86 кило салмақта Азамат Дәулетбековке ширек финалда Оңтүстік Кореяның оғыланы Квон Хек Бьонны бір минутқа жеткізбей тас-талқанын шығарған еді. Алайда жартылай финалда қандасымыз Өзбекстанның өкілі Жабырайыл Шәпиевтен жеңіліп, Олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады.
Есесіне аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмұрзаев өз жанкүйерлерін қуантты. Ширек финалда кореялық Ким Донгхванды ойсырата ұту үшін оған үш минут жеткілікті болды. Жартылай финалда Юсуп Үндістанның спортшысы Сумитке сан соқтырып, ақтық сынға шықты. Осылайша, жерлесіміз Токио Олимпиадасына баратындардың тізіміне қосылды.