Үкімет • 13 Сәуір, 2021

Вакциналау – маңызды міндет

20 рет көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды.

Қазіргі жағдай, халықты вакциналау барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын орындау аясында қабылданып жатқан шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

10 млн-ға жуық адам вакциналанады

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлемде COVID-19 ауруы мен өлім-жітімі бойынша жағдай шиеленісе түсуде. ДДҰ-ның алты аймағының бесеуінде аурудың өсу тенденциясы байқалады. Қазақстанда 12 сәуірдегі жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 271 809 науқас және КВИ- жағдайымен 51 399 науқас тіркелді. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика 12 күннен бері қызыл аймақта орналасқан. Ел ішінде 8 «қызыл аймақ» бар: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды және Ақтөбе облыстары. Өткен аптада сары аймаққа 4 өңір көшірілді, бүгінде сары аймақта 7 өңір бар: Шымкент қаласы, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай, Павлодар облыстары. Жасыл аймақта тек Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары ғана бар. «Ағымдағы жылдың сәуір айында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалады, сәуір­дің 11 күнінде 24 955 жағдай тіркелген, наурыздың ұқсас кезеңімен салыс­тыр­ғанда сырқаттанушылықтың 3 есе өсуі байқалады, тәулігіне 2800 науқастан тіркелуде», деді А.Цой.

Қостанай және Түркістан облыс­тарын қоспағанда, барлық өңірлерде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Бұл ретте ел бойынша сырқаттанушылықтың 61%-ы 3 өңірге – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі. Сырқаттанушылықтың өсуімен қатар, өлім-жітім жағдайлары санының өсуі байқалады, мәселен наурыз айында ақпан айымен салыстырғанда КВИ-ден қайтыс болғандар саны 1,4 есе өсті. Бұл ретте өлім-жітім жағдайларының 57%-ы 3 өңірге – Нұр-Сұлтан және Алматы қа­лалары мен Алматы облысына тиесілі.

Денсаулық сақтау министрі хабар­лағандай, сәуір айында эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, тестілеудің тәуліктік саны 48 мың зерттеуге дейін артқаны байқалады, бұл ел бойынша жалпы тәуліктік қуаттың 41%-ын құрайды. «Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, барлық өңірлерде әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеу критерийлеріне сәйкес қосымша шектеу шаралары қабылдануда. Соны­мен қатар эпидемиологиялық ахуал­дың на­шарлауын ескере отырып, өңірлер­дің әкімдері ахуалдың тұрақты мони­торингін, жедел ден қоюды,  профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар қабылдауды қамтамасыз етуі қажет», деді А.Цой.

Биылғы 12 сәуірдегі жағдай бойынша өңірлер бөлінісінде төсектік орындардың күнделікті қамтылу мониторингіне сәйкес, Қазақстан Республикасында 30 109 инфекциялық төсектік орын бар, олардың қазіргі жүктемесі 41% (12 349 төсектік орын) құрайды. Резервтік қор 32 065 төсектік орын.

Алматы облысында, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында инфекциялық төсектік орындардың үдемелі қамтылуы байқалады. Бұл ретте Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы төсектік орын резерві әрбір қалада шамамен 1200 төсектік орынды құрайды. Айта кету керек, еліміз бойынша төсектік орындардың төмен қамтылу көрсеткіштеріне қара­мастан, бүгінде ауруханаға жатқызылатын науқастар саны 12 наурыздағы 4 713-тен 12 сәуірде 12 349-ға дейін 2,6 есе өсті. «Ин­фекциялық стационарлардағы реанимациялық төсектік орын саны 2 752, қамтылуы 27% құрайды. Реанимациялық төсектік орындардың жоғары қамтылуы Нұр-Сұлтан қаласында (66%) және Алматы қаласында (50%) байқалады. Реанимация бөлімшелеріндегі пациенттер саны 2,4 есеге артты», деді А.Цой.

1 ақпаннан бастап өңірлерге «Спутник V» вакцинасының 611 мың дозасы жеткізілді. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Ертең өңірлерге кезекті 300 мың доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, сәуір айында тағы 1,4 млн доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде, бұл шамамен 2 млн азаматтың вакциналауға қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Ведомство басшысының айтуынша, өңірлерде халықты вакциналау науқаны жалғасуда. Бүгінгі таңда өңірлерде 916 егу пунктінде вакциналау жүргізілуде. Бұдан басқа, алыс аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде КВИ-ға қарсы вакциналау жүргізу үшін 233 көшпелі егу бригадасы жұмылдырылды. Вакциналау науқанына 10 мыңға жуық медицина қызметкері тартылған.

Алматы, Нұр-Сұлтан, Көкшетау қала­ларында егу пункттері сауда орталық­тарында, базарларда ашылған, яғни демалыс күндері де вакциналау алуға болады, бұл халықтың вакциналауға қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2021 жылдың 8 сәуірінен бас­тап вакциналауға «Электронды үкімет» порталы арқылы жазылуға болады. «Бұл үшін азамат тіркелген аймағы бойынша медициналық ұйымды көрсете отырып, өтінім береді. Медициналық ұйым вакциналау жүргізу уақытын көрсете отырып, өтінімдерді бөледі, содан кейін азамат «электронды үкімет» порталында медициналық ұйымға баратын күні мен уақытын көре алады», деді А.Цой.

 

Таяу арада 2 млн адамға екпе жүргізілуі керек

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин жалпы жағ­дайға шолу жасап өтті. Республика бо­йынша вирустың репродуктивтік көр­сеткіші 1,15 құрайды. Инфекциялық төсектік орындарының жүктемесі 41%, реанимациялық төсектік орындары 27% құрайды. Қазіргі уақытта Covid-19 таралу қарқыны бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстары «қызыл аймақта» тұр. Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарын қоспағанда, қалған барлық өңірлер – «сары аймақта». «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алатындардың санын арттыру бойынша алдымызға нақты міндет қойды», деді А.Мамин.

Премьер-Министр әкімдерге эпиде­миялық жағдайға байланысты жедел шектеу шараларын қабылдауды, барлық емдеу мекемелерін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етуді, сани­тарлық нормалар мен маска тағу режі­мін сақтауды күшейтуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкім­діктерге төсектік орын қорының толық дайындығын қамтамасыз ету, сон­дай-ақ қоғамдық орындарды, оның ішінде сауда орталықтарын пайдалана отырып вакциналаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды. «Вакци­налау кестесін қатаң сақтау керек. Сәуір айында, сондай-ақ мамыр мен маусым айларында жоспар бойынша ай сайын 2 млн адамды вакциналау қажет», деді А.Мамин.

Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғам­дық даму министрліктеріне әкімдік­термен бірлесіп вакциналаудың маңыз­дылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізу тапсырылды. «Қоғам санитарлық нормаларды сақтау мен вакциналау пандемияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретінін түсінуі керек», деп атап өтті А.Мамин.

 

Экономиканың негізгі салалары тұрақты өсуде

Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюд­жеттің атқарылуы қаралды. Эконо­ми­каның, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төр­ағасы Ерболат Досаев, Қаржы минис­трі Ерұлан Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы жағдай туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіп кешеніндегі жағдай туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына қатысты Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өңірлердің дамуы туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов баяндады.

 

Жоғары инвестициялық белсенділік сақталып отыр

Ел экономикасының жағдайы туралы баяндаған Ұлттық экономика ми­нистрі Әсет Ерғалиев бірінші тоқ­сан­ның қорытындысы бойынша макро­экономикалық көрсеткіштердің жақсара түскенін айтты.

2021 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша оң және тұ­рақ­ты динамика ел экономикасының нақты секторында байқалды. Өсім өңдеу өнеркәсібінде (+7,5%), құрылыста (+13,1%) және ауыл шаруашылығында (+2,8%) байқалды. Оң өсім қарқыны машина жасауда (+21,8%), оның ішінде автомобиль жасауда (+20,7%); фармацевтикада (+9,1%); химия өнеркәсібінде (+14,2%); түсті металдар өндірісін (+3,4%) қоса алғанда металлургияда (+2,3%); жеңіл өнеркәсіпте (+3,1%), оның ішінде киім өндірісінде (+25,8%), сондай-ақ азық-түлік өнімдері өндірісінде (+3,3%) байқалады.

13 өңір оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім бетон, тазартылған алтын және теміржол локомотивтері өндірісінің өсуі есебінен Нұр-Сұлтан қаласында; металл конструкциялар, автобустар мен бетон өндірісінің өсуі есебінен Алматы қаласында; темекі өнімдері мен аккумуляторлар өндірісінің өсуі есебінен Алматы облысында байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде төмендеу 3 өңірде байқалып отыр: бензин, керосин және мазут өндірісінің қысқаруы салдарынан Атырау облысында, болат құбырлар мен профильдер, бензин мен дизель отыны өндірісінің төмендеуі салдарынан Батыс Қазақстан облысында, мақта және табиғи уран өндірісінің азаюы салдарынан Түркістан облысында байқалады.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі өсуді жеделдету үшін қолда бар ресурстар мен құралдарды тиімді пайдалана отырып, көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету қажет. Баға­ның өсуіне жол бермеу мақсатында Әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жөніндегі жол картасының уақытылы және толыққанды орындалуын қамтамасыз ету қажет. Жұмыспен барынша қамтуды қамтамасыз ету үшін өңірлік еңбек нарықтарындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу қажет. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға басты назар аударылады.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, биылғы наурызда нан-тоқаш өнімдері, ет, қант және жеміс-көкөніс өнімдері бағасының баяу өсуі аясында азық-түлік инфляциясының 11,6%-дан 10,7%-ға дейін баяулауы есебінен инфляция 7,4%-дан 7,0%-ға дейін баяулады. Ақылы қызметтердің инфляциясы 3,9%-дан 3,7%-ға дейін баяулады, бұған тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің жекелеген түрлеріне тарифтердің төмендеуі алып келді. «2021 жылдың соңына қарай инфляция 4-6% нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне дейін төмендейтіні күтілуде», деді Е.Досаев.

БЖЗҚ зейнетақы активтері жылдың басынан бері халықтың қаражатты мерзімінен бұрын алуына байланыс­ты 0,3 трлн теңгеге немесе 12,6 трлн  теңгеге дейін 2,3%-ға төмендеді. Биылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша 1 трлн теңгеден аса сомаға салымшылардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу бойынша 210,8 мың өтініші орындалды. Алынған жинақтардың 99,4%-ын азаматтар тұрғын үй мәселелерін шешуге жұмсады. 4 басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына 2,5 млрд теңгеге зейнетақы жинақтары берілді.

 

Экономика ахуалы жағымды сипатта

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр 2021 жылғы 1 сәуірде ОПЕК+ 15 министрлік кездесуі өткенін, онда Қазақстан үшін мұнайды тәулігіне өндіруді тағы 6 мың баррельге ұлғайтуды көздейтін жекелеген шарттар келісілгенін атап өтті. Осыған орай, жыл қорытындысы бойынша мұнай өндіру саласында оң динамика қамтамасыз етіледі. Отын-энергетика секторында өсім электр энергиясын өндіруде (+4,4%) және көмір өндіруде (+1%) байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі тау-кен өндірісін есепке алмағанда 34%-ды құрады. Шектеу шаралары қызмет көрсету секторының дамуын тежеуде. Сонымен қатар ақпарат және байланыс саласында жоғары өсу қарқыны байқалады (+9,9%). «Жалпы алғанда, біз экономиканың негізгі салаларындағы көрсеткіштердің біртіндеп жақсару үрдісін көріп отырмыз. Экономикалық белсенділікті арттыру үшін қосымша жағдайлар жасау мақсатында Үкімет бизнесті қолдау бойынша кешенді шараларды іске асыру арқылы жұмысты жалғастырады», деді А.Мамин.

Биылғы бірінші тоқсан қорытын­дылары бойынша 7 негізгі көрсеткіштің ішінде алтауы бойынша Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында әлеумет­тік-экономикалық дамудың өсуі байқалады. 5 көрсеткіш бойынша Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы өсім көрсетті. Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 4 көрсеткіш бойынша оң динамика байқалады. 

Премьер-Министр Атырау және Жамбыл облыстары әкімдерінің жауапты орынбасарларына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бергені үшін қатаң сөгіс жариялауды тапсырды. «Жалпы, Қазақстан экономикасы жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі әсеріне қарамастан, негізгі көрсеткіштердің біртіндеп қалпына келуін көрсетіп отыр», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдері мен мемлекеттік органдардың басшыларына әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттердің тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар

Амманға аттанды

Спорт • Кеше

Қадір түнінің қасиеті

Руханият • Кеше

Алматы қаласында жер сілкінді

Аймақтар • 06 Мамыр, 2021

Ұқсас жаңалықтар