Болжам дәл келді. Бүгінде әлемдегі бірнеше ірі мемлекет етек-жеңін жинап, өршіп бара жатқан инфекцияны болдырмауға барын салып жатыр. Біздің елімізде де ахуал айтарлықтай мәз емес. Қазақстан таяуда әлемдік эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймаққа» өтті. Қызылорданың жағдайы «жасыл» болып тұрғанымен, бір аптаның мұғдарында мұнда да індетке ілінгендер көрсеткіші едәуір өсіп тұр. Мысалы, 1 сәуір күні 27 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болған. Келесі күні тағы 32 адамның бойынан дерт белгісі білінді.
Облыста індет басталғалы бері 4 103 тұрғын инфекция жұқтырған. Оның жартысынан астамы скринингтік тексеру нәтижесінде анықталыпты. Қарым-қатынас арқылы жұқтырған жағдайлар да жиілеп отыр. Осы уақыт аралығында 3 913 адам дерттен айығып шықты. Дәл осы күні емдеу мекемелерінде 102 науқас ем алып жатыр, 11 адам облыстық инфекциялық стационардың жансақьау бөліміне жатқызылған. Эпидемиялық маусым басталғалы бері Облыстық фтизиопульмонология орталығы, Ұлттық сараптама орталығы мекемелері және ИНВИВО, «ОЛИМП» клиникалары, Арал обаға қарсы лабораториясы арқылы 259 118 сынама алынған.
– Наурыз мерекесінен кейін індет жұқтырғандар санының күрт көбейгені байқалады. Қанша айтылса да, карантин талаптарын сақтамай мерекелік корпоративтер, жасырын той-жиындар жасайтындар азаймай отыр. Карантинге алынып, үй жағдайында оқшауланған адамдар мен оларға күтім жасайтындардың да сақтық шараларына салғырт қарауы кездесіп қалып жатыр. Вирустың мутацияланған жаңа штамдарының белсенділігі артып келе жатқаны да мамандарды қатты алаңдатады, – дейді облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова.
Облыс «жасыл аймақта» болғанымен, көрмелер, форумдар, конференциялар, сондай-ақ отбасында адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге салынған тыйым күшінде тұр. Бетперде киіп, жеке гигиена ережелерін ұстану, қоғамдық орындарда арақашықтық сақтау талаптары да өзгерген жоқ. Облыстың бас санитары дене қызуы көтеріліп, жөтелген және тыныс алу қиындаған жағдайда бірден медициналық көмекке жүгінуге шақырып отыр. Ата-аналар күн сайын балаларға сақтық шараларының маңыздылығын түсіндіріп отыруы керек. IV тоқсаннан бастап білім беру дәстүрлі форматқа көшірілді. Мектеп оқушылары арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында шектеу шаралары, оның ішінде карантин кезінде білім беру ұйымдарына қойылатын санитарлық-эпидемиялық талаптар белгіленді. Бұл талаптар әрбір мектепте бұлжытпай орындалуы тиіс. Жағдай аяқ асты ушыға қалса жұқпалы аурулар және провизорлық стационарларда 3 200 төсектік орын дайын. Қызылорда қаласында 200 төсектік орындық жаңа модульді жұқпалы аурулар ауруханасы, Жалағашта 100 төсектік орындық аурухана бой көтерді. Облыстық көпбейінді және Қазалы ауданаралық ауруханалары жанынан оттегі стансалары салынды. Өңірде дәл қазір 3 500 қызметкерден кадрлық резерв жасақталып тұр. Былтыр жазда болған дәрі-дәрмек жетіспеушілігінің енді қайталанбауына назар аударылды. Қазірдің өзінде 2 айлық қор бар. Бюджеттен оны толтырып тұруға тағы да 488 млн теңге қаралды. Алыс ауылдың тұрғындары үшін 2 медициналық кешен және 40 санитарлық көлік алынды.
Бүгінгі дайындық барысы осылай болып тұр. Бірақ мамандар ең бастысы тұрғындар «сақтансаң ғана сақтайтынын» ұмытпаса екен дейді. Сонда ғана дерттің беті қайтар еді. Біз көп ретте санитарлық талапты айналып өтіп кетудің амалын іздеп жатамыз. Сондайлардың жыл басынан бері 105 мәрте карантин талаптарын бұзғаны анықталып, оларға әкімшілік айыппұл салынды. Әрине, дертке шалдыққанға көмек көрсету – дәрігердің міндеті. Бірақ абзалы ауырмаған ғой. Ал ол ең алдымен өзімізге байланысты.
Қызылорда облысы