Қоғам • 05 Сәуір, 2021

Қарғын судың қаупі сейілген жоқ

311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Судың тілсіз жау екеніне шығысқазақстандықтардың көзі әбден жеткен. Сонау жылдары өзенді қойып, жылт еткен бұлағы жоқ елді мекендерді де топан су басқан. 2019 жылдың көктемі ше, әкімдердің аяғынан резеңке етік түспеп еді ғой. Алдын алу жұмыстары жүргізілмесе, солай болады да. Өткеннен сабақ алған билік екі жыл қатарынан көктемгі тасқынды болдырмау үшін жан-жақты шараларды қолға алған.

Қарғын судың қаупі сейілген жоқ

Биыл облыста арнайы мамандар 94 елді мекенді су басу қаупі бар екенін анықтапты. Ойдағы қар кеткенімен, таудың қары еріншектене ериді. Қауіп те сол жақтан келуі мүмкін. Сондық­тан да әр аудан басшылығы өз аумағындағы өзен арналары мен көпірлердің ауыздарын қатқан мұз, кептелген қоқыстан тазартып жатыр. Аяқасты тасқын бола қалса, жұмылдырылған апаттық-құтқару жеке құрамы да сақадай сай дайын отыр. Құтқарушы құрам 708 дана «Лиман» атты бас киімі мен етігі бар гидрокостюммен жабдықталған. Ал су тасқыны қиындаған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп құрылған күштердің құрамында 3 мың адам, 24 112 бірлік техника және 370 мотопомпа бар. Сондай-ақ 108 эвакобекет дайындалған.

Жуықта төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері,  «Қазселденқорғау» облыстық филиалы және «Қазгидромет» РМК мамандары бірлесіп, тік­ұшақ­­пен су тасу қаупі бар учас­ке­лерді бақылап қайтты. Аэро­ви­­зуалды бақылау Глубокое, Ал­тай, Катонқарағай аудандары­на жүр­гізілді. Мониторинг кезін­де Бұқ­тырма, Красноярка, Глубо­ч­ан­ка өзендерінің арналары тексерілді.

– Аэровизуалды зерттеулер тұ­рақты гидрологиялық жағ­дай­­ды көрсетеді. Су арнасы­нан шы­ғып кетеді-ау деген маңай­лар­ды байқап қайттық. Өзендер­дегі су деңгейінің қауіпі шектен тө­мен, – дейді облыстық төтен­ше жағдайлар департаменті бас­қар­­ма­сының бастығы Алексей Штыкель.

Өңірдегі қардың да көп бөлігі еріп кетті. Соңғы екі аптада 97% қар 50%-ға дейін азайған. Жер тоңының жоғары қабаты да жібіді. Алайда Күршім, Катон­қарағай, Бесқарағай, Зайсан, Алтай және Бородулиха аудан­дарын­­да тоңның бір қабаты бусана қоймаған сияқты. Облыс­тың жазық аумағындағы қар жа­мыл­ғысының қалыңдығы 50 сантиметрден аспайды. Алтай ауданында ғана 75 сантиметрді құрайды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Алда-жалда су тасқыны бола қалған жағдайда, қалалар мен аудандардың әкімдіктері 109,6 мың дана ыдыс-қап, 15,5 мың тонна инертті материал, 532 тонна ЖЖМ дайындауды ұйымдастырып қойған.

– Төтенше жағдайлар ми­нистрі­нің бұйрығы бойынша 52859 әскери бөлімінен механика­ландырылған жиынтық жасақтан 8 бірлік техника, 4 жүзу құралы мен 10 тасымалды мотопомпа, жеке құрамның 50 адамынан тұратын күштер мен құралдар келді. Тәулік бойы көшелердегі қар тазаланып жатыр. Бұлақ көздері ашылды. Су өткізгіштер мен көпірлердің асты тазаланды. Күніне бірнеше рет өзендер мен көлдердегі су деңгейі өлшеніп отыр, – дейді Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов.

Мұндай сақтық шаралары Күршім, Катонқарағай, Көкпек­ті, Тарбағатай, Үржар, Глубо­кое, Ұлан аудандарында да жүр­гізіліп жатыр. Ауыл маңындағы бұлақтардың бойын тазалауға во­лон­терлер мен жергілікті тұр­ғын­дар да білек сыбана кіріскен.

– Екі-үш жыл бұрын жайбарақат жатып, көктемгі тасқынды ауыз­дық­тай алмағанымыз шындық. Қазір әйтеуір бұл іске әр аудан жа­уапкершілікпен қарайтын болды. Біз де үйдің маңындағы бұлақ­тан бастап, ауыл сыртындағы өзен арналарына дейін ашып жа­тырмыз. Аудан басшылығы дайын­дықты жіті қадағалап отыр, – дей­ді Самар ауылдық ардагерлер ке­ңе­сінің төрағасы Айдархан Садықов.

Көкпекті ауданының Самар ауылы Бұқтырма су қоймасы­ның жағалауында жатқандықтан, сақтанбасқа болмайды. Үлкен­ді-кішілі өзен-көлдері де аз емес. Сол сияқты Ұлан ауданында да сақ­­тық шаралары әкімдіктің наза­рын­да. Ауыл ішіндегі қар кет­кені­мен таудағы қардың көбесі сөгі­ліп, тоңы бусана қойған жоқ. Сон­дық­тан да арқаны кеңге салуға әлі ерте.

 

Шығыс Қазақстан облысы