Бизнес • 08 Сәуір, 2021

Азия бизнесі алға шыға ма?

212 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Егер пандемияға дейін Азия елдерінің бизнес деңгейі Еуропамен бәсекелесе алмаса да, коронадағдарыстан кейін құлдыраудың орнына күшейген. Дағдарыс деп атағанымызбен, бұл дағдарыс біреу үшін зиян, біреу үшін пайдаға шыққан жайы бар.

Азия бизнесі алға шыға ма?

Капиталдың күшті ағынына қарамастан, көптеген әлемдік компания ақшаларын жоғалтып, кейбірінің нарықтық капитализациясы соңғы онжылдықта екі есе төмендеп кеткен. Ал Азия лидерлері постковидтік кезеңде өздерін жақсы сезініп, негізгі бәсекелестерінен ұзап кетудің жолын тапқан.

McKinsey & Company сарапшылары Азия нарығында көш бастап келе жатқан компания топ-менеджерлері арасында сауалдама жүргізді. Олардың барлығы дерлік пандемияны бизнестегі заңдылықтарды жеңілдетіп, жақсы қырына қарай өзгертетін катализатор дейді. Компания сұрағына жауап берген DBS сингапурлік банктің атқарушы директоры Пиющ Гупта халықтың әл-ауқаты мен тұтыну деңгейі жағынан Азия әлем елдерін басып озып барады деп есептейді.

2020 жылдың қарашасында Азия-Тынық мұхит аймағындағы 15 ел жан-жақты экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойған. Олар – Оңтүстік-Шы­ғыс Азия мемлекеттер қауым­дас­тығына қарасты 10 ел және Қытай, Жапония, Аустралия, Жаңа Зеландия. Осының нәти­же­сінде әлемдегі аса ірі сауда ай­мағы құрылып, бұл өңірдегі елдер арасында интеграцияны нығайта түспек. Азия елдерінің эконо­миканы бірігіп дамытуына АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы да себеп болған сияқты.

1

Forbes-тің жазуынша, Азия пандемия кезінде бизнестегі технологиялық шешімдерді тіптен нығайта түскен. Жоғары деңгейлі цифрлы шешімдердің көбеюі нарықтағы электрон­ды коммерция мен онлайн-банкингтің дамуына айтар­лық­тай ықпал еткен. Мәселен, Үндіс­тандағы атақты SBI банкінің Yono қосымшасы арқылы адамдар тек банк операцияларын пайдаланып қана қоймай, инвестициясын да басқарады, шопингпен де айналысады. Пандемия басталғалы қосымшаға күн сайын 30 мыңнан астам адам тіркеліп отырған. Ал телемедицинаға арналған Ping An Good Doctor мобильді қосымшасының пайдаланушылары пандемия кезінде 8 есе өсіпті.

Дүниежүзілік банктің зерт­теуінше, Шығыс Азия және Ты­нық мұхит аймағындағы елдер экономикасы 2020 жылы 0,9 па­йызға баяулаған. Қытай мен Вьет­нам коронавирус инфекция­сын қатаң бақылауда ұстап, те­мір­дей тәртіп орнатудың нәти­же­сінде ІЖӨ-лері тиі­сін­ше
2 және 2,8 пайызға өскен. Тез арада өндірісті қайта іске қосу және экономиканы мем­лекеттік инвестиция арқы­лы ын­та­ландыру ел экономика­сын жыл­дам оңалтқан. 2021 жы­лы бұл аймақтың эконо­ми­калық өсімі 7,4 пайызға жетпек. Вак­циналаудың тиімді болуы да бизнеске оң әсерін тигізбек.

Орталық Азия елдерінде биыл экономикалық өсімнің қалпына келу деңгейі 3 пайызды құрайды деп күтіліп отыр. Бірінші кезекте Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» ірі халықаралық бастамасының жүзеге асуымен шикізат бағасы мен тікелей шетелдік инвестициялар көлемінде аздаған өсім байқалуы мүмкін.

Банктің бағалауынша, пандемия Оңтүстік Азияға ауыр тиді. Дағдарыстың ауыр соққысынан өндіріс күрт тоқтап, кедейлік пен жұмыссыздық деңгейі өсіп шыға келді. 2020 жылы Үндістан мен Бангладеште өндіріс көлемі 6,7 пайызға қысқарған. Алғашқы жартыжылдықтағы қатаң шектеу­лер алынып тасталған соң барып экономикалық белсенділік қалпына келе бастаған. Сондай-ақ табыс көзі тікелей туризмге байланған Шри-Ланка, Непал, Мальдив сияқты елдердің экономикасы қатты зардап шеккен. 2021 жылы өңір 3 пайызға өсім көрсетеді деген болжам бар.

McKinsey & Company серіктесі Дулат Икбаевтың айтуынша, Азия әлемдегі ең ірі өңірлік экономикаға айналып келе жатыр. Бұған әлемдік ІЖӨ үлесінің қарқынды өсуі дәлел.

«Өңірдің төлем қабілеті па­ри­те­ті бойынша әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2000 жылы 32 пайыз болса, бұл көрсеткіш 2017 жылы 42 пайызға жетті. 2040 жылға таман 52 пайызға жетеді деген болжам бар. Ал 2000-2017 жылдары төлем қабілеті паритеті бо­йынша Еуропаның әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 26-дан 22 пайызға азайған. Солтүстік Америкада 25-тен 18 пайызға түсіп кеткен. Сондай-ақ Азия тұтыну деңгейі бойынша да дамыған экономикаларға таяп қалды. 2040 жылға қарай Азияның тұтыну үлесі әлемдік тұтынудың 39 пайызына жетуі мүмкін. Жалпы, Азияның ықпалы барлық салада сезіліп жатыр: өңірде халықаралық студенттердің 48 пайызы білім алады. 2017 жылы мұнда әлемдік патенттердің 65 пайызы берілді. Өңірдің энергияға деген қажеттілігі 43 пайызға жетті. Тікелей шетелдік инвестиция үлесі 12-ден 26 пайызға ұлғайды. Азия елдері экономикасы тек жылдам өсіп қана қоймай, қарқынды интеграцияланып жатыр» дейді сарапшы.

Әрине өңірдегі ең ірі ойыншы Қытай екені белгілі. Пандемия қыспаққа алып жатқан сәтте де сыр бермеген бірегей экономика осы елге тиесілі. Бір құрлықта орналасқан мұндай серіктес елдің болуы өңірдегі өзге елдер экономикасына да оң әсерін тигізеді. Алайда АҚШ билігінің өзгеруі және жаңа әкімшіліктің Қытайға қатысты аса жайлы позиция ұс­тан­бай отырғаны тек Қытай үшін ғана емес, бүкіл Азия елдері үшін қауіп тудырады.