Жағдайдың күрделенуіне байланысты өңірдегі оқушы саны 300-ден астатын барлық мектеп онлайн оқытуға көшті. 3 сәуірде облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті облыс аумағында қатаң карантин жариялады. Енді сенбі күні спорт кешендері мен жаттығу залы жұмыс істемейтін болса, ал жексенбіде жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлары жабылды. Сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен пошта қызметі тұрғындарға алдын ала жазылу бойынша қызмет көрсетіп, жексенбіде жабылады. Сауна және моншалар жұмыс және сенбі күндері ішкі тәртіпке сәйкес жұмыс істеп, жексенбі күні жабылады. Сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар алдын ала жазылу тәртібімен қабылдайды. Жабық спорт нысандары (спорт кешендері, спорт мектептері, спорт клубтары, жаттығу залдары), фитнес орталықтарына да тұрғындар алдын ала жазылуы тиіс. Бұл орталықтар сенбі және жексенбі күндері жұмыс істемейді», деп хабарлады облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ бассейндер жұмыс күндері ішкі тәртіпке сәйкес қызмет көрсетсе, сенбі және жексенбі күндері жабық тұрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың хабарлауынша, өңірде коронавирустың «британдық» штамы шетелден келген үш тұрғыннан анықталған. Егер эпидемиялық ахуал асқынып, жағдай күрделене түссе, науқастарды қабылдауға Ақтөбе қаласындағы үш емдеу мекемесі дайын тұр. Облыстық инфекциялық ауруханада 130 кереует дайындалса, физиопульмонологиялық орталықтағы кереуеттер саны 500-ге көбейтілді. Темір жол ауруханасына 150 кереуеттік орын, соның ішінде 25 реанимациялық кереует дайындалды. Облыстық пульмонологиялық орталықта науқастар көбейген соң осында сүйек туберкулезіне шалдығып, емделіп жатқан науқас балаларды емдейтін «Шағала» шипажайына орналастыру туралы шешім қабылданды. Ал «Шағаладағы» балалар Қурайлы елді мекеніндегі мектеп-интернатқа көшіріледі.
Тойханалар мен кафелер қатаң карантин кезінде де жасырын түрде той-томалақтар, басқосулар жасаудан бас тартып отырған жоқ. Қазір қалада бірнеше мониторингтік топ рейдке шығып, тек үш күннің ішінде оннан астам карантин талабын өрескел бұзған деректерді анықтап, кәсіпкерлерге айыппұл салды. Рүстем Исаев: «Соңғы үш күнде 600 резерв қойдық. Тұрғындар қатаң карантиндік шараларды сақтамаса, жағдай бұдан да күрделене түседі. Жұртшылық көп жиналатын жерден аулақ болып, бетперде киіп, арақашықтық сақтап, той-садақаны азайту керек. Дәрігерлер, медбикелер де демалыссыз жыл бойы жұмыс істеп жатыр. Оларға да оңай емес. Медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті болса да, ең бастысы тұрғындарымыз саналы әрекетке көшпесе болмайды. Келесі аптадан бастап өңірде тұрғындарды вакциналау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіледі. Сәуірде вакцинаның үлкен партиясы келгенде ірі сауда орындары мен гипермаркеттерде де вакциналау жүргіземіз», деді.
Қатаң карантиннің қашан аяқталатыны белгісіз. Әзірге облыс орталықтары арасында блок-бекеттер қойылуы туралы мәселе көтерілген жоқ.
Ақтөбе облысы