Қоғам • 06 Сәуір, 2021

Біз – бауырлармыз!

447 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!». Ұлы Абайдың осы ғибратты тәмсілі тіл ұшына оралған сайын осыдан екі жыл бұрын Қап тауының баурайындағы Қабарды-Балқар Республикасына жасаған сапар ойыма түседі. 2019 жылдың қазан айында ҚБР халық ақыны, ҚБР және РКСФР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Әлім Кешоковтың туғанына 105 жыл толуына арналған халықаралық поэзия фестиваліне қатысып едік.

Біз – бауырлармыз!

Мәскеуден Арасан ( Минеральные воды) қаласына дейін ресейлік делегация мүшелерімен бірге ұштық. Серіктестерім – Ресей Жазушылар одағы Ұлттар әдебиеті кеңесінің тө­рағасы Валерий Латынин мен «Литературная Россия» газетінің бас ре­дакторы Вячеслав Огрызко болды.

Арасанға, одан кейін Нальчикке де­йінгі жол бас-аяғы төрт-бес са­ғат­тай уақытқа созылды. Обалы не керек, жазушы В.Латыниннің те­рең тарихты қозғаған тағылымды әңгі­мелері жол қысқартуға едәуір сеп­ті­гін тигізді. Әскери жазушы 1979 жылы Алматы Жоғары жалпыәскери басқару училищесін бітірген екен. Қазақстанды, Алматыны айрықша ілтипатпен, сағынышпен еске алып отырды. Әңгімені тереңдете келе өзінің казактық түп-тамырын алан-сарматтар тарихына апарып бір-ақ тіреді. «Шынтуайтына келгенде, сіздердің Елбасыларыңыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқан Ұлы даланың тарихы ғұндар мен сақтарды, көк түріктерді, оның ішінде менің ата-бабаларымның түп-тегі бастау алатын алан-сарматтар тізбегін де толық қамтитыны ақиқат. Сондықтан да біз – осынау Еуразия сияқты алып континентті мекендейтін ірілі-ұсақты ұлыстардың баршасы бауырлармыз», деп әңгімесін түйіндеді Валерий Анатольевич. Бауырластық, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық қарым-қатынас туралы соны пікірлер мен құнды ұсыныстар бұдан кейін де поэзия фестивалі барысындағы пікірталастар үстінде еш толастаған жоқ.

Республика Музыкалық драма теат­рында өткен «Арғымақ мінген Абырой» атты халықаралық поэзия фестивалінің қорытынды кешінен кейін «Қазақ балам қайда?» деп, Ресей Федерациясы мен Қабарды-Балқар Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, ҚБР халық ақыны Тәнзилә Зұмақұлова арнайы бұрылып іздеп келіп, маңдайымнан иіскеді.

– Біздің де, сіздердің де өлең оқу мәнерлеріміз қандай ұқсас, – деді халық ақыны соншалық бір сүйіспеншілікпен. – Мен тұрғылас, Олжас бастаған ақындарыңызға сә­лем айта барыңыз. Баяғы кеңес ке­зін­дегідей емес, қазір барыс-келі­сі­міз, бас қосуымыз да қиындап кетті емес пе...

Реті келгенде айта кеткен жөн шығар, сапар барысында Қазақстаннан келген өкілді көріп, Тәнзилә апайымыз секілді тілдесуге асық жандар аз болмады. Қасіреті қалың сталиндік депортация жылдары қазақ пен қырғызды паналап, кейін Отанына оралғандардың біздің елге деген ықылас-пейілдерінің ерекше екенін көріп, керемет әсерге бөленгеніміз де рас.

Кешкі қонақасы кезінде дастарқан басында балқар Қаншауби Мизиев досымыз әзіл-шыны аралас тіпті өзін «Қазақпын!» деп жариялады. Мұның себебін өзінің Түркістанда туғандығымен, қазір Түркістанның тек облыс орталығы ғана емес, қа­лың түркінің бас қосар орталығына айналуға қам жасап жатқандығымен түсіндірген азаматқа біз де шынайы ризашылығымызды білдірдік.

ҚБР Мәдениет министрі Мухадин Кумахов басқарған дастарқан үстін­де сөз алғандардың көпшілігі қазақ елі, Қазақстан туралы ізгі, ыстық ықы­лас­ты лебіздерін айтты. Респуб­ли­каның халық ақыны Ахмад Созаев алдағы күндері туғанына 160 жыл толғалы отырған балқардың ұлы перзенті Кязим Мечиевтің Қазақстан жерінде, Талдықорған өңірінде жамбасы жерге тигенін, кейін сүйегін өзінің өсиеті бойынша туған жеріне әкеп, қайта жерлегендері туралы аса қызықты естелігімен бөлісті. Әң­гі­ме осылайша қазақ тақырыбына ойы­сқан сәттің бірінде ингуш елінің ақы­ны Аслан Куазо: «Сізге айтатын аса бір сырлы әңгімем бар еді. Қазір емес, ертең оңашада жолығып, сөйлесейікші...» деп өтінді. Ертесі Ә.Кешоков ескерткішіне гүл қою рәсі­мі кезінде екеуміз уақыт тауып, едәуір әңгімелесуге мұрсат алдық. Аслан әңгімесінің ұзын-ырғасы төмен­де­гі­дей.

«Осыдан он шақты жыл бұрын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпо­пеясының орысша аудармасы қолы­ма тиді. Бірінші кітабын оқып бітірген соң, «сізге өтірік, маған шын», әлдебір түсініксіз жағдайға тап болдым. Кәдімгідей бойымды бір нәрсе бунап, өзімді қоярға жер таппай, аласұрып жүре берем, жүре берем... Осы жағдай ақыры мені жазуға отырғызды. Мына, сізге сыйлағалы отырған «Кавказ әуені» атты үш томдық жинағымның алғашқы кітабы осылайша дүниеге келді. Үш ай бойы үздіксіз өлең жазумен болдым. Өзіңіз де ақынсыз ғой, сізге мұндай ға­жа­йып, сиқырлы процестің әр сәтін бұтарлап, жіліктеп түсіндірмей-ақ қоя­йын. Аспан мен жердің арасында қалықтап ұшып жүргендей күй кеш­тім. Айналамдағылар мынаны әлдененің шалығы ұрған ба деп таңға­лыс­қан да шығар... Мен осының бәрі ұлы Абайдың шынайы құдіреті деп ұғындым. Үш айдан кейін бәрі кілт тоқтады. Мен де қайтадан бағзы қал­пы­ма түстім. Енді қайтадан жаза ал­самшы. Кітапханаларға барып, Абай аудармаларын ақтарыстырдым. Шы­ным­ды айтсам, орысша аудармаларына көңілім тұшынбады. Қайыра «Абай жолын» қолыма алдым. Тағы да ғажайып әлемнің есігін аштым. Осылайша мен Абайды ұлы Әуезов арқылы таныдым. Өзіңіз де білесіз, проза поэзия емес қой. Абай әлемі санама тағы да сілкініс берді. Мен қайтадан жазуға отырдым. Үш кітап­тан тұратын менің «Кавказ әуені» атты циклдық дүнием осылай дүниеге кел­ді!» деп Аслан әңгімесіне нүкте қойды.

Ұлы Әуезов арқылы Абай төккен шуақ­тың алтын сәулесі ингуш ақы­ны­ның шығармашылығын осылай нұрландырыпты. Қапысыз сендім, әсерлене түйсіндім. Аслан өзінің Қа­зақ елімен мәңгілік кіндіктес, рухтас, бауырлас екенін өстіп тебірене баян етті.

Иә, жұмыр жердің бетіндегі Адам деп аталатын тіршілік иесінің бәрі де бір Атадан тараған. Бауырлас. Туыс. Дос.

Қазақ жерінде, Қазақстанда түрлі этнос өкілдерінің басын қосып, ынты­ма­ғын айрандай ұйытып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының да алдына қойған кредосы – баршаның ба­уырластығы, туыстығы, достығы.

Тағы да ұлы Абайға жүгінеміз: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!»

 

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы