«Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс істеу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру» республикалық жобасының басталуына арналған онлайн баспасөз-конференциясына АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқармасы төрайымы Лима Диас және басқа да қоғам қайраткерлері қатысты.
ARASHA баспана мысалында (Алматы қ.) біз тұрмыстық зорлық- зомбылық құрбаны болған әйелдердің 40%-дан астамы агрессор жұбайларына оралатынын көреміз. Оның әртүрлі себептері бар – бірі суымаған сезімдерінің жетегінде күйеуіне қайта келеді, бірінің баратын жері жоқ. Күйеуі түзелуге уәде береді. Осы әйелдердің жартысы өмірлерін жаңадан бастап отбасында қалады, екінші жартысы қайтадан бізге жүгінеді», дейді М.Өскенбаева.
Осыған байланысты, аталған жобаны іске асыру аясында агрессорлармен жұмыс істеудің практикалық әдістері нұсқаулықтар мен әрекеттер алгоритмін жасау арқылы қолданылады.
«Жоба тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және Қазақстандағы жағдайды жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдауға бағытталған. Мысалы, дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру. Біз олардың еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейтінін білеміз, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсетудің стандарты бар. Бірақ олардың нақты саны әлі белгісіз. Жоба аясында қор алғаш рет еліміздің 10 әскери оқу орнында ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізетін күш ведомстволарының отставкадағы қызметкерлерін ерлермен әңгімелесуге тартады. Онда ер адамдар білім алады – болашақ полицейлер, әскерилер. ARASHA тәжірибесінде күштік құрылым өкілдері отбасында агрессор болған жағдайлар болды. Олар эмоцияға берілмей, мәселені күш қолдану әдісі арқылы шешуге үйренген. Жұмысы ауыр. Үйге келіп, әйеліне, балаларына мінез көрсетеді. Ал таңертең дым болмағандай гүл беріп кешірім сұрайды және әрі қарай өмір сүре береді. Әйелдер мұндай жағдайға көніп, ондаған жылдар бойы солай өмір сүруге мәжбүр» дейді М.Өскенбаева.
Лима Диас өз сөзінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету жөніндегі дағдарыс орталықтарына алғыс білдірді. «Осы жоба аясында серіктес болған дағдарыс орталықтарына шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгінде аталған орталықтар қаржылық қиындықтарға қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құпиялылығын, тұрғын үй, психологиялық, заңдық және әлеуметтік көмек тұрғысынан кешенді қолдауды қамтамасыз етуде», деді ол.
Сондай-ақ жоба шеңберінде өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру жөніндегі алғашқы республикалық жобалық кеңсе құрылады. Агрессорлардың қолынан зардап шеккен 500 әйел мен олардың балаларына психологиялық көмек көрсетіледі. Осы жобаны іске асыру шеңберінде агрессорлармен жұмыс істеуге оқыту бойынша тренингтер мен вебинарлар жоспарланған: әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі 75 инспектор және кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі инспектор барлық өңірде оқудан өтіп, өз біліктілігін арттырады.
Еске сала кетейік, жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранттық қолдауымен жүзеге асырылуда. Ал Алматы қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған ARASHA баспанасы – 2017 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс істейтін «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» қоғамдық қорының әлеуметтік жобасы. Мұнда әйелдер психологиялық, заңгерлік көмек алады, жұмысқа орналасады немесе мамандық алуға көмектеседі. Өз жұмысының басынан бастап 2021 жылғы 1 сәуірге дейін ARASHA баспанасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 418 жанға кешенді қолдау көрсетті.