Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Көп этностылық және көп конфессиялық – біздің еліміздегі тарихи тұрғыдан қалыптасқан өмір шындығы. Осындай жағдайда қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуда, Қазақстанның этностық алуан түрлілігін сақтау мен дамытуда Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік қоғамдық құрылымдарына жүктелген жауапкершілік жоғары.
«Татулық, тұрақтылық пен этносаралық келісім –мемлекетіміздің үйлесімді дамуының іргетасы әрі зор жеңістерінің кепілі» екенін Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтауында ерекше атап өтті. Осы айдың 28-іне белгіленіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма тоғызыншы сессиясының күн тәртібі «Бірлік, татулық пен келісімнің 30 жылы» деп аталуы да бекерден-бекер емес.
Бүгінде әлеуметтік желілерде көшелердегі, қоғамдық орындар мен базарлардағы кез келген кикілжіңнің бояуын қалыңдатып, ұлтаралық сипат беру кең етек алып барады. Осындай келеңсіз оқиғаларды сырттай бақылаушылар жанжалға қатысушылар әртүрлі этнос өкілдерінен болған жағдайда орынсыз шу көтеріп, мәселені ушықтыруға дайын тұрады. Жақында «Алтын орда» базарында орын алған жүргізуші мен күзетші арасында болған қақтығыс – осының бір дәлелі. Жүргізуші әлеуметтік желі парақшаларына салынған сұхбаттарында: «Бұл ешқандай да ұлтаралық қақтығыс емес, тек арамыздағы түсініспеушіліктен туындаған екеуара соқтығыс қана» деп қанша ұғындырса да кейбір керауыз желі пайдаланушылар оқиғаны әсірелеп көрсетіп, жалаулата жөнелді. Ұшқыннан от тұтанатынын ескерсек, мұндай түймедейді түйедей етіп көрсетудің зардабы болмай қоймайтынын да баса айтқанымыз жөн. Оның үстіне, өте нәзік саналатын этносаралық мәселелерді шешуде белден басуға болмайтынын өткен тарихымыз сан мәрте дәлелдеді емес пе?! Бұл жолы абырой болғанда, жанжалға себепкер екі жігіт те азаматтық танытып, бір-бірінен кешірім сұрап, ымыраға келді. Қазақстан халқы Ассамблеясының этностар арасындағы ынтымақты дамытуда басты назарда ұстап келе жатқан медиация институтын дамыту да жоғарыдағыдай шиеленістерді шешуде аса маңызды тетік екені дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Бүгінде азаматтардың кез келген жанжалды шешу барысында ымыраға келуге дайын болуы азаматтық жетілу мен жауапкершілік көрсеткішіне айналып келеді. Мұның өзі жалпы қоғамның құқықтық мәдениетінің деңгейі жоғарылағанының басты айғағы. Тек осындай жағдайда Қазақстанда қоғам тұрақтылығы мен күллі әлеуметтік құрылымның орнықтылығы қамтамасыз етілмек. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік қоғамдық құрылымдары жұмысының Бірыңғай тұжырымдамасында кәсіби медиаторлар мен келіссөз жүргізушілерді даярлау, медиация институтын жоспарлы нығайтуға ықпал ететін білімді арттыру шаралары нақты белгіленген.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында этносаралық татулық туралы: «Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшының елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап ете түскелі тұрған қурай», Failed state сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды. Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын жол. Сондықтан ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз жауаптымыз», деп атап айтты.
Иә, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуда және сақтауда барша қазақстандықтар ортақ мақсатқа жұмыла жұмыс істеуі қажет. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы осы аса жауапты міндетті жүзеге асыруда негізгі жауапкершілікті өз мойнына алып отыр.
Закиржан КУЗИЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары