Кешегі Кеңес өкіметі алаш рухын аяққа таптап, Күлтегіннен бергі көне тарихымызды күресінге лақтырғанын білеміз. Сол олқылықтың орынын тек алтын тамырымыз ғана толтыратынын Қойшығара қаламы ерте сезініпті. Кез келген ұлттың болмыс-бітімі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, әдебиеті, мәдениеті, жалпы айтқанда кешегісі мен келешегі тек тамырға байланады. Құдай өзі сақтасын, осынау тарихи желіден бірте-бірте қол үзер болсақ, онда ұлт ретінде өзіміздің даму үдерісімізді кілт тоқтатып, сол жерден құрдымға қарай құлай беретініміз анық.
Сананы жетілдіру арқылы сапаға кіреміз, тамырымызға үңілуіміз арқылы тарихымызды түгендейміз. Ұлттық сананы жаңғырту дегеніміз сол, тамырымызға оралу. Өткенге мойын бұрмай өркендеуіміз екіталай. Кешегіден сабақ алмай келешек кемел ұлтқа айнала қоюы қиын.
Жалпы табиғаттың өзі тамырға байланып тіршілік кешеді.
Жапонияда 400 жылдан астам уақыт жасаған ағаштар туралы дерек бар. Алайда әлгі ерекше ағаштардың биіктігі бар-жоғы 15 сантиметрден асар-аспас қана. Бұл ерекше құбылысты жапондықтар өнер түрі ретінде қызықтайтын болса керек. Шын мәнінде ағаштың ол түрі қалыпты жағдайда 30 метрге дейін бойлайтыны айтылады. Ерекше тәсілмен өскен әлгі көне әрі қортық ағаштардың ешқашан өспейтін себебі, арнайы себеттерде күтіліп, түбі жоқ ыдыстан өсіп келе жатқан тамырлары қырқылып отырады. Бары осы. Ал енді тамырын тереңге жаймаған ағаштың биіктей алмайтыны бесенеден белгілі. Ең қорқыныштысы, бұл тәсілді адам баласы тек ағаштарға ғана қолданбайды. Адамдардан да қортық түр жасап шығару үшін небір қатыгез әрекеттерге барған зұлымдықтарды тарих беттерінен тауып алу қиын емес.
Сондай-ақ тамыр дегенде жазушы Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» повесі ойға оралмай қоймайды. Сексеуілдің бұтағына бекіп, тамырына тұрақтаған құм төбелер сексеуіл сиреген заманда адамзатқа қауіп төндіре көше бастаушы еді ғой... Не нәрсені тамырымен қопаруға болмайтыны айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылып жатыр. Бірақ тамырға балта шабылудан тартар азаптан адам баласы ешқашан сабақ алмай келе жатқаны қиын.
Тағы бір жазба жадымызда жақсы сақталыпты. Жазушы Мұхтар Мағауин оқушы күнінде тарих пәні мұғаліміне «Неге Америкадағы басқыншылар жергілікті үндістерді түгел қырып, оның орнына Африкадан қара құлдарды алып келген?» деген сауал қояды.
Жауап белгілі. Алыстан басқа жерге ауып келген құл қожайынына ешқашан бас көтеріп қарсы келмейді, себебі ол басқа жердің адамы, ол жер оған бөтен, ол жер оған күш-қуат бермейді, оның ол жермен ешқандай рухани байланысы жоқ, тамыры жоқ. Жергілікті үндістер өз жерінде келімсектерге ешқашан құл болуға көнбейтін еді.
Әрине, өмір болған соң, тамыры жоқ та тіршілік иелері бар екенін айтуымыз керек. Алайда оның трагедиясы тіпті қорқынышты...
Жас жазушы Алмаз Мырзахмет бір әңгімесінде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып айналасын күні-түні қарғай беретін ауыш әйел туралы жазады. Әлгі кейіпкер бір қарғысында былай дейді: «Тексіздер-ай! Бұлар Амазонка орманында өсетін Натлус өсімдігі сияқты! Тамырсыз, топырағынан ажыраған сорлылар! Ағаш бастарында, ну орманның үстінде, жауған жаңбырдан, жармасқан бұтақтардан қорек тауып, өмір сүретін шырмауықтар! Қарынын ойлаған жағымпаздар! Топырақтан ажырау – тарихтан, дін мен ділден, салт-дәстүрден ада болу емес пе?! Бейшаралар-ай, Натлус өсімдігіне айналдыңдар ма? Енді сендердің көздеріңді ашу, көкіректеріңді ояту мүмкін емес, күнделікті тұрмыстың тырбаңымен биікке ұмтыламын деп тамырсыз қалдыңдар, өз обалдарың өздеріңе...».
«Рухани жаңғыру» не үшін керек дейтіндерге айтар жалғыз жауабымыз осы дер едік: тамыры тереңге бойламаған, бұтағы биікке ұмтылмаған ұрпақтан орман күтуге болмайды.
Тамырсыз ұлт – тарихсыз ұлт.