Күрес • 13 Сәуір, 2021

Бар-жоғы үш жолдама бұйырды

347 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында күрес түрлерінен Олимпия ойындарының лицензиялық турнирі аяқталды. Айтулы жарыста сары құрлықтың 25 мемлекетінен келген балуандар өзара күш сынасып, 36 жолдаманы сарапқа салды. Яғни финалға шыққан балуандардың барлығы да Токиода күш сынасу құрметіне бөленді. Алатау баурайында өнер көрсеткендер қатарында Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтар да болды.

Бар-жоғы үш жолдама бұйырды

Тұрсынов Токиоға барады

Жұма күні грек-рим күресі шебер­лері боз кілемге шықты. Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында Олимпиаданың алғашқы жолдамалары сарапқа салынғаны белгілі. Сол жарыста 60 кило салмақтағы Мейрамбек Айна­ғұлов пен 77 кило салмақтағы Асхат Ділмұхамедов Күншығыс еліне сапар шегетіндердің санатына қосылған еді. Келесі іріктеу сынын Алматы қаласы қабылдады. Иә, өз елімізде өтетін жарыста қалған төрт жолдаманы иелену үшін біздің балуандар барын салады деп үміттендік. Бірақ үкілі үмітіміз ақталмады. 67 кило салмақта белдескен Мейіржан Шермаханбет шешуші сында шабысынан жаңылды. Әлем чемпионатының қола жүлдегері деген атағы бар қандасымыз есімі көпшілікке беймәлім қырғызстандық балуан Марлен Асикеевтен ойсырай ұтылды. Есеп – 2:8.

97 кило салмақтағы Олжас Сыр­лы­бай мен Оңтүстік Кореяның өкілі Сейол Ли арасындағы сайыста тең есеп тіркелді – 1:1. Ереже бойынша екі балуан тең түскен жағдайда соңғы ұпайды кім алса, жеңіс соның еншісіне жазылады. Бұл ретте Лидің бағы жанды.

Аса ауыр салмақта Георгий Цур­цумия айқасты. Жасы 40-тан асқан ардагер балуанның үлкен спорттан қол үзгеніне бақандай 13 жылдың жүзі болды. 2004 жылы оның Афина Олимпиадасында күміс медальді иеленгенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Одан бөлек, Цурцумияның әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлықтың төрт дүркін чемпионы деген атақтары тағы бар. Арада 17 жыл өткен соң Георгий қайта Олимпия ойындарында күш сынасуды мақсат тұтты. Бірақ жалынды жастар сақа спортшыға ондай мүмкіндік бермеді. Алғашында кореялық Минсок Кимнен, көп ұза­май қытайлық Линдзе Менгтен ұтылған ол жарыс жолынан шығып қалды. Осылайша, үш балуанымыз Алаш топырағында өткен жарыста өз жанкүйерлерін қуанта алмады.

Жерлестеріміздің арасынан Нұрсұлтан Тұрсыновтың асығы алшысынан түсті. Ширек финалда ол жапониялық Масато Сумимен шеберлік байқасты. Бәсеке барысында 0:3 есебімен ұтылып жатқан қазақ жігіті екінші кезеңде жанкештілік танытып, жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Жартылай финалдық сайыста да жоғарыдағы жағдай айна-қатесіз қайталанды. Үзіліске дейін Сушил Кумар қанда­сымыздан ұш ұпай озып тұрды. Бұл жағдай Нұрсұлтанның жігерін жасыта алған жоқ. Екінші кезеңде Үндістан өкілін төрттағаннан жұлып алған ол оңтайлы әдісін жүзеге асырды. Ақыры 9:5 есебімен жеңіске жеткен Тұрсынов Токиоға баратындардың тізіміне қосылды. Финалда қытайлық Фей Пенг боз кілемге шығудан бас тартты. Осылайша, Нұрсұлтан Олим­пиада жолдамасымен қатар, жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды.

Алматыдағы турнирдің қорытын­дысы бойынша Қырғызстаннан келген жігіттердің қанжығасы майланды. Айыр қалпақты ағайындарымыз үш жолдаманы олжаласа, Қытай, Оңтүстік Корея және Ираннан екі және Жапония, Өзбекстан және Қазақстаннан бір-бір балуан сондай құрметке бөленді.

 

Татьяна табандылық танытты

Сенбіде әйелдер күресінен бәсеке­лер өтті. Олар да 2019 жылғы әлем чем­пио­натында екі жолдаманы қоржынға сал­ған еді. Бұл жолдамалардың ие­гер­­лері – Валентина Исламова (50 ки­ло) мен Елмира Сыздықова (76 кило). Қалған қыздарымыз діт­теген мақ­­саттарына Алматыда қол жет­кізу­ді көздеді. Алатау баурайында ұйым­дастырылған іріктеу турнирінде төрт бұрымдымыз боз кілемге шықты. Өкінішке қарай, қатарынан екі кездесуде жеңілістің кермек дәмін татқан Эмма Тисина (57 кило) мен Жәмилә Бақбергенова (68 кило) жарыс жолынан шығып қалды.

Барша жанкүйер 53 кило салмақта өнер көрсеткен Татьяна Ахметованың жанкештілігі мен табандылығына риза болды. Төрт дүркін Азия чем­пионы, Азия ойындарының қола жүл­дегері деген атағы бар 35 жас­тағы ардагер спортшы тұсаукесер кезде­суінде тәжікстандық Ватансултан Шакаршоеваны шаң қаптырса, іле-шала моңғолиялық Болотуя Бат Очирмен белдесті. Бәсеке барысында 0:8 есебімен ұтылып жатқан Татьяна аяғынан ауыр жарақат алғанына қара­мастан қарсыласын үш рет жам­басқа салып лақтырды. Осы үш әдіс те төрешілер тарапынан төрт ұпай­мен бағаланды. Нәтижесінде отандасымыз келесі айналымға өтті.

Жартылай финалда Ахметова Оңтүстік Кореяның өкілі Ким Хен Джумен айқасты. Жарақаты жанына батқанына қарамастан ол Азия ойындарында үш мәрте, құрлық чемпионатында төрт рет жүлдегерлер қатарынан көрінген сақа спортшыны сан соқтырды. Сөйтіп Татьяна Ахметова көздеген мақсатына қол жеткізіп, Олимпия ойындарының жолда­масын қалтасына басты. Оның ақтық сындағы күресіне дәрігерлер рұқсат бермеді.

62 кило салмақ дәрежесіндегі Аяу­лым Қасымованың да жолдама алуға жақсы мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелерінде кореялық Ханбит Лиден айласын асырғанымен ол моңғолиялық Цереншимедке жол берді. Ал жартылай финалда үндістандық Сонам Сонамнан ұтылды. Бір өкініштісі, екі ретінде де қазақ балуаны алғашында қар­сыласынан бес-алты ұпай озып тұр­ды. Бірақ бәсеке бел ортадан ауғанда Аяулым білгенінен жаңылып, жеңісті уысынан шығарып алды.

Әйелдер күресінен моңғол қыз­дары ең көп лицензияға қол жет­кізді. Олардың төртеуі Жапонияға бара­тындардың санатына қосылды. Қырғызстан, Үндістан, Қытайдың екі және Жапония мен Қазақстанның ба­луандарына бір-бір жолдамадан бұйырды.

 

Батырмұрзаевтың бағы жанды

Жексенбі күні еркін күрес ше­бер­лері жарыс көрігін қыздырды. Бұған дейін біздің жігіттер төрт жол­даманы қоржынға салған еді. Олар – Нұр­ислам Санаев (57 кило), Дәу­лет Ниязбеков (65 кило), Данияр Қай­санов (74 кило) және Әлішер Ерғали

(97 кило). Бапкерлердің «Қалған екі жолдама үшін кім таласады?» деген сауалға біраз бас қатыруына тура келді. Себебі жұлқынып тұрған жігіттер көп. Солардың арасынан ең мықтыларды іріктеп алу қажет. Ке­сімді сөзді ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев айтты. Ай­тулы маман 86 кило салмақта Азамат Дәулетбековті және 125 кило салмақта Юсуп Батырмұрзаевты боз кілемге шығаруды жөн көрді.

Алматыдағы жарысты екі жерле­сіміз де керемет бастады. Екеуі де Оң­­түстік Кореяның өкілдерін өз еліне қайтарды. Ширек финалда Аза­мат Квон Хек Бьонның тас-тал­қанын шығарды. Бәсеке бір минутқа жетпей аяқталды. Юсуп та ұзаққа созбады. Ким Донгхванды ойсырата ұту үшін оған бар-жоғы үш минут жеткілікті болды. Бірақ одан кейін Дәулетбековтің бағы байланды. Ол Ресейден қоныс аударып, Өзбекстанның туы астында өнер көрсетіп жүрген Жабраил Шәпиевтен жеңіліп, жергілікті жан­күйерлердің көңіліне селкеу түсірді. Ал Батырмұрзаев ел сенімін ақтады. Жартылай финалдық межеде Қазақ елінің намысын қорғап жүрген ноғай жігіті үндістандық Самит Са­митті сан соқтырып, Токиоға баратын балуан­дардың тізіміне қосылды.

Сөйтіп Қазақстанның еркін күрес шеберлерінің жеңіп алған жол­дамаларының саны беске жетті. Отан­дастарымыздың арасынан әзірге тек 86 кило салмақтағы балуандар осалдық танытуда. Ал Алматыдағы турнирде Өзбекстан құрамасы тамаша өнер көрсетті. «Ала тақиялылар» төрт лицензияны өз қоржындарына салды. Иранның апайтөстерінің үшеуі Жапонияға сапар шегетіндердің санатына қосылды. Сондай-ақ Қытайдың екі және Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолияның бір-бір өкілі сондай құрметке бөленді. 

Сонымен Алатау баурайында ұйым­дастырылған дүбірлі дода өз мәресіне жетті. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда жалауы желбіреген әлем чемпионаты және күні кеше Алматыда аяқталған турнирді қоса алғанда, Қазақстанның балуандары барлығы 11 лицензияға иелік етті. Тарқатып айтсақ, еркін күрестен  бес, грек-рим күресі мен әйелдер күресінен үш-үштен жолдаманы қор­жынға салдық. Алда тағы бір іріктеу сайысы бар. Бұл жарыс 6-9 мамыр күндері Болгарияның астанасы – Софияда өтеді. Сол бәсекеден кейін биыл Токиода алауы тұтанатын Олим­пия ойындарында күш сынасатын балуандар толықтай анықталады. Соңғы сынақта Қазақ елінің өрендері төрт жылдықтың бас­ты додасына толық құраммен бару үшін барын салады деп үміттенеміз.

 

АЛМАТЫ