Қоғам • 09 Сәуір, 2021

Қазақстанның Қарулы Күштерінде бақылау тексерісі өтіп жатыр

387 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әскерлердің жауынгерлік және жедел даярлық деңгейін жетілдіруге бағытталған бақылау тексерісі Қазақстанның әскері  үшін 2021 жылғы қысқы оқу кезеңінің негізгі емтиханы болмақ, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Қарулы Күштерінде бақылау тексерісі өтіп жатыр

 

Тексеру іс-шараларының басты мақсаты – жауынгерлік даярлықтың нақты жағдайын анықтап, қолбасшылыққа бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін жетілдіруде іс жүзінде көмек көрсету.

Бөлімдер мен бөлімшелердің әскери қызметшілері тактикалық, арнайы, атыс, дене шынықтыру, мемлекеттік-құқықтық даярлық, әскери топография және басқа да оқытудың негізгі пәндерінен емтихан тапсырады.

- Қысқы оқу кезеңінде қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін зерделеуге және талдауға көп көңіл бөлінді. Әскерлердің далалық дағдысын жетілдіре отырып, әскери басқару бөлімшелері мен органдарының тактикалық буынын үйлестіру арқылы, біз әскерлерді мақсатқа сай қолдану үшін практикада жауынгерлік оқудың жаңа нысандары мен әдістерін қолдандық, сондай-ақ, жауынгерлік іс-қимылдарды дайындау және жүргізу мәселелерін зерттедік. Аталмыш, бақылау тексерісі командирлер жұмысының нәтижесін қорытындылап, әлсіз жерлерді анықтауға және іс жүзінде қолдауға көмектеседі, - деді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары генерал-майор Дәулет Оспанов.

Бұл ретте, комиссиялар әскери даярлықты ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты тексеріп, әскери бөлім басқармасының және бөлімшелердің жауынгерлік даярлық деңгейін бағалайды.

Барлық бақылау іс-шаралары тексеру кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі. Қаруды қолдану арқылы жауынгерлік оқу-жаттығу міндеттерін жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтауға ерекше назар аударылады.