Спорт • 06 Сәуір, 2021

Елдос Сметов те ұтылды

1880 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бішкекте дзюдодан өтіп жатқан Азия мен Мұхит жағалауы елдерінің біріншілігінде Қазақстанның балуандыр сәтсіз өнер көрсетуде.

Елдос Сметов те ұтылды

60 кило салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев тұсаукесер кездесуінде аустралиялық Джошуа Кэтцке есе жіберген жайында айтқанбыз. Көп кешікпей Елдос Сметов те көремендер қатарына қосылды. Алғашқы айналымда иордандиялық Біләл Алмансаурды ұтқан ол келесі кезеңде қырғызстандық Қуанышбек Айбекұлынан айласын асыра алмады. Жұбаныш бәсекесінде Елдос Ғұсманды жолынан ығыстырған жасыл құрлық өкілінен жеңілді.  

Есесіне 66 кило салмақтағы Елдос Жұмаханов жартылай финалға шықты. Бастапқы бәсекелерде қандасымыз филиппиндік Шуген Накано мен аустралиялық Натан Кэтцті қапы қалдырды. Енді ол Оңтүстік Кореяның даңқты дзюдошысы Ан Баулмен күш сынасады.

Әйелдер арасындағы аса жеңіл салмақта Әбиба Әбужақынова үш кездесуін де жеңіспен аяқтады. Қазақ қызының қырғызстандық Жанар Жолдашева, үндістандық Деви Лакмабамнан мерейі үстем болды. Жартылай финалда Әбиба өзбекстандық Гүлнұр Мұратбаеваны қапы қалдырды. Финалда Әбужақынова қытайлық Ли Яннамен белдеседі. 

57 кило салмақтағы Севара Нишанбаева Қырғызстанның дзюдошысы Абина Қошқонбаевадан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Бұл межеде ол Қытай спортшысы Лу Тонжуанмен шеберлік байқасады.