Руханият • 12 Сәуір, 2021

Рухы биік ел ешқашан жеңілмейді

652 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жалпы, мемлекет құрудың негізі – экономика емес, руханият. Руханияты бай, рухы биік ел ешқашан жеңілмейді. Яғни ол өзінің тәуелсіздігін сақтайды. Өткенінен бейхабар халықтың рухани кемелдігін былай қойғанда, материалдық тұрғыдан да жарымайды. Сондықтан болашағының берік болуын ойлаған жұрт ұрпағын өткен тарихтың кемел үлгісімен суаруы тиіс. Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары – қазақ қоғамына сананы жаңғырудың жолын нұсқаған бағдаршам іспеттес құнды дүниелер.

Рухы биік ел ешқашан жеңілмейді

Сананы жаңғырту бұрынғы ұмыт болған құндылықтарды жаңғырту арқылы іске асады. Қазақ халқының өткен тарихында бүгінгі ұрпақ ұялатын ештеме жоқ әрі тарихи-мәдени аспектілері өте бай. Осыны білуіміз керек һәм мәртебе тұтуға тиіспіз.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» деген тұжырым айтады. Бұл өте дұрыс па­йым. Мысалы, Алтайдан басталған көне түркі этносының қалыптасу процесі Ұлы далада жүргізіліп, VІ ғасырда Қазақстан аумағында алғашқы еуразиялық империя – Түркі қағанаты дүниеге келді. Қағанат шекарасы кеңейіп, батысы Солтүстік Кавказ бен Қара теңіз жағалауына дейін жетті. Иран және Византия елдерімен қарым-қатынас орнатты. Қағанаттың ең жоғарғы жетістігі – көне түркі жазуын пайдаланып, оның кең таралуына жол ашты.

«Алғашқы орта ғасырда Хижаз даласында көшпенді араб-парсы тектес тайпалар күшеюі себебінен түркі қағанаты ыдырап, жаңадан жеті мемлекет туып шықты» дейді қыпшақтанушы ғалым Болат Көмеков. Олар: батыста бұлғар мен хазарлар, қазіргі Қазақстан жері Ертіс бойында – кимек, Сыр бойында – оғыздар, Жетісу жерінде – қарлықтар мемлекет құрса, қалған екеуі: Енесей бойындағы қырғыздар мен моңғол үстірті Өтукен қойнауында пайда болған – ұйғыр хандығы. Бұлардың барлығы байырғы түркі қағанатының ел басқару жүйесін, шаруашылық мәдениетін, өнер-білімін, жазу-сызуын бұзбай дамытты. Осылай бүгін­гі қазақтың сайын даласы – әлемнің әр түк­піріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.

Академик Болат Ешмұхамедұлының па­йымынша, орта ғасырда әлемде түркілердей жігерлі халық болмаған. Олардың күнделікті тірлігіне отырықшы қоғам өкілдері таңдай қағып тамсанған. Өйткені түркілер құрған көшпелі қоғамның отырықшылық­тан бас­ты айырмашылығы – ру-тайпалық құры­лымы. Бұл жүйе қоғамдық және мем­лекет­тік дамудың негізгі ұстыны болған. Яғни қазіргі қазақтың болмысы осы ру-тайпалық құрылымда.

Одан кейін түркілер құрған көшпелі қоғамның басты байлығы – ауыз әдебиеті мен фольклоры. Ауыз әдебиеті халқымыздың жадысын жойдасыз шынықтырды. Отырықшы қоғамда лирикалық поэмалар саны бестен аспайды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында қазақ фольклорының үлкен-кішілі 200 мыңдай нұсқасы сақтаулы тұр. Мұндай қазына-байлық отырықшы қоғамда жоқ.

Көшпелі қоғам ешқашан бір жақты болмаған. Оның тұрмыстық мәдени болмысында: мал шаруашылығы, егіншілік, қалаласу процесі, оқу-білімі бәрі бар толыққанды қоғам құрған. Осының ішінде жазу мәселесіне келсек, ол – шаруашылық немесе қазіргі тілмен айтқанда экономикалық көрсеткіш емес, ол – өркениеттің белгісі. Сонымен қатар көшпелі қоғам, яғни Ұлы дала тұрғындары табиғат­пен тұтасып өмір сүрген, оның жаратылыс заңдылығын жақсы меңгерген. Өмір сүрген ортасына көзінің қарашығындай қамқорлық танытқан.

Тағы бір ерекшелеп айтатын дүние – көшпенді қоғамда адами фактор бірінші орында болған. Қазіргі әлеуметтанушылар айтып жүрген «адам капиталы» дегеніміздің түп төркіні осы.

Адам қадіріне аса маңыз берілгендіктен, көшпелі қоғамда ешқашан құл болма­ған. Яғни адам құқы тапталмаған. Қоғамға «обал» дейтін ұғым терең сіңірілген. Бұл ұғым оты­рықшыларда атымен жоқ. Айта берсек, көшпенді өмір салтын ұстанған бабаларымыз көк шөпті жұлмаған, суға түкірмеген, қа­же­ті­нен артық аң атпаған, дүние жинамаған т.б. Егер осы құндылықтарды сақтай алғанда қазіргідей экологиялық һәм рухани зардапқа ұрынбас едік һәм «обал» ұғымы адами қаты­нас өзегінен ажырамағанда қоғам ешқа­шан қатыгезденбес еді.