Медицина • 08 Сәуір, 2021

Вакцина салдырудың қандай жағымсыз әсері болуы мүмкін?

3475 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Вакцинациядан кейінгі жағымсыз реакциялар негізінен жеңіл немесе орташа дәрежеде болады. Вакцинаның жағымсыз әсері алғашқы екі-үш күнде пайда болады. Бұл ұзаққа созылмайтын тұмауға ұқсас синдром, қалтырау, дене қызыуының жоғарылауы, артралгия, миалгия, астения, жалпы әлсіздік, бас ауруы, сондай-ақ инъекция орнының ауыруы, гиперемия, ісіну түріндегі реакциялар болуы мүмкін.

Вакцина салдырудың қандай жағымсыз әсері болуы мүмкін?

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасына мониторинг жүргізу департаментінің басшысы Мәлік Әбдірахмановтың айтуынша, жағымсыз көріністер мен болуы мүмкін реакциялар вакцина нұсқаулықтарында көрсетілген. Жиі жүрек айнуы, диспепсия, тәбеттің төмендеуі, кейде аймақтық лимфа түйіндерінің жоғарылауы, аллергиялық реакциялар тұмауға қарсы екпе алған адамдарда да кездеседі. Вакцинаның бірінші дозасын енгізгеннен кейін пайда болған мұндай жағымсыз көріністер екінші дозаны енгізуге кедергі болмауы тиіс.

Вакцинация алғаннан кейін қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек?

Үш күн ішінде инъекция орнын ысқылауға, су тигізуге, моншаға баруға және де денеге артық салмақ салуға болмайды. Суықтан, денені қыздыру мен күйзелістен аулақ болу маңызды. Күйзеліске түскенде антиденелер өндірісі тоқтап қалуы мүмкін, салдарынан вакцинациядан қажетті әсер болмайды.

Үйлестірілген тамақ ішіп, рационға ақуызды көбірек қосу керек, ал аллергия тудыратын тағамды тұтынбаған жөн. Вакцинациядан үш күн бұрын және екпеден кейін алкогольді ішімдік ішпеген дұрыс – ол иммунитетті төмендетеді, салдарынан вакцина әсер етпейді.

Бірінші вакцинация мен екінші вакцинацияға дейінгі аралықта (21 күн) адамдармен қарым-қатынасты азайтып, қауіпсіздік шараларын (маска кию, әлеуметтік қашықтық, гигиена) сақтаған дұрыс. Иммунитет біртіндеп қалыптасады, ал вакцинаның бірінші және екінші дозасы арасындағы кезеңде ағза ерекше әлсіз болады. Егер адам санитарлық шараларды сақтамаса, COVID-19  жұқтырып алуы мүмкін.

Вакцина алғаннан кейін жағымсыз көріністер пайда болғанда не істеу керек?

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетімен бірге вакциналарды қолдану кезеңінде оларға тұрақты фармакологиялық қадағалау жүргізеді.

Егер вакцина салдырған адам бойында жағымсыз реакциялардың пайда болуын байқаса, келесі алгоритмге сәйкес әрекет ету қажет:

- вакцина алынған медициналық ұйымға немесе тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінеді; медицина қызметкері пациенттің шағымдарын тыңдап, содан кейін медициналық ұйымның логинімен ДЗСҰО-ның сайтындағы (www.ndda.kz) жеке кабинетке кіреді; жағымсыз реакция туралы жаңа карта-хабарламаны ашады және оған келесі мәліметтерді енгізеді: медициналық ұйым және хабарлаушы туралы жалпы ақпарат, пациент туралы деректер, вакцина, жағымсыз реакциялар туралы ақпарат, ілеспе дәрілік заттар туралы мәліметтер және анамнез деректері.

Барлық карта-хабарламалар ДЗСҰО-ның «Дәрілік заттардың жағымсыз әсерлері» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне түседі.

Дәрілік заттарды сараптау орталығы әрбір хабарламаны өңдейді, вакцинацияға қатысқан адамдардан: дәрігер, медбике, вакцина алушыдан жиналған ақпарат негізінде иммунизациядан кейінгі қолайсыз көріністерге бағалау және талдау жүргізеді, қолайсыз көріністердің себебі, олардың дамуына ықпал ететін факторлар анықталады.

Барлық карта-хабарламалар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық мониторинг орталығына жіберіліп, қажет болған жағдайда шара қабылдау үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жіберіледі. ДДСҰ елдерді COVID-19 вакцинациясына реакция туралы хабарламаларды және вакцина алған науқастарды бақылауға шақырады. Келіп түсетін деректер ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейде зерттелуі тиіс.

 

 

Соңғы жаңалықтар