Өнер • 02 Сәуір, 2021

Қостанайда күйші Назымбек Молдахметовты еске алу кеші өтті

664 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайда облыстық қазақ ұлттық оркестрінің негізін қалаған Еңбек сіңірген қайраткері, шебер күйші, кәсіби дирижер Назымбек Молдахметовті еске алуға арналған «Домбырамның назы» атты кеш өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанайда күйші Назымбек Молдахметовты еске алу кеші өтті

Өмірден ерте кеткен дарынды өнерпаз қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырының тұтастай Тобыл өңіріндегі ұлттық өнердің дамуына арнады. Жастар сарайында өткен еске алу кешіне Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония ұжымы мен еліміздің әр түкпірінен  осы шараға арнайы келген меймандар, Назымбектің әріптестері мен өнерде жүрген қанаттас замандастары қатысты. Назымбек Молдахметов көзі тірі болса, биыл 51 жасқа толар еді. Сахнада сөз алғандар марқұмның кісілік болмысы мен ұйымдастырушылық, өнерпаздық шеберлігін тебірене еске алып, артына өшпес із қалдырған аяулы азаматтың рухына тағзым етті.

Кеш барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы көпшілікке қайраткер өнерпаздың өзі құрған Қостанайдағы тұңғыш қазақ ұлт аспаптар оркестріне Назымбектің есімін беру туралы бастама көтерілгенін айтты.  

«Назымбек Молдабекұлы Молдахметов Қайыңды ауылында 1970 жылы 1 сәуірде туды. Бүгін, 1 сәуір – Назымбек Молдабекұлының екінші рет өмірге келген күні. Өйткені бүгінгі кеш қайраткердің мәңгілік өнер-ғұмырының басталғанының белгісі… Наз-ағаның есімін ардақтау, ұмыт қалдырмау тұрғысында көптеген ұсыныс айтылды. Таяуда филармония ұжымымен кеңес өткізіп, ақылдаса келе, өзі негізін қалаған қазақ ұлт аспаптар оркестріне есімін беру бастамасын көтердік. Бастаманың құзырлы орындардан қолдау табар күні алыста емес деп ойлаймын», деді Ерлан Қалмақов.