Қоғам • 09 Сәуір, 2021

Күршімдіктер неге күрсінеді?

1405 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр. Әлеуметтік желілердің арқасында өңірлерде шешімін таппаған мәселелер бүкіл елге белгілі болып жатады», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. Шындық, жергілікті биліктен күдер үзген халық арыз-шағымын тікелей Президентке жолдағысы келеді. Болмаса, фото, бейне-жазбаларын әлеуметтік желіге салып, әділдік іздейді.

Күршімдіктер неге күрсінеді?

Жуырда Күршім ауданының тұрғы­ны ауылындағы «былықты» ұялы теле­фонының камерасына түсіріп алып, WhatsApp желісі арқылы таратқан. Фото, бейнежазба бұлтартпас айғақ дегендей, оларға қарап, Күршім ауылының сүреңсіз көрінісіне куә боласыз. Жолдың жағдайын айтпағанда, құлап жатқан қаша, жабық тұрған бассейн ғимараты, жаңа салынған сапасыз үйлер... Мұндай ауыл аз емес, әрине. Бірақ Күршім – шекара шебінде жатқан аудан орталығы. Естеріңізде болса, Шығыс Қазақстан облысында шекарадағы аудандар үшін 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жос­пары бекітіліп, бірқатар жұмыс қолға алынған. Алайда жұмыс сапасы қадағалаусыз сияқты.

– Бір әкім келіп, ауылдың кіре берісіндегі арканы орнатса, екіншісі келіп, оны ауылдың ана басына көшірді. Бәйтеректі орнынан бірнеше рет қозғады. Оның бәрі қып-қызыл шығын. Жаңа тротуар саламыз деп, Күршімнің орталық көшесін 8 метрден 5 метрге тарылтып тастады. Жаңадан бассейн бой көтеріп еді, игілігін көріп отырған бір адам жоқ, жабық тұр, – дейді Күршім ауылының ақсақалы Нұрбек Байтұрсынов.

Рас, шекаралық аудандарды дамыту мақ­сатында Күршім ауылында қыруар қаржыға бассейн салынып, жыл басында сал­танатты түрде ашылған болатын. Өкі­ніштісі, әлі күнге жұмыс істемей тұр. Ауыл­дықтардың айтуынша, қандай да бір ақауы бар көрінеді. Күршім ауданы әкімі­нің орынбасары Ерлан Шораяқовтың сөзі­не сүйенсек, бассейннің құрылысы толы­ғымен аяқталған.

Ашылу сал­танаты да болған. Бірақ шектеу шараларына байланысты өз жұ­мысын бастамай отыр. Елдегі жағ­дай оңалған соң бұл жаңа нысан 25 адамды жұмыспен қамтитын кө­рі­неді. Демек, шектеуге байланысты жұмысын бас­т­амаған екен. Олай болса, Өске­мен­дегі спорт ны­сандарының есігі неге айқара ашық? Бір облыс, бір қаулы дегендей...

Күршім ауданының тұр­ғын­да­рын алаңдатып отырған тағы бір мәселе – Топтерек ауы­лы­ның бас жағындағы көпір. Жіңіш­ке бұлағынан өтетін ол өткелді жылда су шайып кетіп, ауыл­дық­тар­дың жүріп-тұруына тұсау болады екен.

­– Топтеректе 40-50 отбасы тұ­­­р­ады, бастауыш мектебі бар. Ай­­та­йын дегенім, ауыл үшін өте ма­­ңызды жалғыз көпірді жылда көк­­тем­де су алып кетеді. Мықтап, кең кө­пір салып қоюға болар еді. Жол­дың үсті шұрық-тесік. Оны өзіміз тас төгіп жөндеген боламыз, – дейді Топ­те­ректің тұрғыны Нұрлыбек Мұқанов.

Бұл сұрақты да аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқовқа жет­кіздік. Оның сөзіне сенсек, был­­тыр бюджеттен қаржы бө­лі­­ніп, тиісті мекеме Топте­рек­ке қа­­жетті көпірді салып берген екен. Көпір мәселесі ше­шіл­­ді де­­гені­мен, Барақ батыр ауы­лын­­дағы ауыз су құбырын төсеп жат­қан KazContraction ком­па­ния­сы жүк­тел­ген жұмысқа сал­ғырт қа­ра­ған. Талап бойынша құбыр­лардың астына құмды тө­сеніш салмаған, бетін шоғыр-шо­ғыр тас­пен жапқан. Ауыл ақсақалы Нұрбек Байтұрсынов айтқандай, 480 млн теңге қаржы жұмсалған ауыз судың да пайдасын ешкім көріп отырған жоқ. Боран мен Маралды ауылдарына дәл осындай салғырттықпен су тартылып, қазынаның қаржысы ауаға шашылыпты. Оның үстіне әр аулада құдығы бар Барақ батыр­дың халқы ауыз суға аса зәру емес се­­кілді. Айтқандай, Барақ ба­тыр ауылына су тартпақ болған мер­­­дігердің жұмысқа жауап­сыз­­дық­пен қарағанын аудан бас­шы­­лығы да жоққа шығарып отыр­ған жоқ. Кемшіліктер орын ал­ған­дықтан аталған компаниямен келісімшартты үзуден басқа амал қалмаған сыңайлы. Ал жобалық-сметалық жоспар бойынша, нысан 2021 жылы аяқталуы тиіс.

– Аудан үшін маңызы жоқ дүние жасағанша, пайдалы нысан неге салмайды?! Мысалы, сүт қабылдау цехын қайта жандандыруға болар еді. Сиыр сауып отырған ел аз емес. Цех ашылса, сүт тапсырып, нәпақа таппай ма ел?! Облыс орта­лы­ғындағы кәсіпорындар үнемі сүт­­тің жеткіліксіздігін айтады. Со­лар­ға да сеп болар еді, – дейді аудан тұрғыны Талғат Ақшағанов.

Ауданға шын жанашыр Нұрбек Бай­тұрсынов, Талғат Ақшағанов, Табыс Кәңгілда, Нұрзада Қатай, Жақсылық Әли, Ержан Ахмадиев сынды бір топ тұрғын ауылдың дәл іргесінде бой көтерген асфальт зауытының құрылысына да жазбаша түрде қарсылық білдірген. Себебі зауыттан будақтаған қара тү­тін ауылды зиянды қалдық­та­ры­мен ластауы мүмкін.

– Біз зауыттың салынуы­на қар­­сы­­мыз.­ Ауылдық жерде тұ­рып, зиян­ды ауамен тыныс­та­ғымыз кел­ме­йді. Ертең бала­лар­дың денсаулығы не болмақ?! Елді мекеннен алыс апарып салса, еш қарсылық жоқ. Аудан басшылығы біздің бір ауыз пі­кі­ріміз­бен санасады деп ойлаймын, – дейді күміс алқа ана Нұрзада Қатай.

Асфальт зауытын салу мақ­са­тын­да «ОблШығысЖол» ЖШС өкілдері аудан әкімдігіне бос жер бе­ру туралы өтініш білдірген. Зауыт сал­мақ болған жерден әкім­дік бас тар­туға заңды түрде не­гіз жоқ бол­ған­дықтан ке­лісім­де­рін бе­ріп­ті. Аудан әкімінің орынбасары Е.Шорая­қов­тың айтуынша, қоғам­дық тың­дауда кейбіреу қарсылық біл­­дір­генімен, нысан құрылысы бас­талып кеткен.

– Қоғамдық тыңдауға көбі кел­ме­ді. Бәрі шешілген соң эко­ло­гия­­ға, қоршаған ортаға зияны бар де­гендей мәтінде қарсылықтарын біл­діріп хат жазған, – дейді Е.Шораяқов.                

Аудан тұрғындарының зауыт құры­лысына қатысты қарсы пікір біл­дірген хаттары «жау кеткен соң қылышты тасқа ша­бу­дың» кейпін кимесе болды. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­дауын­да атап көрсеткендей «Ха­лық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасына Күршім ауда­ны­ның бас­шылығы көз жұма қара­май­ды деп сенейік.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы