Спорт • 06 Сәуір, 2021

Карлсруэде бокс кеші өтеді

166 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

17 сәуірде Германияның Карлсруэ қаласында кәсіпқой бокс кеші өтеді. Айтулы жарыста қазақтың белді былғары қолғап шебері Айдос Ербосынұлы да өнер көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Карлсруэде бокс кеші өтеді

Бірден айта кетейік, бұл көп жекпе-жектердің бірі емес. Екінші орта салмақтағы Ербосынұлы кәсіпқой рингте 2015 жылдан бері күш сынасып жүр. Сол кезден бері 15 рет шаршы алаңға шығып, барлық бәсекеде мерейі үстем болды. 10 қарсыласын нокаутпен ұтты. Қазақстаннан бөлек, ол Украина, АҚШ, Аустралия, Ресей және Беларусь елдерінде жұдырықтасты. Соңғы кездесуін қандасымыз былтырғы жылдың 16 желтоқсанында Нұр-Сұлтанда өткізіп, ганалық Иса Самирді үшінші раундта техникалық нокаутпен ұтты. Қазіргі кезде Айдос WBC Asian, WBA International және WBO Global нұсқасының алтын белбеуінің иегері. Қанат Орақбаевтың шәкірті енді ресейлік Евгений Шведенкомен шеберлік байқасады. Бұл жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы IBF нұсқасының чемпиондық атағы үшін сайысқа түседі. Қазақтың қайсар ұлы осы тамаша мүмкіндікті қалт жібермейді деген ойдамыз.

Айдос Ербосынұлының қарсыласы жайында айтар болсақ, 30 жастағы Евгений Шведенко Ресейдің Қиыр шығысында дүниеге келген. Кәсіпқойлар арасында жұдырықтасып жүргеніне алты жылға жуықтады. Сол аралықта15 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған ол алты бәсекеде айқын басымдық танытты.