Экономика • 09 Сәуір, 2021

Әйелдер ипотекасы қашан іске қосылатыны белгілі болды

514 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үй саласында гендерлік теңдікті жетілдіруге негізделген әйелдерге арналған ипотека жобасын іске асыруға кірісті, деп хабарлайды Egemen.kz Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әйелдер ипотекасы қашан іске қосылатыны белгілі болды

Жаңа бағдарлама Азия Даму Банкінен алынған 38 миллиард теңге қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылады және әйелдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталады.

Ипотека шарттары бойынша қарыз алушы кәмелеттік жасқа толған, Қазақстан азаматшасы болуы керек. Оның отбасылық айлық табысы 320 000 теңгеден кем болмауы тиіс. Тұрғын үй таңдауда шектеу қойылмайды, ипотеканы жаңа пәтерлерге де, екінші нарықтағы пәтерлерге де, оның ішінде үлестік келісім бойынша да, жөндеу мақсатында да рәсімдеуге болады.

Ай сайынғы кірісі 200 000 теңгеге дейінгі қыз-келіншектер үшін берілетін несиенің ең жоғары сомасы – сатып алынатын тұрғын үй құнының 85% (бағалау құны Банктің кепілдік тәуекелдері бөлімімен расталуы керек), ТҚЖ қоспағанда, кірісі 200 001-ден 320 000 теңгеге дейінгі қыз-келіншектер үшін ТҚЖ есебінсіз, сатып алынатын тұрғын үй құнының 80%.

Сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны - 30 миллион теңге (қоса алғанда); тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алынатын қарыздың ең жоғары көлемі – 3 700 000 теңгеге дейін (қоса алғанда).

Несиенің негізгі шарттары:

  • Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі - 12% (ЖТСМ - 12,2%-дан), кейіннен 5%-ға дейін төмендеуімен (ЖТСМ 5,2%-дан)

  • Бастапқы жарна - 15-ден 50%-ға дейін

  • Алдын ала несие беру мерзімі - 6 айдан 10 жылға дейін 

Жоба аясында шамамен 4000-ға жуық қыз-келіншек тұрмыстық жағдайын жақсартады деп күтілуде.

«Отбасы Банк» үшін отбасы құндылықтары өте үлкен маңызға ие, оның ішінде әйелдердің экономикалық белсенділігінің артып, баспаналы әйелдер қатарының көбеюі. Мәселен, 2019 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша ашылған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2-10-20 формуласымен 10 000-ға жуық несие берілді. Бұл бағдарламамен займ рәсімдегендердің 92% – әйелдер.

АДБ бағдарламасы – бірінші тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама емес. Ол тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе балаларына жылжымайтын мүлік сатып алу мақсатымен, екінші немесе үшінші тұрғын үй сатып алуды көздеп отырған, кірісі жоғары әйелдерге арналған.

«Көптеген әйелдер бізге алғашқы жарнасы төмен, 20% шамасында болатын бағдарлама жасау туралы өтініштерін жолдады, Банктің әйелдер ипотекасына ауған қызығушылығы осымен байланысты. Қыз-келіншектерді әсіресе үйді екінші нарықтан сатып алу мәселесі алаңдатты. Себебі екінші нарықтағы тұрғын үйді мектеп, балабақша немесе жұмысының жақындығына байланысты таңдауға болады, бұл жалпы отбасы үшін де қолайлы. Осы факторларға сүйене отырып, ресурстардың жоғары құнына қарамастан, бағдарламаға деген сұраныс айтарлықтай жоғары болады деп болжап отырмыз», - деді банктің басқарма төрайымы, Ләззат Ибрагимова.

Жалпы елімізде ипотекалық несие рәсімдеген әйелдердің үлесі, соңғы мәліметтер бойынша 48%. Сонымен қатар, бүгінгі күні «Отбасы банкінің» несиелік қоржынындағы әйелдердің үлесі ерлерге қарағанда жоғары. Несиелер саны бойынша әйелдердің үлесі 57%, несие сомасы мен қарыздың қалдығы бойынша 53% тең. Соңғы 5 жылда әйелдер біздің банктен несие алуда ерлерге қарағанда белсендірек, олардың банктің несиелік қоржынындағы үлесі айтарлықтай өзгермейді, 55-57% тең.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше