Экономика • 13 Сәуір, 2021

Бизнесте әйелдердің үлесі қандай?

1087 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

The Boston Consulting Group халықаралық компаниясының мәліметінше, соңғы жылдары әйелдер басқаратын бизнес оң нәтиже көрсете бастаған. Тіпті кей елдерде ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 50-60 пайызы әйелдер тұтқасын ұстаған компанияға тиесілі екен. Әсіресе, АҚШ, Жапония, Италия елдері осындай көрсеткішпен мақтана алады. Қазақстан да елдің ІЖӨ-сіндегі әйелдер кәсіпкерлігінің үлесін біртіндеп арттырып жатыр.

Бизнесте әйелдердің үлесі қандай?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тоқталып, әйелдер кә­сіп­керлігін қолдау – мемлекеттік сая­саттың басым бағыты деп атап өткен еді. Қазірдің өзінде біздің елдің бұл бағыт­тағы шаруасы тәп-тәуір жүзеге асуда. БҰҰ-ның гендерлік даму индексінде 51-орын алса, дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының бағалауынша 153 елдің ішінде 37-сатыда тұр.

– Қазақстан әйелдері жыл сайын елі­міздің қоғамдық-саяси өміріне бел­сенді араласып, мемлекеттік басқаруға, шешімдер қабылдауға қатысып жатыр. Бұл сөзсіз, оң үрдіс. Пандемия кезінде біздің өмірімізде сіздердің қаншалықты үлкен рөлге ие екендеріңізді байқадық. Әйелдер кәсіби және қоғамдық қызметті отбасын сақтау және жас ұрпақты тәр­биелеу миссиясымен ұштастыра алды, – деген еді Президент әйелдерді мере­кесімен құттықтау кезінде.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­меті бойынша, шағын және орта кә­сіп­керлікте ел бойынша 3,4 млн адам ж­ұ­мыс істесе, соның 1 млн-нан астамы – әйел­дер. Ал әйелдер басқарып отыр­ған ШОБ субъек­тілерінің үлесі – 43 пайыз. ШОБ-қа қа­рағанда жеке кәсіпкерлік саласында әйел­дер үлесі айтарлықтай көбірек: тір­кел­ген 856 мың жеке кәсіпкерліктің 450 мыңы (53 пайыз) әйелдердің еншісінде болса, 406 мыңы (47 пайыз) ерлерге тиесілі екен.

Банк саласында да әйелдер үлесі жыл санап артып келеді. «БанкЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайыновтың айтуынша, дәл қазір қаржы институтында жалпы саны 3,8 млн клиент бар болса, соның 1,8 млн-ы – әйелдер. Ал банктің мобильді қосымшасын ерлерге қарағанда әйелдер көбірек пайдаланады (52 пайыз).

– Қарыз портфелінің гендерлік құ­ры­лымын былай тарқатуға болады: жеке тұл­ғалардың 51 пайызы, заңды тұл­­­ғалар­дың 41 пайызы – әйелдер. Биз­нес­тегі қарыз алушы ер адамдардың көп­­тігіне қарамастан жеке кәсіпкерлік және шағын сегменттегі әйелдер үлесі ірі және орта сегментке қарағанда әлдеқайда жоғары. Әйелдер ақша қаражатын сақтау бо­йынша да өте мұқият. 60 пайызының депозиті бар. Олар банкіміздің белсенді әрі тұрақты қарыз алушылары, сонымен қатар ерлерге қарағанда несие төлеу тәртібі өте жоғары. Төлемін кешіктіріп жүрген әйелдер үлесі небәрі 35 пайызды құрайды, – дейді Ғ.Құсайынов.

Оның айтуынша, банк басшылығына келген кезде жоғары және орта басшы­лық­та тек қана ерлер болған. «Ал қазір маған тікелей бағынатын лауазымды қыз­меттердегі ерлер мен әйелдер үлесі тең. Сондай-ақ облыстардағы филиалдардың да көбін әйелдер басқарып отыр. Олар ерлерге қарағанда белсендірек», деді басқарма төрағасы.

Globalink Logistics Group Ltd бас ди­ректоры Сиддик Ханның сөзінше, әйел­дер бизнесте табысқа жетуі үшін әлеу­меттік желіде барынша интерактивті болып, заманауи маркетинг технология­ларын меңгеруі тиіс.

– Әйел кәсіпкерлердің артықшылығы ретінде олардың өз қызметкерлерін таң­дан­­дыра алатын ерекше басқару­шылық қасиетін, бәсекелестіктен қорық­пай­тынын және әйелдерге арналған бизнес түрлеріне келгенде аса ұтымды қызмет көрсететінін айта аламын. Ал әлсіз және «әді­летсіз» фактор – бір нәтижеге жету үшін әйелдердің ерлерге қарағанда көбі­рек жұмыс істеуіне тура келеді. Сон­дай-ақ ерлермен салыстырғанда олар бір шешімді қабылдау үшін ұзақ ойлана­ды. Кей жағдайда бұл пайдалы болуы мүмкін. Алайда табан асты шешім қабыл­дау қажет болғанда ондай ұзаққа созылатын күмәнге жол беру зияндырақ болады, – дейді.

Chocofamily Holding басшысы Рамиль Мухоряпов өз компаниясында әйелдердің маңызды рөл атқаратынын айтады. «Бізде жобалар мен бағыттарды басқару бойынша әйелдердің үлесі соншалықты көп емес – бар-жоғы 25 пайыз. Бірақ барлық компаниялар тобының кірісін қалыптастыру тұрғысынан алғанда бұл көрсеткіш таңғаларлық – олар кірістің шамамен 83 пайызын шоғырландырып отыр», дейді ол. YPO Kazakhstan басшысы, кәсіпкер Гауһар Қаппарова екі диплом мен отбасылық тәжірибе бизнесте көмектесе алмағанын айтады. «Қоймадағы заттарды сұрыптау да, құжатарды тексеру де, серіктестермен келіссөз жүргізу де өз мойнымда болды. Сол арқылы ысылып, шыңдалдым» дейді. Ал Lendonomy қаржылық стартапының негізін қалаушы Анжелика Османова бизнеспен айналысу үшін әйелдерге «тән болып қалған» стереотиптерді бұзып-жаруға тура келгенін жеткізді. «Бизнесті нөлден бастап үйрендім. Менің мүддеме қайшы келуі мүмкін шарттарға келісіп қойып, компромисске барып қоюдан сақтану үшін әркез өз позициямнан айнымауға өзімді міндеттеп отыруға тура келді. «Мен – әйелмін» дегенді ұмытып, «мен – бизнесменмін» деген ұстанымды меңгердім. Бар жауапкершілікті мо­йынға алуға тура келеді. Сонда ғана өз мақсатыңа жетесің», дейді Анжелика.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры­ның дерегі бойынша, қаржылық қол­дау алып отырған кәсіпкерлердің 57,6 па­йызы – әйелдер. Бұл елімізде әйел­дер кәсіп­­керлігінің белсенді дами баста­ға­­нын аңғартады. Сондай-ақ қазір елі­міз­де төрт банкті – Халық банкті» (Үміт Шаях­метова), «Альфа Банкті» (Али­на Аникина), РБК Банкті (Наталья Акентьева) және «Отбасы банкті» (Ләззат Иб­ра­гимова) әйел азаматтар басқарып отыр.