Қоғам • 07 Сәуір, 2021

Ташкент асып, аман қалған

2087 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әр жерді бір түрткілеп жүрген екеу әкесі мен шешесі тапсырып кеткен ұраны күзетіп отырған үкідей ғана қызды қағып жіберіп, астындағы етті алды да кетті... Сонау отызыншы жылдардың осы бір көрінісі бүгінде тоқсанның жетеуіне келіп отырған Дәмеш әжейдің әлі көз алдында.

Ташкент асып, аман қалған

Ұйысып отырған қазақтың қабыр­ғасын қақырата сөгіп кеткен аштықтың зардабы әлі толық айтыла қойған жоқ. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Әлхамдулла, 6 миллион қазақпыз» дегеніне де бір ғасырдан ауыпты. Алапат аштық, сұрапыл соғыс болмағанда қазақ әлдеқашан-ақ қабырғалы қалың елге айналары анық еді.

Осы тақырыпты зерттеп жүрген жергілікті өлкетанушы Сағат Жүсіп Сыр бойында 1917 жылы тағы бір ашаршылық болғанын жазады. Бұл туралы деректерге 1917-1919 жылдары Перовск сов­депінің алғашқы төрағасы, қандықол Иосиф Гержод жайлы кітап жазған ке­­зінде ашық дерек көздерінен қанық болған өлкетанушының мәліметінше, осы жылдары Сыр өңірінде мыңдаған адам аштықтан көз жұмыпты. Ал 1931 жылы қазақ даласына қайта оралған алапат аштықтың көзі тірі куәгері – бүгінде тоқсанның жетеуін толтырып отырған Дәмеш Жанқожақызы.

Дәмеш әженің балалық шағы өткен жер – қазіргі Жалағаш ауданы Аққұм ауылының маңы. Ағайын-туған тұратын шағын ауыл берекесі ұйыған ел еді. Бай­ды құбыжық қылып көрсеткен Кеңес өкіметінің саясаты, әйтпесе олар елдегіге ес, сырттағыға сес болған азаматтар еді ғой. Бай демекші, ауылда Төлебай деген ауқатты кісі тұрды. Сол үйдің қыз­дарымен түйе бойындай шом қоралар маңында ойнайтын. Бір күні әдеттегідей ойынға жиналған бұларды жыңғыл мен шеңгелді араластыра тоқыған қораның түкпір-түкпірін тінтіп жүргендер шошытып еді. Кейін ойласа кәмпеске дегенің сол екен. Көп ұзамай Төлебай жер аударылып, бала-шағасы тоз-тоз болып кетті.

Өз әкесі Ағыбай да шаруаға мығым, бір үйлі жанды асырайтындай дөңгелек дәулет біткен жан еді. Сол тұста-ақ Ташкент асып, сауда жасап, ол жақтан әкелгенін пұлға айналдырып тыным таппайтын. Көп ұзамай бұлардың да берекесі кете бастады. Сырттан келген белсенділер үй-үйді тінткілеп, аядай ғана ауылдың ойран-топырын шығарып еді. Елдің ішіне аштық кіре бастаған соң бұлар Жалағашқа қарай ойысты. 

– Белсенділер Жалағашта да толып жүр екен. Солар жұрттың тапқанын тартып алмаса, астық егіп, мал ұстайтын ел аштық дегеннің не екенін білмес те еді. Әкемнің інісі Ақжігіт қамыс орып, одан мардан тоқитын. Шешем Мамыш ері мен қайнысының тапқанын ұқсатып жарата алатын тиянақты жан еді. Ақжігіт ағамның аулаған балығын марданға салып, түйеге артып әкелетіні есімде қалыпты. Белсенділер енді сол ағамның ізіне түсті. Балығын үйден келіп тартып әкетеді, болмаса аңдып тұрып жолдан ұстап алатын, – дейді алапат аштықтың куәгері.

Отызыншы жылдың қатты қысы онсыз да титықтап отырған жұртты тұралатып кетті. Сол жылы бұлардың үйлеріне жа­қын тамдардың бірінен естілген дауыс тұла бойды түршіктірердей еді. Ол аш­тық тырнағына іліккендердің жан ышқынысы екенін кейін ұқты ғой. Содан бастап ауылда босап қалған баспаналар көбейе бастады.

Әр үйді талғажау етер тамағын ті­міс­­кілеп тауып алатын белсенділер жиі­леді. Үлкендер жоқ кезде сондайлар бұлардың үйіне де келген. Әуелгіде ештеңе таппай қайтып еді, кейін келгенде әкесі қазған ұраны қарауылдап отырған мұны қағып жіберіп, астындағы бір қап етті арқалап әкетті. 

Осыдан кейін әкесі Ағыбай бұлар­ды ізіне ертіп, Ташкентке тартты. Сапы­рылысқан жұрттың арасынан жылыстай өтіп, пойызға әрең ілінгені есте. Үл­кендер бұған ұзақ жолдың бойында бұ­ратылып жатқандарды көрсетпеуге тырысады. Бір аялдаған тұста вокзалдағы әжетханаға ертіп барған. Соның бірінде үйіліп жатқан адамдардың денесі көпке дейін көз алдынан кетпей қойды.

Өзбектердің астанасы тоқ қала екен. Бала ерткен босқындарға тамақ беретіні тағы бар. Әке-шешесі мұны қалдырмай ертіп жүреді. Көзі қарауытқан аштардың балаларды сойып жейтінін естіген соң өзі де үлкендерден екі елі қалмайтын болған. Вокзалда 3 күн жатқанда көргені көп. Әсіресе перрон толы аштарды атпен қуып таратқан мылтықты әскери­лердің қимылы ересен. Алдында аяғын әрең басқан міскін емес, жарақты жау тұрғандай екіленгендерден қашқан­дардың көбі шалынысып құлап жатты. Үйелеген малдай орнынан тұра алмай жатқандарға қайырылып жатқан ешкім жоқ. Көбі сөйтіп жатып жан тапсырады.

Ташкенттен кейін Шыназға барып, мақта егетін ауданында да жұмыс істеді. Қызылқия деген шахталы өңірде біраз жыл тұрақтағаны бар. Сондағы байқағаны – бұл ел баяғы қалпында тұр екен. Босып келген қазақтарға үйін босатып бергендер де бар. Көшеде жеміс ағаштары көп көрінді, содан төгіліп жатқан алма, жүзімнің өзі талайға талғажау болғаны анық. Бес-алты жылдан кейін елге оралып, Қызылорда қаласына тұрақтап қалды.

– Сол кезде бала болсақ та, бұл аш­тықтың қолдан жасалған қасірет екендігін сезетінбіз. Ел ішінде тісінің суын сорып отырғандар жоқтың қасы еді. Есесіне бидай, жүгері, тары егетіндер көп-тұғын. Тіпті тарының қонақ тары, қызыл тары деген түрлерін өсіріп, неше түрлі тағам жасайтын. Одан бөлек, әр үй қауын-қарбыз егетін, мал ұстайтын. Қауыннан тілінген қақтың тәттілігінен тіліміз ойылып қалатын еді. Осының бәрі бір сәтте құрдымға кетіп қалады деп ойладық па?! Тіпті белсенділер елден жиналған талай пұт астық пен етті отқа жақты дегенді де естігенбіз. Соның киесі ұрды ғой талайды. Елді жылатып, қолындағысын тартып алып кеткендердің көбі оңбай қалды, – дейді әжей күрсініспен.

Қолдан жасалған қиянаттан есін біл­мей жатып, ел асқан Дәмеш әжей –  қазақтың тірі қалғандары сүлдерін сүйретіп, сүзіліп шыққан ашаршылық қасіретін мұқият зерттеп, бұл мәселеге мемлекет тарапынан баға беру жөніндегі қадамның жүзеге асуына тілекшілердің бірі. Бүгінгі бізге ғана емес, ертеңгі ұрпақ үшін де керек бұл бастама өсер елдің өткенін ұмытпайтынының да айғағы болар еді.