашан уақыты болмай келген, сыйластығы мен сенімінен ажырамаған жұптар карантин­дегі күндерден ләззат алып, дамыл тауып, ұядай үйлерінде бала-шағасымен бірге «шы­қы­лықтасып», бақытты шақтарды бастан кешіргені даусыз.

Шымшықтардан шыққан шатақ сияқты, бір жүрекке екі махаббат сия ала ма? Адам­ның да құдайы – жалғыз. Құс екеш құс та сатқындықты, баяны жоқ қосарлы өмірді кешірмейді екен-ау. Бірақ пенделер өзімізден басқа тіршілік иелерінде де парасат, мұң, қызғаныш, қуаныш пен қайғы бар екеніне көзімізді жұмып қарайтынымыз өкінішті.

Адам баласына үлкен сынақтар келген кезде оны тізе қосқан татулықпен ғана, бірімізге біріміз көнгенде ғана жеңе алатынымыз аян. Әйтпесе әлемді шеңгеліне қайта түсірген бұл індет бұрынғысынан да қауіптірек, бұрынғыдан да жұқпалы.