Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деп жазып, еліміздегі ішкі-сыртқы көші-қон мәселесіне айрықша назар аударды.
Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған шетелдерден атажұртқа оралған қандастарды қабылдау және жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару ісінің барысын бүгінгі алмағайып заман талабы тұрғысынан жан-жақты әрі терең талдау нәтижесінде жасалған сындарлы да өте маңызды тұжырым екендігі анық. Өйткені осы бағытта ел тәуелсіздігі жылдарында қыруар жұмыс тындырылғанымен, көршілес Ресеймен және Қытаймен шекаралас солтүстік және шығыс өңірлердегі демографиялық ахуал әлі де мәз емес. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында тұрғындар санының азаю үрдісі тоқтатылмай, көшіп келушілерден көшіп кетушілер көп болып отыр.
Мұның себебіне үңілсек, Президентіміз айтқандай, жергілікті билік басындағы шенеуніктер шекаралас аймақтардағы тұрғындар санын көбейтудің стратегиялық маңызына жете мән бермей, бұған кезекті науқан ретінде қарап, қоныс аударушылар мен қандастарды мүмкіндігінше көбірек қабылдауға аса құлшыныс танытпайтындығы, тіпті олардың тарапынан көшіп келген ағайындарға шынайы жанашырлық жетіспей жататындығы көге ұрады.
Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 13 ақпандағы бұйрығымен бекітілген биылға арналған өңірлік квота бойынша небәрі 1426 қандас пен 6039 қоныс аударушыны қабылдау жоспарланған екен. Ал осы квота жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін және қолданыстағы заңнама аясында мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларын ұсынуды ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылатындығын айтқан жөн. Өткен жылы елімізге шетелдерден 13 мыңнан астам этностық қазақ көшіп келіп, қандас мәртебесін алған болса, олардың 1378-і ғана өңірлік қабылдау квотасына енгізілген. Бұл сонша қандасымыз ғана жұмыс күші жетіспейтін облыстарға әкімдіктердің шақыруымен сол жақтарға қоныстанып, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, ал алыстан келген ағайындардың 12 мыңға жуығы онсыз да халық тығыз орналасқан, жұмыс күші көп оңтүстік және батыс өңірлерге, сондай-ақ үш мегаполиске ат басын тіреді деген сөз.
Осыған орай, жуырда мәжілісмендер еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріндегі демографиялық ахуалға алаңдаушылық білдіре отырып, көші-қон саласында қалыптасқан практиканы орынды сынап, қандастарды қабылдауға бөлінетін квотаның санын көбейту қажеттігі туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Оған берілген ресми жауапта: Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әрбір азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес 2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың қайта оралуына жәрдемдесу жоспарлануда. Осыған байланысты, шетелден келетін қандастар санының ұлғаюын ескере отырып (жергілікті атқарушы органдар өтінімдерінің негізінде), қандастарды қабылдау квотасы қайта қаралатын болады», делініпті. Тек қандастарды тұрақты жұмыс орындарымен және баспанамен қамтамасыз етуді қиынсынатын әкімдер биылға беріп қойған өтінімдерін қайта қарап жарыта қояр ма екен?
Басқа өңірді айтпағанда, демографиялық жағдайының күрделілігі ескеріліп, республикалық бюджет қаржысы есебінен қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз ету бойынша қанатқақты жоба іске асырылып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының өзінде кейбір жергілікті басшылар көшіп келген ағайындарға жанашырлық көрсетіп жатқаны шамалы. Атап айтқанда, Аққайың, Айыртау және Қызылжар аудандарының әкімқаралары қоныс аударушылар үшін салынған тұрғын үйлерді көргенде көңіл бұзылатын кемшіліктеріне көздерін жұмып қарағандықтары анықталды. Тек олар көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға саботаж жасағанмен пара-пар көзбояушылықтары үшін «сөгіс», «қызметіне толық сай емес» деген, әдетте шенеуніктер шыбын шаққан құрлы көрмейтін тәртіптік жазаларды арқалап, оңай құтылыпты.
Ал демографиялық жағдайы жақсартуды тілейтін Шығыс Қазақстан облысында Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Глубокое және Ұлан аудандарында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің директорлары қоныс аударушыларды көшіріп әкеліп, жұмысқа қабылдағандықтары жөнінде жалған құжат толтырып, 20 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғанын әшкерелеп, қылмыстық іс қозғаған. Алаяқтық жасады деген айып тағылған басшылар ұсынған қағазда жазылғанның анық-қанығына көз жеткізбей, соншама қаржыны банк арқылы аудара салған жергілікті шенеуніктердің «сенімпаздығына» қалай иланарсың?
Жалпы, өңірлердегі осы тақылетті былық-шылықтардың ашылмағаны қанша екенін бір Құдай білсін. Бұдан түйер ой: ішкі және сыртқы көші-қон саласының стратегиялық маңызы артып отырған қазіргі уақытта бір кезде Үкімет жанында болған Көші-қон және демография агенттігін қайтадан құру керек сияқты. Себебі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті өзінің атауы айтып тұрғандай, «екі кеменің құйрығын ұстағандай» жағдайда болғандықтан, көші-қон мәселелерімен атүсті айналысады.
Осы орайда тағы бір ескеретін жайт: жақында Мәжіліс депутаттары Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген 10 мың қазақстандықтың құқықтарын қорғау мәселесін көтерді. Оны шешу үшін Қазақстан Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасында екіжақты келісім жасалуы қажет. Кезінде Корея тарапы аталған келісімді жасау үшін Қазақстан Үкіметінің жанында көші-қон мәселелерімен айналысатын арнайы уәкілетті орган болуы жөнінде шарт қойған болатын. Сол шарт орындалмағандықтан, одан әрі келіссөз жүргізуден бас тартқан. Ал сол талапқа уақтылы құлақ асып, көші-қон агенттіктерін құрып, тиісті келісімге қол қойған көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанның көптеген азаматы қазір «Азия жолбарысы» атанған озық елде заңды негізде жұмыс істеп жүр. Осы тұрғыдан алғанда да біздің елде де Көші-қон және демография агенттігін құру қажеттілігі бар.
«Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дейді халық мәтелі. Сол секілді, Елбасымыз бастаған, Президентіміз қостаған әп-әдемі істі өңірлердегі әкімқаралар қор қылмаса болды, әйтеуір...