Банк сарапшыларының болжамынша, биыл Urals мұнайының бағасы барреліне 55 доллар төңірегінде болады. Егер баға осы деңгейінен құламайтын болса, онда бұл өңір елдері үшін әлдеқайда жағымды әсер бермек. Сарапшылар Қазақстан мен Ресей экономикасын 4 және 3,3 пайызға өсім көрсетеді деп болжады. Ал Армения мен Қырғызстанда экономикалық белсенділіктің қалпына келуі тек 2022 жылы жүзеге асуы мүмкін.
– 2020 жылдың ортасынан бері біз активтер инфляциясының аса күшті жаһандық үрдісін байқап отырмыз. Ақпанның қорытындысы бойынша негізгі шикізат тауарларының бағасы дағдарысқа дейінгі кезең бағасынан асып кетті. Азық-түлік бағасы 2013 жылдан бері қатты қымбаттап тұр. Ал металл 2011 жылдан бері осыншама қымбаттамаған еді. Инфляция энергия тасымалдау саласын да қамтып отыр. Жыл басынан бері мұнай 20 пайызға қымбаттап, бағасы дағдарысқа дейінгі кезеңге жетті. Шикізат бағасының қатты өсімі уақытша фактор ретінде түсіндіріледі. Қытай экономикасының жылдам қалпына келуі, пандемия кесірінен көптеген өндіріс тізбегінің үзіліп қалуы осыған алып келді. Уақыт өте келе бұл факторлардың әсері төмендеп, өсім баяулайды. Жағдайдың дәл осылай дамуы банк болжамының базалық сценарийіне енгізілген, – дейді банктің бас экономисі Евгений Винокуров.
Зерттеушілердің айтуынша, металл және энергия ресурстарының қымбаттауы өңір үшін пайдалы. Экспорт түсімі артып, мемлекеттік бюджет табысы көбейеді, елдің экономикалық көңіл күйі көтеріледі. «Егер 2021 жылдың II-IV тоқсанында Urals бағасы барреліне 70 долларға жақындаса (бұл банктің базалық сценарийінен 20 пайызға жоғары), онда Ресей экономикасы 3,7 пайызға дейін өсуі мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 4,5 пайызға жетеді» деген оптимистік болжам жасалған.
Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленовтің айтуынша, ЕДБ қатысушы елдерінің экономикасы пандемия жағдайына бейімделген.
– 2021 жылы банк қатысушы-елдерінің экономикасында қарқынды қалпына келу өсімі болады деп күтіліп отыр. ІЖӨ 3,3 пайыз деңгейіне жетпек. Қатысушы елдер экономикасы тіпті тәуекел сценарийі жағдайында да өсе береді. Белсенді қолдау шараларын қаржыландыру үшін бюджет тапшылығының өсуі аясында ЕДБ-ға мүше елдердің мемлекеттік қарызы 45,4 млрд долларға өсті. Қарыз параметрлерін тұрақты деп бағалауға болады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ресей мен Қазақстанның мемлекеттік қарызы ІЖӨ-нің 18 және 30 пайызын құрайды, – дейді Р.Дәленов.