Әдебиетте кеңінен қамтылғанымен, кино саласында режиссерлердің шығармашылығын көп ширата қоймаған тақырыптың бірі осы ашаршылық екенімен киногерлердің өзі де келісетін болар. Орта дәулеттінің өзін байдың қатарына қосып, бір түнде тігерге тұяқ қалдырмай бар малын тәркілеп алу, өздерін көз көрмес, құлақ естімес жаққа итжеккенге айдап, бала-шағасын босқын етіп жіберген әрекет аса қытымыр жағдайда іске асырылғанын, ауыл байларын ауыздықтаудың жөні осы деп асыра сілтеудің ащы шындығын көрсеткен экрандағы ең алғашқы фильм «Сұрапыл Сұржекей» еді. Қазақ халқының басынан кешкен ашаршылық нәубеті мен зобалаң кезеңнің зардаптары бейнеленген отандық тұңғыш кинотуындыны белгілі жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» шығармасын арқау ете отырып режиссер Дамир Манабаев түсірді. Дамир Манабаевтың бұл фильмі 1990-жылдардың басында өзіне дейінгі салынған сүрлеуден суырылып шығып, қазақ киносына өзгеше сипат әкелген соны дүниелердің бірі болды. Аңдаған адамға «Ақ боз үйдің» желісімен экрандалған «Сұрапыл Сұржекейде» шығармаға қарағанда, әжептәуір айырмашылық бары бірден байқалады. Жазушы мен режиссер ақылдаса отырып, қазақтың бірінің етін бірі жеуге бейім келетін күншілдігін, ішіне қыл айналмайтын қызғаншақтығын бөліп алып, «басқасын айтып қайтеміз, қазақтың түбіне жеткен, міне, осы мінез» дегенді көрсетуді мақсат тұтқан сияқты. Кәмпескенің өзі неден басталды – бірін-бірі көреалмаушылық, бірінің ішін қыздырған екіншісінің байлығы, «ол неге бай, мен неге кедеймін?». Өнердің әлеуметтік аспектісінде жарлы мен байдың қақтығысы – махаббат секілді мәңгі сарынның бірі.
Фильм қалай басталады? Мажан байдың ауылының баласы ойнап, қазаны қайнап жатқан мамыражай тірлігі. Міне, ауыл ортасындағы қызыл жалауы желбіреген қазақ үйден ауылнай Жорға Күрең шықты. Керіліп-созылып, бойының құрыс-тырысын жазып, есінеп есік алдында тұр. Әне, құс атып қайтқан Бұлыштың көзі Мажан байдың тоқалы Балқияға түсті. Осылайша баяу ғана басталатын фильм Балқия мен Хансұлудың біріне бірі біздей тілін сұғып алып, бүкіл ауылды басына көтеріп көкайылдана шаптығатын шайпау мінездерінің көріністерінен кейін кенет жылдам қарқын ала бастайды. Екі әйелдің ұрысы – ертеңгі болатын сойқанның алғашқы белгісі. Осы арада жаңа өкіметтің өкілі Сұржекей де жетеді, жар астынан жау іздеп табу – оған жүктелген міндет.
Фильм романдағы оқиға орнын өзгертпей Маңғыстауда түсіріледі. Себебі Маңғыстауда бір жерде қоныс тауып, өмір сүру қиындау. Тұмсығымен түртіп, тұяғымен теуіп жейтін қарайған шөп оқта-текте қылаң бермесе, құмдауыт дала малды өлтіріп алмас үшін көшті қажет етеді. Ал мал өлсе, қазақтың тіршілігі де тоқтайды. Жаңа өкіметтің жалауын көтерген Сұржекейлер Мажан ауылын «осы көшіп-қонғандарың да жетеді» деп бір жерде қоныстанып, тапжылмай тіршілік етуін талап етеді. Мал жеп қойған жердің оты жоқ болған соң төртаяқты тегіс қырылып, енді сондағы жергілікті жұрттың өзі шетінен жан тапсыра бастайды. Осылайша бүкіл ауыл тегіс қырылып қалады.
«Сұржекей рөліне тек комедиялық рөлдерімен танылған Мейірман Нұрекеев қалай келді?» деген сұрақ туады. Режиссер Д.Манабаев көп әртістерді сынап көреді. Бірақ бұл образ әрі күлкі шақыратын, әрі ой салатын адамға тиесілі еді. Ұр да жық, әпербақан адамның мінезіндегі әпенділікте езуге ащы күлкі үйіретін, я жыларыңды, я күлеріңді білмей, дал қылатын заманның түлкі бейнесі танылуға тиіс. Осы тұрғыда Манабаев Сұржекей бейнесіне дәл Мейірман Нұрекеевті таңдап алғанына бір сәт те өкінген емес, керісінше, оны фильмнің жеңісі деп біледі. Фильмді түсірмек болып Ақтауға барғанда, режиссер басты рөлдің бейнесі үшін Мейірманның шашын ұстарамен тақырлап алып тастауды тапсырады. «Қарасақ,– дейді режиссер, – оң жақ шекесінен дәл төбесінің орайына қарай тартылған қалың қатпарлы терең тыртық бар екен. Шошып кеттік. «Өй, мынауың не?». Сөйтсек, Мейірман бала күнінде бақша ішінде демалып жатқанда, кетпен шауып келе жатқан әкесі баласының басына байқаусызда кетпенін сілтеп алады. Кетпеннің жүзі оңдырмай осып түседі. Мейірман ғажайыптың күшімен тірі қалады. Осыдан кейін әкесі өмір бойы біреу баласының бетіне қарап, бір ауыз сөз айтпақ түгілі, бір тал шашы түспеуін қатаң бұйырады. Мейірман ерке болып, елдің бәрімен тең құрбысы сияқты әзілдесе беретін еркін адам болып қалыптаса бастайды...
Режиссердің айтуынша, Мейірман өзге түгілі, өзіне де түсініксіз еді, қайдан келгенін, неге келгенін білмей, өзіне-өзі сыймай аласұрған адамның мінезі болыпты бойында, қалай ерте кетіп қалғанын да білмей қалды Мейірман...
Сұржекейде Мейірман өзгеден ешнәрсе алған жоқ, өзін ойнап шыққан. Сұржекейдің бейнесінің шынайы шығуы да сондықтан. Мейірманның өзі де өле-өлгенінше осы рөліне риза болып кетіпті. «Мен қаншама фильмге түстім, бірақ жарық әлемде жасаған жалғыз жұмысым осы – Сұржекей. Сұржекей – менің ең таңдаулы рөлім» деген екен.
Фильм екі жыл түсіріледі. Осы екі аралықта фильмдегі негізгі кейіпкерлердің бірі Пахраддинді ойнайтын талантты актер Нұрмұхан Жантөрин қайтыс болып кетеді. Пахраддин – Жантөриннің соңғы рөлі болатын. Фильм 1992 жылы Ашғабад, 1996 жылы Анкарада өткен кинофестивальдардың бас жүлдесін иеленді.
Екі миллионнан астам қазақ қырылған ұлттың қасіреті – қазақ киносы мен деректі фильмдерінде өте аз қозғалған тақырып болып ұлттық киноны тұқыртып тұр. Тап осы «Сұрапыл Сұржекей» мен Болат Шәріптің «Аманай мен Заманай» фильмдерінің деңгейінде қазақ тарихына қара таңбасын салып кеткен зобалаң туралы туындылардың дүниеге келмеуі киносаясаттың олқылығынан ба, әлде режиссерлердің осалдығынан ба, мың рет сұрау салынғанымен, бір рет жауабы берілмеген жұмбаққа айналды. Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық», Амангелді Тәжібаевтың «Кейкі» фильмдері мен Серік Әбікеннің сценарийі бойынша «Жетісу» арнасы түсірген «Бір уыс бидай», Еркін Рақышевтің «Ашаршылық» және Қалила Омаровтың бірер деректі туындыларынан басқа бұл тарапта ауыз толтырып айтатын тұщымды дүние жоқ. Бірақ бұл фильмдер де атаулы 31 мамыр Қуғын-сүргін күнінде бір жылт еткені болмаса, көгілдір экраннан көп көріне бермейді. Соңғы түсірілген фильм – «Ұлы дала зары». Жүз жылда бас-аяғы он шақты ғана туындының жарыққа шығуы киноөнері үшін ғана емес, елдікке сын. Орталық Азиядағы сан жағынан ең көп этнос саналған қазақтардың қатарын жойқын зұлымдықпен сиреткен ашаршылық туралы толымды дүние тудыруда киногерлердің не себепті керенаулық танытып келе жатқаны түсініксіз.