Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова, «Бөбек» орталығының бас директоры Елена Сәкенова, «АҮДҰИ» КеАҚ президентінің міндетін атқарушы Ирина Калачева және «Бөбек» орталығына қарасты обсерваторияның директоры Райся Кудякова алғысөз сөйледі.
Қазақстан Республикасының ғарышкері, әскери-әуе күштерінің генерал-майоры, Халық Қаһарманы, «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Айдын Айымбетов 60 жыл бұрын «Байқоңыр» космодромынан Юрий Гагарин «Восток-1» кемесімен ғарышқа аттанғанын айтты. «Бұл еліміз үшін ерекше мереке болды. Яғни Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа қазақ жерінен ұшты. Ол жер шегінен шыққан тұңғыш адам болып, адамзат үшін жаңа кезеңді ашты. Бұл күн зор гуманистік маңызға толы», деді ол.
Ғарыштық қызметтің дамуы – Қазақстан үшін басекеге қабілеттілігі зор және еліміздің қарқынды индустриаландырудың мықты факторының бірі. Қазақстан-2030 жылға ғарыштық қызмет көрсетудің дүниежүзілік нарығында өз қолданыс аясын кеңейтуі тиіс.
Елена Сәкенова рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаеваның бастамасымен 2009 жылы «Бөбек» орталығында бірегей білім беру обсерваториясының ашылғанын айтты. 2010 жылдан бастап соңғы 10 жыл ішінде «Бөбек» орталығының обсерваториясында 79 республикалық (6 708 қатысушы) және 50 халықаралық (377 қатысушы) іс-шара өтті. 2 092 қатысушы республикалық шаралардың, 148 қатысушы халықаралық іс-шаралардың жүлдегері атанды.
Обсерваторияның «Бөбек» орталығының құрылымдық бөлімшесі болып, ғарыштық бағыт бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратыны туралы Райся Кудякова мәлімдеді. Ол форумға қатысушыларды телескоп, компьютерлер, робот-техника сияқты заманауи құрылғылармен жабдықталған обсерватория қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар командалар құрамында халықаралық астрономиялық олимпиадаларға, турнирлерге, байқаулар мен конференцияларға қатысатын республика мектептерінің оқушылары обсерваторияда дайындықтан өтетіні айтылды.
Сондай-ақ осы жиында педогогика ғылымдарының докторы, Г.Гречко атындағы Нижегород планетарийінің директоры Г.Муромцева (Ресей), Астрономия және астрофизика бойынша халықаралық олимпиаданың үйлестірушісі В.Загайнова (Канада), Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университеті физика факультетінің инженері А.Симон (Украина) және тағы басқа маман баяндама жасады.
АЛМАТЫ