Сенатта бүгін «Қазақстан Республикасының шекара саясаты – нормативтік құқықтық реттеудің жай-күйі мен перспективалары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Оған құқық қорғау, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
«Шекара саясаты мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатының бір бөлігі. Сондықтан ол елдің ұлттық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі саналатын шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тұтас жүйесін құруға бағытталуы тиіс», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Кездесу барысында елімізде алғаш рет әзірленіп жатқан Шекара саясатының тұжырымдамасы кеңінен талқыланды. Оның дайындау Қазақстан Республикасының шекара саясаты саласында жүйелі, ғылыми негізі бар ұлттық стратегияның қажеттігінен туындап отыр. Сенаторлардың айтуынша, шекара саясаты шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын және ондағы тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету мәселелерін де қамтуы керек.
«Шекара саясатының негізгі бағыттары шекара маңындағы аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік шекараларды халықаралық-құқықтық ресімдеуді жүзеге асыру, шекара ынтымақтастығын дамыту және шекара саясаты саласында ғылыми білім жүйесін қалыптастыру», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Шекара саясатының тұжырымдамасын әзірлеудің мақсаты шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттары, шекара саласындағы ұлттық мүдделерді іске асыру, мемлекетаралық шекара ынтымақтастығын дамыту және нығайту, мемлекеттік шекараның тұтастығына қол сұғушылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша ресми көзқарастарды қалыптастыру болып табылады. Отырыс барысында сыртқы және ішкі көші-қон, шекара аймағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік шекарада өткізу пункттерінің инфрақұрылымын құру және дамыту мәселелері талқыланды.