Іс-шараны өткізу барысында департамент басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Орал Әбдірахманов, төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Серік Наурызбаев құрылымдық бөлімшелердің командирлерінен іс-қимылдарға дайындығы туралы баяндамаларын тыңдады. Сондай-ақ О.Әбдірахманов техниканың, құрал-жабдықтардың жинақылығы мен жарамдылығына, параметрлерінің қойылған мақсаттарға сәйкестігіне назар аударды. «Су тасқыны қаупіне жедел әрекет ету үшін облыста 7 негізгі топ құрылды, олар облыс аудандарындағы неғұрлым қауіпті учаскелерге бағытталатын болады. Топтардың құрамында 32 бірлік арнайы техника, 160 адам бар. Әрбір топта жүзу құралдары, су сору техникасы (42 бірлік мотопомпа) бар. Жеке құрам комбинезон және құтқару кеудешелері түріндегі қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді», деді ол. Сондай-ақ тасқынға қарсы күреске Ұлттық ұланнан 60 адам және 3 бірлік техника тарту көзделген. «Бұл топтар Айыртау және Ғ.Мүсірепов аудандарының шағын өзендеріне мониторинг жүргізетін болады. Қажет болған жағдайда олар мұзды жарып, ұсақтау, эвакуациялық іс-шаралар жүргізеді», деді С.Наурызбаев.
Ал көктемгі су тасқынының кешегі болжамы мен оған қарсы жасалып жатқан шаралар туралы департамент бастығының орынбасары, майор Мұрат Қанғожинов былай деді: «Соңғы жылдары өңірде су тасқынына қарсы іс-шаралардың үлкен көлемі жүзеге асырылды, соның нәтижесінде 160-тан астам елді мекенде қауіп-қатер төмендетілді. Атап айтар болсақ, 13 су өткізу құбыры орнатылды, 500 метрден астам кедергі салынды және 5,5 шақырымнан астам топырақ үйінділері нығайтылды. Бұдан басқа, су басуға аса бейім учаскелерде 119 шақырымнан астам топырақ үйінділері мен 7,5 шақырым қорғаныш үйінділері салынды». Сондай-ақ ол ТЖ департаментінің тобы құрылып, тұрақты дайындыққа келтірілгенін, су басу қаупі туындаған жағдайда эвакуацияланатын халықты уақытша орналастырудың 325 пункті дайындалғанын айтты. Ал 15 наурыздан бастап облыс аумағындағы Айыртау, Тайынша, Уәлиханов және Ғ.Мүсірепов аудандарындағы 14 қауіпті су қоймаларында кептелістердің алдын алу мақсатында 4 630 шаршы метр жарылыс жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Наталья Левина облыс аумағында жылымық температураның басым болуы мен жердің күнделікті қатуы байқалып отырғанын атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы