Бүгінгі таңда әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны 130 млн адамға жетсе, қаза болғандар саны 2,8 млн-ды құрайды. Аталған вирустың құрығынан құтылған бірде-бір ел жоқ. Қазіргі уақытта дүние жүзінде COVID-19 пандемиясының үшінші «толқыны» өтуде және вакциналауға қарамастан жалпы жұқтырған адамдар санының өсу қарқыны бүгінге дейін әлі бәсеңдемей тұр. Оған қоса COVID-19-дан әлемдік экономикаға келтірілген залалы жүздеген млрд долларды құрап, ғаламдық экономикалық дағдарысқа ұшыратып отырғаны белгілі.
Жаңа вирус дегеніміз не? Ол қайдан шықты және онымен күресудің қандай жолдары бар?
Коронавирустар – бұл адамдарға, жануарларға және құстарға жұғатын вирустардың үлкен тобына жатады. Кейбір коронавирустар адамдарда жалпы алғанда жеңіл немесе ауырлығы орташа өтетін тыныс алу жолдарының жіті вирустық инфекцияларының қоздырғыштарының қатарына кіреді. Алайда осы уақытқа дейін коронавирустар тарапынан болған өте ауыр және де қатерлі екі жұқпалы ауру тіркелді: 2002-2003 жылдары Қытайда орын алып, өлім-жітімі 10%-ға жуықтаған жарғанаттан адамға берілген «ауыр жіті респираторлық инфекция» (SARS CoV) дерті және 2012 жылы өлім деңгейі 34,4%-ға жеткен түйеден жұққан «Таяу Шығыс респираторлық синдромы» (MERS CoV) ауруы. Адам ағзасына зияны өте жоғары штамдардың екеуі де жануарлар коронавирустарының адамға жұғу қабілетіне әкеліп соққан мутациялардың нәтижесі. Бірінші жағдайда 8 096 адам ауруға шалдығып, оның 774-і қайтыс болса, екіншісінде 2 494 науқастанғанның 858-і көз жұмған. Осы жоғарыдағы аталған коронавирустарды жұқтырған адамдардың салыстырмалы түрде санының аз болуы жаңадан пайда болған мутанттардың адамнан адамға жұғу қабілетінің әлсіздігіне байланыстылығы дәлелденген.
Алдымен 2019 жылдың желтоқсанында Қытайдың орталық бөлігінде Ухань қаласында тіркелген коронавирус (SARS-CoV2) айтарлықтай жұқпалы және адамдар арасында таралу жылдамдығының жоғарылығы бұл вирустың жаһандық COVID-19 пандемиясының пайда болуына әкеліп соқты.
SARS-CoV2 вирусы мутацияға тез ұшырауға қабілетті, бұл дегеніңіз жаңа штамдардың табиғатта пайда болуына әкеліп соғатыны анық. Қазіргі уақыттың өзінде SARS-CoV2 штамдарының он шақты түрі белгілі болып отыр. Оның төртеуі соңғы уақытта әлемде кең таралғаны туралы ақпараттар жайлап кетті, бастапқы «уханьдік» және «еуропалық» нұсқалар, оған қоса жақында пайда болған «британдық» және «оңтүстік африкалық» штамдар, соңғы екеуі алдыңғыларға қарағанда адамдарға тез жұғатын және ауруларға зардаптары өте жоғары.
Әлемдік қауымдастық туындаған мәселелерді кешенді жолмен шешу үшін мемлекеттік зерттеуді үш бағыт бойынша қаржыландыруы тиіс:
- біріншісі – пайда болған инфекция көздері мен вирустың жаңа түрлерін диагностикалау және оны дер кезінде анықтау. Елімізде отандық тест-жүйелерінен жасалған және вирустардың мутантты формаларын анықтау бойынша жұмыстар өз дәрежесінде жолға қойылған. Қазіргі қоғамдағы жаһандану мен халықаралық барыс-келістің жоғары болуы COVID-19 инфекцияның тез таралуы үшін қолайлы жағдай туғызып отырғаны баршаға аян.
- екіншісі – аурудың алдын алу, бүгінгі таңда адамзаттың басты үміті халықты жаһандық вакциналау және ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, яғни коронавирустың таралуына барынша жол бермеу. Елімізде COVID-19-ға қарсы бірқатар вакцина жасалып жатқанын барлығымыз да білеміз және нәтижелері де дұрыс болатынына сенеміз. Жақын арада отандық жаппай вакциналау басталатындығын қолдай отырып сәттілік тілейміз.
Алайда бірқатар басқа да маңызды жайт ескеруді қажет етеді, атап айтар болсақ, тіпті вакцина жеткілікті болған жағдайда да, тұрғындарды жаппай вакциналау ұзақ уақыт алады (кем дегенде 2-3 жыл). Бұған вакциналардың қазіргі тапшылығы да едәуір әсерін тигізуде. Оған қоса, SARS-CoV2 вирусы мутацияға тез ұшырайтындықтан пайда болуы ықтимал жаңа штамдарға қолданыстағы вакциналар тиімсіз болып қалуы әбден мүмкін. Ал бұл, өз кезегінде, вакцинаның құрамын өзгертуге әкеліп соғады да, нәтижесінде қосымша шығындарды талап етеді. Вакциналаумен бүкіл халықты вирустан қорғап қалу өте қиын міндет, өйткені халықтың шамамен 10%-ында антиденелер түзілуіне кедергі болатын иммундық жүйе ерекшеліктері болады. Осындай құбылыс тұмауға қарсы жаппай егу кезінде де байқалады.
Сондықтан да қоғамды бұл індеттен сауықтыру тек вакцина егумен жүзеге аспайтыны баршаға аян. Сондықтан кешенді жоспардың үшінші құрамдас бөлігіне, яғни вирустық инфекцияны жоятын немесе оны жеңілдететін қауіпсіз және жоғары тиімді дәрілік препараттарды әзірлеуге ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Мұндай дәрі-дәрмектер миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қана қоймайды, сонымен қатар қазіргі дағдарыстағы денсаулық сақтау жүйесіндегі ауыр науқастардың көпшілігін ауруханаға жатқызып және оларға жедел медициналық көмек көрсетуден туындайтын ауыртпашылықтарды едәуір төмендетеді.
Көптеген адамда COVID-19 симптомдары шамалы немесе тіпті мүлдем болмауы мүмкін, бірақ та ауру жұқтырғандардың кейбіреулері ғана ауыр науқасқа шалдығады, ал өлім деңгейі, әдетте, жасына байланысты және ілеспе аурулар (иммунитет тапшылығы, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және т.б.) болған жағдайларда артады. Бүгінгі күні ауырған адамдарды емдеу үшін арнайы COVID-19 вирусына қарсы препараттардың болмауына байланысты симптоматикалық дәрі-дәрмектер қолданылады (ыстық түсіретін, қабынуға қарсы, тромболитикалық және т.б.), яғни вирустан болатын аурудың салдарымен ғана күреседі. Адам ағзасындағы вирустың өзімен, яғни оны жоюға дәрменсіз.
Статистикалық көрсеткіштер бойынша, қазіргі кезде COVID-19-дан қайтыс болғандардың жалпы саны жұқтырғандар санының 2%-ын құрайды, ал жаңа қатерлі вирустық штамдар пайда болған жағдайда бұл көрсеткіштің мөлшері айтарлықтай артуы да мүмкін. Сондықтан ауруды емдеу үшін тиімділігі жоғары вирусқа қарсы дәрілік препараттарды пайдалану өте маңызды. Әсіресе өлім-жітім мен таралу деңгейі өте жоғары ірі қалаларда бұл мәселені тез арада шешу өте өзекті болып отыр.
Осы жайларды ескере отырып, қазіргі кезде әлемнің көптеген елінде вакциналар және тест жүйелерімен қатар, COVID-19-дан емдеуге арналған жаңа дәрі-дәрмектерді іздеу және жасап шығару қарқынды жүруде. COVID-19-ды басқа инфекцияларды емдеуге арналған қолданыстағы дәрі-дәрмектермен (ремдесивир, фавипиравир, лопинавир, гидроксихлорохин және т.б.) емдеуге талпыныстар болғанымен, одан мардымды нәтиже шыққан жоқ. Сондықтан SARS-CoV 2 және басқа вирустық инфекцияларға қатысты жаңа арнайы дәрілік препараттарға үлкен үміт артылып отыр. Соңғы уақыттағы оқиғалар көрсеткендей, ауқымды эпидемия жағдайында фармацевтика өндірушілері дәрі-дәрмектерді экспорттауды тоқтатып, алдымен өз елінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға тырысады. Ал өздерінен артылса ғана басқа елдерге көмектесуге қолдарын созады.
Осыған орай, «COVID-19 және басқа да пандемиялық қоздырғыштар туғызатын инфекцияларды арнайы емдеу мен алдын алу құралдарын әзірлеуге бағытталған ғылыми-техникалық бағдарламалар шеңберінде зерттеулер жүргізу» туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жуырда жарияланған конкурсы мемлекетіміздің дер кезінде қабылдаған бастамасы болды.
Біздің ұйым – Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы (бұдан әрі – орталық) осындай бағдарламаны іске асыруға белсенді қатысуға дайын екенімізді білдіріп отырмыз. Бұл орталық – елімізде микробиология мен вирусологияның іргелі және қолданбалы мәселелерін зерттеу саласындағы басты жетекші ұйым болып табылады. Себебі қазіргі уақытта Қазақстандағы вирусологтердің негізгі күштері, соның ішінде тұмау мен коронавирустарды зерттеу саласындағы халықаралық деңгейдегі жоғары білікті мамандар бізде шоғырланған. Орталық вирусологиялық және молекулалы биологиялық зерттеулерге арналған заманауи қондырғылармен жабдықталған, мамандары вирустық инфекциялардың диагностикасы, алдын алумен мен емдеу жолдарын жасау мәселелерімен айналысады. 2015 жылы Таяу Шығыста MERS-CoV коронавирус инфекциясы белең алған кезде, орталықтың бастамасымен жетекші шетелдік вирусологтерді тарта отырып, коронавирустарды диагностикалау бойынша көшпелі және зертханалық семинарлар өткізілді. Орталықта 2019 жылдың сәуір айында дәрілерге төзімді микроорганизмдер мен вирустарға қарсы күрес бойынша халықаралық ғылыми семинар Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды. Оған әлемнің 14 елінің жетекші микробиологтері, вирусологтері мен жұқпалы аурулар жөніндегі ғалымдар қатысты, оның ішінде АҚШ ұлттық денсаулық сақтау институтының 20-дан астам белгілі ғалымдары болды. Сонымен қатар АҚШ (ДДҰ Мемфис қаласындағы ғылыми-зерттеу ауруханасындағы тұмау орталығы, Теннеси) және Ұлыбритания (Лидс Университеті, Лидс, Ұлыбритания) ғалымдарымен бірге вирустық инфекциялар саласындағы бірлескен халықаралық жобалар жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні, біздің орталық вирусқа қарсы препараттарды жасауда, оның ішінде вирусқа қарсы өсімдік және микроб тектес белсенді қосылыстарды бөліп алып, олардың негізінде жаңа дәрілік препараттарды әзірлеуде мол тағылым мен тәжірибеге ие. Сондай-ақ вирусқа қарсы әсері бар бірқатар өсімдік және микробтық препарат әзірленіп патенттелді. Саңырауқұлақ пен вирусқа қарсы ауқымды белсенділігі бар жаңа «Розеофунгин-АС» препараты әзірленіп патенттелді, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерден сәтті өтіп медициналық тәжірибеге енгізілді. Бұл препаратты өндіру орталықтың өндірістік базасында жүзеге асырылып жатыр (ЖШС «Өндірістік микробиология»).
Қорыта келгенде, COVID-19-бен күресу үшін диагностика, вакцинация және вирусқа қарсы бағытталған терапия сынды кешенді тәсілді қолдану керек. Сондықтан COVID-19 және басқа пандемиялық вирустарға қарсы тиімді жаңа отандық дәрі-дәрмектерді жасауға ерекше назар аудару қажет. Бұл тек осы қауіпті вирустық инфекциялардың өршуіне шұғыл әрекет үшін ғана емес, сонымен қатар елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан да өте маңызды. Отандық дәрі-дәрмек өндірісін арттырып, еліміздің фармацевтика саласының дамуына байланысты ғылыми зерттеулерге басымдық беру кезек күттірмес уақыт талабы.
Аманкелді САДАНОВ,
«Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы»
ЖШС бас директоры,
биология ғылымдарының докторы,
профессор, академик,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты