Аймақтар • 03 Сәуір, 2021

Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі құрметті азамат атанды

1201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қызылорда қаласының әкімдігінде облыс әкімі  Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен актив отырысы өтті. Жиынға аймақ басшысымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары қатысты. Активте 8 жылдан астам уақыт Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарып, 1 сәуірден бастап Премьер-Министрдің өкімімен жаңа лауазымға тағайындалған  Нұрлыбек Нәлібаевқа құрмет көрсетіліп, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы табысталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі құрметті азамат атанды

Гүлшара Наушақызы шаһар басшысының сегіз жылда атқарған ауқымды жұмыстарына тоқталып, Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық дамуы жолындағы жемісті жұмысын ерекше атап өтті. Сонымен бірге өңір басшысы Нұрлыбек Машбекұлының алдағы уақытта жаңа қызметінде қолға алар ел мүддесі жолындағы әрбір бастамасына Сыр халқы қашан да тілекші екендігін жеткізіп, талай биіктерді бағындыруын тіледі.

Қаланың соңғы жылдардағы даму қарқыны Нұрлыбек Машбекұлының ерекше ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілетінің  жемісі деген медицина саласының білгірі, сала ардагері Тұрғанбай Маханов шаһардағы көп жетістікті де қала әкімінің еңбегімен байланыстырды.

Сонымен қатар актив отырысында мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Көшербай, облыстық мәслихат депутаты Шакизада Әбдікәрімов пен қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев Нұрлыбек Мәшбекұлының еңбек жолына, ел қызметіндегі еселі еңбегіне ерекше тоқталды.

Өз кезегінде аймақ басшысының жоғары бағасын алып,  әріптестес, аға қызметтестерінің құрметіне бөленген Нұрлыбек Нәлібаев «Қала әкімі қызметін атқаруға мүмкіндік жасаған Елбасы мен Мемлекет басшысына, аймақ басшыларына, жақсылығымызды асырып, кемшілігімізді кешірген Сыр халқына алғаусыз алғыс айтып, мені қолдаған барша әріптестеріме шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Қызылордаға әкім болып, қала тізгінін қолға ұстағалы бері атқарған жұмысымызды жұртшылық жақсы біледі деп ойлаймын. Қаланы дамыту жолында ауқымды тірлікті жалғыз өзім істедім деуден аулақпын. Әріптестесімнен бөлек тұрғындарға дейін ортақ іске үлес қосты. Қызылорданың келешегіне бей-жай қарамайтын әрбір азаматтың пікірімен санастық. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп жатады. Біз айтылған әрбір сыннан, пікірден, кеңестен нәтиже шығару үшін жұмыс жасадық. Бірлесе артқарған жұмыс көп», - деді.

Сондай-ақ бұрынңы қала басшысы қандай қызметте болса да өзі үшін Қызылорданың орны ерекше екенін атап өтті.