Бүгінде кәсіпорындардың тарапынан жұмысшы мамандарға қойылатын талаптар артуда. Себебі кәсіпорын дамыған сайын өзінің жабдықтарын үнемі жаңартып отырады, бұл өз кезегінде колледжден келген жас мамандар үшін белгілі бір қиындықтар туындатады. Атап айтсақ, өндірісте қолданылып жатқан жабдықтың колледжде болмауы. Ендеше, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын заманауи қондырғыларлармен жабдықтау бүгінгі маңызды мәселелердің бірі.
«Осы ретте, Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жас маман» жобасы жұмысшы кадрларды сапалы даярлаудың жүйелі құралы деп ойлаймын. «Жас маман» жобасы еліміздің 180 колледжін жаңғыртуды, яғни оларды заманауи жабдықтар жиынтығымен жабдықтауды көздейді. Оның ішінде халықаралық WorldSkills қозғалысының стандарттары да ескеріліп отыр. Жобаны жүзеге асыру бойынша Talap КеАҚ тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясындағы колледждерді конкурстық іріктеу жұмыстарының нәтижесінде, 2020 жылы «Жас маман» жобасына еліміздің әр аймағынан 80 колледж іріктеліп алынды. Осы орайда жабдықтарды алу рәсімін қысқаша айтып өтсек, тізімге енген колледждер заманауи жабдықтарды алу үшін әлеуметтік серіктес – берушілермен келісе отырып өз аймағында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау үшін қажетті жабдықтардың тізімін құрайды», дейді Talap КeАҚ-ның вице-президенті Қажымұхан Әлімханұлы.
Аталған жабдықтар құрамын аймақтық комиссияда қарастырып бекітеді, комиссияның кем дегенде 50%-ы жұмыс берушілерден және кәсіпкерлерден құралған, сонымен қатар «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы да бар. Әр аймақ құралған жабдықтар тізімін Talap КеАҚ-қа жібереді.
«Біз оператор ретінде барлық жабдықтар тізімін «Атамекен» ҰКП және салалық жұмыс берушілердің қауымдастығына келісуге жолдаймыз. Аталған мекемелерден келісім алынғаннан кейін жабдықтар тізімі республикалық комиссия деңгейінде қарастырылып, бекітіледі. Бекітілген тізімге сәйкес колледждер белгіленген тәртіпте сатып алу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде, өткен жылы еліміздің 80 колледжі мамандарды даярлау бағыты бойынша заманауи жабдықтарды сатып алды. Атап айтсақ, жеңіл өнеркәсіп, аспаз, машина жасау, автокөліктерді жөндеу, ауыл шаруашылығы, IT мамандықтары бойынша, сонымен қатар мехатроника секілді жаңа саладағы жабдықтар да бар», дейді ол.
Қазіргі күні заманауи қондырғылармен жабдықталған колледждер өз базаларында құзыреттілік орталықтарын ашу жұмыстарын жүргізуде. Биыл «Жас маман» жобасының шеңберінде 100 колледжді заманауи қондырғылармен жабдықтау жоспарланған. «Жас маман» жобасының тиімділігін арттырудың екінші бағыты – жаңадан алынған жабдықтарда болашақ мамандарды даярлау үшін жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу. Осы орайда жобаға қатысушы колледждерде халықаралық деңгейде мақұлданған жұмысшы кадрларды даярлаудың бағдарламаларын енгізу көзделіп отыр.
Әлемдегі, экономикадағы, қоғамдағы үздіксіз өзгерістер жағдайында кадрлар даярлау жүйесін үнемі жаңғыртып отыру қажет, өйткені дәстүрлі форматтар ескіруде. Өз кезегінде, өндірістің трансформациясы кадрлардың кәсіби дағдыларының өзекті болуын, заманауи құрылғыларда жұмыс істей алуын үнемі қажет етіп тұрады. «Жас маман» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде еліміздегі колледждердегі «қондырғылар паркі» жаңартылып, өз кезегінде білікті мамандарды даярлау бойынша жұмыстардың жандануына, сондай-ақ жұмыс берушінің талабына сай болуына әкелуде. Қазақта «Шеберді қолы асырайды» деген жақсы сөз бар. Әрбір жұмысшы маман өз ісінің шебері болса, сөзсіз еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. «Жас маман» жобасының оң нәтижесі алдағы бес жылдың көлемінде көрінеді деген сенім бар», деді Қ.Әлімханұлы.