Коллаждарды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Елордада коронавируспен ауыратындарды емдеу үшін 14 аурухана тартылды. Аталған ауруханаларда 1 889 орын бар. Бүгінгі күні 985 науқас ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Оның ішінде коронавирус 901 адамда расталған және 84 адам пневмониямен ем қабылдауда. Жансақтау бөлімінде 95 адам бар, оның 21 өкпені жасанды тыныстандыру аппаратында жатыр. Сонымен қатар 4 мыңға жуық адам үйде амбулаторлы ем қабылдауда», дейді Т.Мұратов.
Сонымен қатар ол елордада азаматтарды алдын ала жазу бойынша вакциналау басталғанын баяндады. Оның сөзінше, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 600 мыңнан астам адамға немесе қала тұрғындарының кем дегенде 60%-ына вакцина егу жоспарланған.
«Бүгінде елордада 22 500-ден астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл – медициналық қызметкерлер, оқытушылар, құқық қорғау органдарының, дипломатиялық қызметтегі қызметкерлер және созылмалы ауруы бар адамдар. Вакцинадан кейін асқынулар тіркелмеген. Осы аптада қала тұрғындарының алдын ала жазылуы бойынша жаппай вакциналау басталды. Яғни коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны алғысы келетін адамның барлығы өз еркімен жазылып, енді емханалардан шақыруды күтуде», деді Т.Мұратов.
Айта кететін тағы бір жайт, денсаулық сақтау басқармасы астаналықтарды вакциналаудың алгоритмін жасаған.
«Коронавирусқа қарсы екпе алғысы келетіндер екі жол арқылы өтініш қалдыра алады. Азаматтар eGov порталы арқылы өздеріне ыңғайлы уақытта және орында вакцина алуға өтініш қалдыра алады. Екпе жасайтын мекемелердің тізімі eGov порталында бар. Дәрігер азаматты вакцина алу тізіміне қосқан соң, оған жеке нөміріне SMS-хабарлама келеді. Ол жерде уақыты, вакцина жасалатын жердің мекенжайы көрсетіледі», деп атап өтті ол.
Вакцина алған адамдар 30 минут бойы дәрігердің бақылауында болады.
«Халықты вакцинамен қамту үшін медициналық ұйымдарда егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін көбейтілді. Сондай-ақ халықтың екпе алуы қолжетімді болуы үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірге вакциналау пункттерін қаланың сауда және ойын-сауық орталықтарында орналастыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда «Mega Silk Way» СОСО-да барлық санитарлық-эпидемиялық талапты ескере отырып, халықты вакциналауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Онда екі бригада түске дейін және екі бригада түстен кейін жұмыс істейді. Бригадалар дәрігерлер мен медбикелерден құралған», деп түсіндірді басқарма басшысы.
Сәуір айында Алматыға шамамен 400 мың доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде. Мұндай деректі Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нариман Табынбаев келтірді.
«Алматыда вакциналау басталғалы 68 650 вакцина келді. Екпені 49 160 адам салдырды. Қазір қалада 19 490 вакцина бар. Бізге 13 сәуірге дейін 69 мың вакцина келу керек. Айдың соңына дейін тағы 300 мыңнан астам вакцина алу жоспарланып отыр. Бұл сан әлі нақтыланатын болады, қазір арнайы штаб құрылды. Бұл дозалардың барлығы вакциналау пункттеріне таратылады», деді Н.Табынбаев.
Айта кететін жайт, өткен аптадағы мәлімет бойынша елімізде 313 611 адам вакцина салдырды.