Таным • 05 Сәуір, 2021

Қилы заманның хикаялары

1205 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақ көркемсөзінің көшелі кө­шінде талантымен танылған, шы­ғармашылық шеберлігі шың­дал­ған көрнекті жазушы Кәдірбек Сегіз­байұлы сексеннің сеңгіріне шық­ты. Ол осынау мерейлі жасын жаңа шығармасымен қарсы алып отыр. Шау тартса да шабытына тұсау түспеген жазарманның қазақ елінің кешегі қилы кезең, зұлмат замандағы өмір өткелдерінен сыр сабақтаған «Тағдыр толқыны» романы тақырыбы тосын болмаса да, кестеленуі көркем, түйіні тәлімді туынды. Уақыт бөліп оқып шыққан оқыр­манның қай-қайсысы да біз­дің пікірімізді қоштай кетеріне сенім­дімін.

Қилы заманның хикаялары

Роман жазғы жайлаудағы жұрттың бей­қам да мамыражай тіршілігін, жұмақ өмірдей сезінетін сәтін келістіре суреттеуден басталған. Қазақтың ежелден қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмай, бар сән-салтанаты жарасқан сол салауатты өмірінің табан астында қиюы қашып, азабы мен тозағы жалғасқан қаралы жылдардың баяны шығармаға арқау болыпты. Бар­ша қазақ халқының басына түскен бұл зұлмат соғыс жүріп жатқан жердегі орыс жауынгерлеріне оқтан пана болатын ор қазу сияқты қара жұмысқа қазақ жас­тарын міндеттеген ақ патшаның мизам жарлығы еді. Елінің ертеңгі тірегі болар өрімдей жастардың бас­тарын тірідей өлімге байлап соғысқа жіберуді қаламаған ел-жұрт, сол сойқан сүргіннің тауқыметін тартатындарын білген соң тәуекелге бел байлап атқа қонған. Зайсан оязы С.Кубицкийдің кең­сесінің алдындағы алаңға жиналған жұртшылықтың атынан сөз алған оқы­мысты Абзалы Тонкин: бұған дейін шұ­райлы қонысымызды, суатты өрісімізді ал­ғандарың аздай, енді келіп жас ұр­пақты отқа байламақсыңдар. Оған енді көне алмаспыз. Қатын патша Екатерина ІІ-нің балаларыңды солдатқа алмаймыз деген уәдесін неге бұздыңдар деп жиналған жұрттың сөзін жеткізген. Оның сөзін қоштап әрі жалғастырған Әлібай мерген: шыдамның да шегі бар. Ат жалын тартып мінген боздақтарын жат ел, бөтен жерге айдап апарып, сүйектерін көмусіз қалдырмақшы қара ниеттеріне көне алмайтындарын, намыс үшін күресіп, туған жердің топырағын жастанып өлуге де даяр екендерін айт­қан. Сол сол екен ояз бастығы Әлі­бай, Аб­залы бастаған, белсене қарсы шық­қан­дарды тізімге алып, біртіндеп көз­дерін жоюды қасындағы жандайшаптарына тапсырған.

Ояз бастығы Кубицкийдің арам пиғылын жұртшылық та сезген. Жиын тар­қасымен ел жақсылары жасырын бас қосып, ақылдаса келе арғы бет – Шығыс Түркістанға қоныс аударуға уәде байласқан. Орыстың оңайшылықпен шекара асыра коймасын біле тұра осындай шешімге келген ел ағалары: өлсек те майдандасып барып өлейік деген ұйғарымға ұйысқан. Осы жерде жазушы салғырттық, бойкүйездік салдарынан бодандыққа көніп, жүнжіп жүріп «орыс пен қытайдың қолынан келген іс – бізде от қару неге жоқ, мал қамымен жүріп, өзіміз де мал болып кеткен сияқтымыз» деген Ақбай болыстың ащы да болса, жаны күйіп, ақиқатын айтқан лебізін барша қазақтың өзегін өртеген өкініші екенін еске салып отырғанын аңғарамыз. Солайша, бастарын қиса да, намыс жолында жан пида деп Әлібай мерген, Күркебай батыр бастаған бір қауым ел арғы бетке көш түзеуге тәуекел еткен.

Иә, бұл ұлт тарихына көз жүгіртсек, шығыстағы бірер ауыл емес, күллі қазақ елінің басына түскен ауыртпашылық екені белгілі. Он алтыншы жылдың ойраны осылай басталып, небір қысылтаяң заманды, тағдыр тауқыметін тарттырған тар кезеңді бастап өткере жүріп те қазақ жұрты қайтадан ел қатарына қосылып, ақыры тәуелсіздіктің туын тікті. Жазушы болса, осы шығармасы арқылы ата-баба арманына қол жеткі­зудің ұзақ та азапты жолын еске салып, елдіктің, еркіндіктің қадірін асқақ­тата бағалау қажеттігін санамызға сіңір­мек ниетте. Осы орайда азаттық жолын­да қаншама қиямет-қайым шексе де төзіп, береке-бірліктерін сақтап, ұрпақ­тарының бүгінгі бостандықтың қызық-қуанышына бөленіп, бақуатты ғұмыр кешіп жатқанына шүкіршілік дейміз.

Біз романға желі болған оқиғаларды қыс­қа қайырып отырмыз. Ал тізбелей таратып айтар болсақ әңгіме ұзаққа созы­лары сөзсіз. Өйткені шығарма он ал­тыншы жылдың дүрбелеңінен бас­талып, ауған елдің отанына оралуы, қа­зан төңкерісі тұсындағы «ақ» пен «қызыл­дың» арасындағы айқастың ла­ңы, ұжымдастыру науқанындағы асыра сіл­теу сынды сыңаржақ саясаттың сой­қандары, ашаршылықтың арты үркін­шілікке ұласып, шекараға жақын ауыл тұр­ғындарының ауа көшу кезіндегі қыр­ғынға ұшырауы, бас кейіпкер Әлібай мергеннің Кеңес өкіметі тарапынан тер­геу­ге алынып, ақыры ақталып шықса да, өз елі өгейсіте берген соң амалы тау­сы­лып біржолата арғы бетке қоныс ауда­руы­мен аяқталатын романның айтып тауы­са алмайтын ұзын-сонар хикая­лары жет­кілікті.

Ел басына күн туған қысылтаяң шақта ақ патшаның айтқанын істеп, айдағанына көнгісі келмей, тығырықтан шығар жол табуға тырысқан жұртшылықтың екіұдай пікірі ортақ ұйғарым жасауға қиындық келтірген. Сол сәттегі күйзе­ліс­тен жаны күйінген бір ақылман ақ­сақалдың: «А, құдай, бергеніңе шүкір деп, ішкенге мәз, жегенге тоқ болып жүр­­ген тым бұйығы, тым момын ғып жарат­­қан Аллаға ренжімесең, кімге назың­ды айтарсың?!» деген аталы сөзін жазушы бекер келтіріп отырған жоқ. Қазақтың жаратылысындағы осынау орынсыз көнбістігі мен бейқам мінезін мінеп, сол кесірлі қылықтан арылмай ел қатарына қосылу мүмкін еместігін ескертуі деп түсіну керек. Сайып келгенде, бұл өзі қазіргідей заман өзгеріп, қоғам жаңарып жатқан алмағайып кезде де санада сараланып, сабақ алатын, ұлттың ұпайын түгендеуге келгенде сал­ғырттыққа салынып, көнбістікке жол бермей, күрескерлік рухты қастерлеу, ұлтыңды ұлықтауды мегзеп отырған ойталқы. Айтып айтпай не керек, жазушы ең бастысы, қазақ қайратына мінсе кез келген ауыртпашылықты жеңетініне сендіріп отыр.

Ояз бастығы С.Кубицкийдің би-б­о­лыс­тар мен ел ақсақалдарын ша­қырып алып, Зайсанда алғаш жиналыс өткізгенде сурылып ортаға шығып, бауыр етіміз – бауырларымызды қорлап, қара жұмысқа жібере алмаймыз. Сөз осы деп тайсалмай тоқ етерін айтқан Әлібай мерген ұлықтың ішке кіріп сөйлеуге шақырғанынан да бас тартқан жоқ. Алдап апарып атып тастайды, келіспе деген көпшіліктің сақтандырғанынан да секем алып сескенбей: қаша жөнелсем бір мені ғана емес, біршама жұртымды қорқақ атандырар, өйтіп сүйекке таңба түсіргенше, неде болса көріп алдым дейтін мергеннің елдің намысын жыртып, қайсар мінез танытуы әрине, көп­шіліктің күпті көңіліне демеу болып, тәуекелге бел байлауларына түрт­кі бол­ғаны анық. Әлібай ақыры айт­қан сөзінде тұрып, ел-жұртының көшін бастап, ақыл-айласын асырып, төтен­нен жол табуға аянбай атсалысқан ер азаматтың болмысын дәлелді дәйек­тер­мен көрсеткен жазушының сөздеріне рия­сыз сеніп, риза боласың. Алмағайып заманда алған бетінен қайтпай, тар жол, тайғақ кешу кезінде бір қауым елдес­ін адастырмай, жандарын сақтап қалуға септігі тиген, өз қара басы қаншама азапқа түссе де, төзімділік таны­тып, еліне көшбасшы болған Әлі­байдың ерлігі мен біліктілігін соншама сүйіспеншілік сезіммен суреттеп шық­қан-ақ. Бұл тегі бір Әлібай емес, күллі қазақ елінің азаттығы жолында жанқиярлық ерліктерімен, адастырмас ақылдарымен және көрегендіктерімен арқатірек болған боздақтардың ортақ бекзат бейнесіне сөзбен соғылған ес­керткіш десек те болғандай. Елінің ер­кіндігі, халқының бостандығы үшін жан аямай күрескен, тар кезеңде тағдыр тол­қыны өмірін талай-талай аударып-төң­керіп, сынаққа салса да азаматтық асқақ рухын сақтап қалған Әлібай мер­геннің есімі Зайсан қаласының бір көшесіне беріліпті. «Ер есімі – ел есінде» қалатынының жар­қын мысалы бұл. Жазушы осы шы­ғар­масы арқылы бүгінгі бостан қазақ елінің тәуелсіздікке қалай жеткендігі жолындағы тарихи шындықтың боямасыз болмысын көркем сөзбен кестелеген романның мән-маз­мұны осындай ой-толғамдарымен сүй­сінтеді.

Кәдірбектің кейіпкер бейнесін сом­даудағы соны әдеби әдісі де көңілге қо­нымды. Мысалы, осы романда Әлі­байдың адами тұлғасын танытатын оның іс-әрекеттері ғана емес. Оның образын, мінезін, ақыл-парасатын Әлібаймен күнделікті арасалып-құраласып жүрген адамдардың пікірлері арқылы бағалауы сондай жарасымды. Сондай-ақ түйінді мәселені шешуге қатысты өз ойын ортаға салған сәттегі сөздерінің төркініне мән беруі. Жазушы оқырман қауымды Әлі­бай­дың жан дүниесіндегі кісілік, адал­дық, туған елі мен жеріне деген шексіз сүйіспеншілік сынды қасиеттерін ашып көр­сетудің тиімді тәсілін тапқан. Оның кісіні өзі емес, өзгелердің бағалуы арқы­лы сипаттауы осы сөзіміздің дәлелі. Ро­манды оқи бастағаннан-ақ Әлібайды өзіңе іштартып, бейне бір қияметтік дос тапқандай жүрегің елжіреп, қуаныш сезіміне бөленесің. Жүйесін тапқан сөздің сиқыры мен қуанышы осындай болса керек-ті.

Роман қазақ тарихының белгілі белес­тері мен халқымыздың басына түскен қасіреттің шерлі шежіресін шерткен көркем шығарма шеңберімен шектеліп қалмаған. Сондай-ақ бұл туындының тағы бір құнды қыры бар. Ол ежелгі қа­зақ этнографиясына жетік жазушының ұлт­тық құндылықтарымызды тәптіштеп түсіндіріп, қисынын келтіріп, рет-ретімен баяндап беретіні дер едік. Кәдір­бектің көне салт-дәстүр, әдет-ғұр­пымызды еске түсіріп, жаңғырта жазуы өте маңызды. Мазасыз мезгіл, аласапыран уақыттың ара-арасында болса да құда түсу, қыз ұзату, шілдехана, бе­сікке бөлеу, сүндетке отырғызу, ат шаптырып, балуан түсіріп жататын ойын-тойлар, өмірден өткен кісіге арнап ас беретін, ерулік, қарулық, қы­мыз­мұрындық, жұртмайлар сияқты ұлт­тық рәсімдерді сипаттай суреттеуін қы­зыға оқисың. Оның бәрі қазіргі кезде ұмы­тыла бастаған соң да, жадымызда жаң­ғыртып, бүгінгі буынның тәлім алуы­на арналып жазылғандығы құптарлық.

 

* * *

Жасымыс тартса да, қаламы мұқал­ма­ған қарт жазушының төл тарихы­мыздан сырт ашып, жадымызды жаң­ғыртқан шығармасы тек осы романмен шектелмейді. Кәдірбектің тарихы тағ­лымды бұдан өзге де өзекті туындылары баршылық.

Жазушының кезінде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, алайда мінәйі себеп­пен жолы кесілген тұғырлы туын­дысы «Беласқан» романы еді. Бұл ел тұтқасын ұстап, кісілікті іс-әреке­тімен атағы шыққан Қамбар төре мен оның төңірегіне топтасқан батыр, би, қара­пайым адамдардың өмір-тағдыр­ларынан сыр тарқатып, сонау ХІХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың тұрмыс-тіршілігін жан-жақты қамти жарқырата жазылған шырайлы шығарманың бағасын асырып тұрған ең алдымен оның көркемдік кестесі болса, сондай-ақ ұлттық салт-дәс­түріміздің, әдет-ғұрпымыздың ға­жайып сән-салтанатын байыптай баяндап, айшықты сөзбен суреттеуі де керемет. Халқымыздың өткен замандағы бол­мыс-бітімін көзбен көргендей әсерге бөлеп, қызықтыра оқылатын романның оқиғасы да қазақ тарихының бір белесі.

«Жол» романы да Кеңес өкіметі жаңа ор­нап, билікті қолға алған қысылтаяң кез­де қиырдағы ауылынан, оқу іздеп Мәскеуге аттанған бес бозбаланың тағ­дырын, өткен өмір мен бүгінгі күннің сабақтаса жалғасқан ғұмыр жолын баяндайтын арналы туынды. Роман оқиғасы қос сала арқылы өрбиді. Біріншісі, бес талап­кердің небір қиындықтарды кеше жүріп, көздеген мақсаттарына қалай жеткендері әңгімеленсе, екінші салаға сол бесеудің біреуі Жұманның өмір жо­лы арқылы қазақ қауымының басынан өткерген тағдыр талайы арқау болған. Шығарма ұлтымыздың шырғалаң шақ­тағы шындығын жеріне жеткізе суреттеген тәлімді туынды. Онда күні кешеге дейін жабық тақырып болған нәубет нау­қан – ашаршылық, ұжымдастыру, сая­си қуғын-сүргін, қырғын соғыс сияқты зұл­мат жылдардың жаңғырығы және қазіргі кездің боямасыз шындығы қатар баяндалған. Романнан баяғы бес жігіттің армандарына жетсе де, ақыр соңында екеуі жазықсыз «халық жауы» атанып, атылып кетсе, енді екеуі кешегі қанды соғыстың құрбаны болған. Тірі қалған Жұман ақсақал – өмірі қиян асу, қиын жолдардан басталып, еліне ерен еңбегі сіңген адал азамат атанған кісі. Алайда оның да ғұмыры өкінішпенен аяқталған. Жалғыз ұлы Тұрардың істі баянын, о дүниеге аттанғалы жатқан әкесінен әуелі көмек сұрап, артынан өзінің кеші­рілмес күнәсін мойындап кешірім сұрай келгендегі ақсақалдың айтқан сөзі: «Өмір бойы өзгеге өнеге айтып, ел бас­қарған, соған қарамай жалғыз ұлды қатарға қоса алмаған менің қасіретім сенің уайымыңнан бекемірек болар, балам. Қайта сені тәрбиелеуде жіберген ағаттығымды кезінде көре білмеген менің мына сенен кешірім сұрауым қажет болар» деген уәлі пікірінің астары кім-кімді де ойлантары сөзсіз. Бі­лім алып, елінің тұтқасы болуға тал­пынған аға ұрпақтың ғибратты ғұмы­ры мен кеңшілік замандағы бүгінгі жас­тардың дүние-мүлікке, байлыққа қызығып, ел алдында абыройы төгіліп жүргендерінің қыр-сырын ашып жазып, түйінен тәлім алуды оқырмандар ықтиярына қалдырған шығарманың өнегесі өзгеше екендігі аян. Жазушының қазақ елі өмірінің белгілі бір кезеңінің тарихын осылайша көркем кестелегеніне риза боласың.

Арман жетелеп Алматыға келген, содан оқуын бітіре салып, бағы жанғандары қалада қалып, қызметке орналасып, алай­да өз үйлері болмай, шаһардың төрт бұрышын шарлап жүріп, пәтер жалдап тұрып жатқан қазақ жастарының өмір-тұрмысына арнап жазған Кәдірбек романының атауы «Біз қалада тұрамыз».

Сол жас отбасылардың бірі Серібаев Қуаныш төрт-бес мәрте қоныс аударып жүріп ақырында үкіметтен үй алады. Жас­тар газетінің қызметкері, жас жазушы Қуаныш ойлана келе кезінде пәтер жалдап тұрған үй иелерінің өмірлері бір романның басты кейіпкерлеріне лайық екенін сезді. Әрқайсысының мінездері әрқилы болса, тағдырлары да өзгеше. Сөйтіп пәтер қожалары болған отбасылардың қилы тағдырларын, оған қоса жаңа алған үйіндегі қоңсылас көр­шілерінің жай-жағдайы, өмірге көз­қарас­тарын қиюластыра шежіре шерткен жазушының бұл романы да ел өмірінің елеулі белесін баяндайтын, тарихта таңбаланып қалған сәтін көркем сөзге көшірген тосын тақырыптың тұсауын кескен шығарма қатарын толықтырды.

Мен жазушы Сегізбайұлының он сан хикаяттары мен отыз-қырықтан асатын әңгімесін, эсселерін талдап, таразыламақ емеспін. Таяуда ғана жарыққа шыққан «Тағдыр толқыны» бұдан бұрынғы жария­ланған төрт романның жалғасы екенін еске салып, жазушының ел тари­хының кезеңді белестерінде ғұмыр кешкен халқының қилы тағдырын өрнектеп, талай тамаша шығармалар жазғанын, оның бәрі де қалың оқырмандарының көңілінен шығып, жүректеріне жет­кендігін айту еді. Қазақ халқының өзі­нің өмір жолын, төл тарихын білуге, одан тиісінше тағылым алуға тиісті екен­дігіне жол ашқан, сексен деген сирек бұйыратын арман жасқа аман-сау, шығармашылығы да зар күйінде жет­кен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» ор­денінің иегері, көрнекті жазушының ел алдындағы абырой-беделі биік белестен көрініп, оқырманын да, өзін де қуанта беруіне тілек қосамын. Жасай бергін, жақсы жазушы, аяулы азамат, ескі досым, Кәдірбегім!

 

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,

сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты