Қалған қыздарымыз діттеген мақсаттарына Алматыда қол жеткізуді көздеді. Алатау баурайында ұйымдастырылған іріктеу турнирінде төрт бұрымдымыз боз кілемге шықты. Өкінішке қарай, қатарынан екі кездесуде жеңілістің кермек дәмін татқан Эмма Тисина (57 кило) мен Жамиля Бақбергенова (68 кило) жарыс жолынан шығып қалды.
Барша жанкүйер 53 кило салмақта өнер көрсеткен Татьяна Ахметованың жанкештілігі мен табындылығына риза болды. Төрт дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері деген атағы бар 35 жастағы ардагер спортшы тұсаукесер кездесуінде тәжікстандық Ватансұлтан Шакаршоеваға шаң қаптырса, іле-шала моңғолиялық Болотуя Бат Очирмен белдесті. Бәсеке барысында 0:8 есебімен ұтылып жатқан Татьяна аяғынан ауыр жарақат алғанына қарамастан қарсыласын үш рет жамбасқа салып лақтырды. Осы үш әдіс те төрешілер тарапынан төрт ұпаймен бағаланды. Нәтижесінде отандасымыз келесі айналымға өтті.
Жартылай финалда Ахметова Оңтүстік Кореяның өкілі Ким Хен Джумен айқасты. Жарақаты жанына батқанына қарамастан ол Азия ойындарында үш мәрте, құрлық чемпионатында төрт рет жүлдегерлер қатарынан көрінген сақа спортшыға сан соқтырды. Сөйтіп, Татьяна Ахметова көздеген мақсатына қол жеткізіп, Олимпия ойындарының жолдамасын қалтасына басты. Оның ақтық сында күресіне дәрігерлер рқсат бермеді.
62 кило салмақ дәрежесіндегі Аяулым Қасымованың да жолдама алуға жақсы мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелерінде кореялық Ханбит Лиден айласын асырғанымен ол моңғолиялық Цереншимедке жол берді. Ал жартылай финалда үндістандық Сонам Сонамнан ұтылды. Бір өкініштісі, екі ретіде де қазақ балуаны алғашында қарсыласынан бес-алты ұпай озып тұрды. Бірақ бәсеке бел ортадан ауғанда Аяулым білгенінен жаңылып, жеңіс уысынан шығарып алды.
Әйелдер күресінен моңғол қыздары ең көп лицензияға қол жеткізді. Айтулы елдің төрт аруы Жапонияда баратындардың санатына қосылды. Қырғызстан, Үндістан, Қытайдың екі және Жапония мен Қазақстанның сұлуларына бір-бір жолдамадан бұйырды.