Жарыстың алғашқы күні жерлестеріміз өз жанкүйерлерін қуанта алмады. 60 кило салмақта белдескен Мағжан Шамшадин тұсаукесер кездесуінде италиялық Андере Карлиноны қапы қалдырғанымен, екінші айналымда бразилиялық Эрик Такабатакеге есе жіберді. Аса жеңіл салмақта бельгиялық Йорре Ферстрэтенге тең келер ешкім табылмады. Финалда ол франциялық Валид Хиардан айласын асырды. Тайпейлік Янг Юнг Вэй мен франциялық Ромарик Боуда үшінші орынды иеленді.
66 кило салмақтағы Бауыржан Сағынғалиұлы да екінші айналымнан аса алмады. Бастапқыда филиппиндік Шуген Наканоны ұтқан ол көп ұзамай Жапонияның жұлдызы Хифуми Абеге жол берді. Дәл сол Абе жарыс жеңімпазы атанса, испаниялық Альберто Мартин Гайтеро күміс медальді мойнына ілді. Қола жүлде әзірбайжандық Нижат Шихализаде мен ресейлік Мұрат Шопановқа бұйырды.