Алғашқы етігімізді алты айда тоздырып, жаңасын алудың уақыты жеткен мезгілде жариялылықтың жылы лебі есіп, жақсылықтан дәмелі көңілімді көтеріп тастады. Желтоқсаншыл студенттерге кешірім жасалып, олар оқуларын жалғастыру үшін жоғары білім алып жатқан жылы ұяларына қайтып оралыпты. Ұзынқұлақтан естуімізше, Совет Одағының құрамында болған Балтық жағалауы елдерінің қызыл империямен біржолата ат-құйрығын кесіспек ниеті бар екен.
Әр ұлттың өкілдері азаматтық борышын өтеп жатқан әскери бөлімшеміз он бес одақтас республиканың бір бас газетін жаздырып алатын. Ішінде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») да бар. Сенбі, жексенбіде қарауылдан немесе кезекшіліктен қолым босағанда елден келген басылымның әр санын жібермей оқып, жақсы жаңалықтармен жанымды жылытамын.
Бозбала болып қалып, көшеде көп қыдырып кеткен інім мен жұмыспен үй тірлігінен қолы босамайтын анам хатты сирек жазады. Әжем мен әкемнен хат жиі келеді. Тентек немересінің мінезін бес саусағындай білетін әжем «Бастықтарыңа мінез көрсетуші болма. Аңғалақтап жүргенде басыңа темір-терсек түсіп кетпесін. Қызық көріп, аптоматты қолыңа бейсеубет ұстама, атылып кетіп, жазым болып қаларсың. Абай бол, жарығым, абай бол. Өзіңді бір Аллаға сеніп тапсырдым», дегенді ерінбей-жалықпай қайта-қайта жазады. Ауылдағы әжемді сағынғанда жазған хаттарын ешкімге білдірмей оқып, көңілім көтеріліп, рақаттанып күліп аламын. Хатының ішіне кейде зейнетақысынан жырымдап үш сом салып жіберетіні бар.
Бәрінен бұрын мен әкемнен келетін хатты асыға күтемін. Өйткені ол үй-ішіндегі ұсақ-түйек тірліктен гөрі, елдің рухани өміріндегі оқиғаларды түк қалдырмай тәптіштеп жазады.
Құстай ұшатын уақыт әскерде жүргенде көз ілеспес жылдамдықпен қалыпты өмірдегіден де қатты зымырайды. Таңның атысынан, күннің батысына дейін дамыл таппай зыр қағып, күн артынан күннің, ай артынан айдың қалай зымырап өте шыққанын байқамай қаласың. Көзді ашып-жұмғанша бір жарым жылдың қалай зу ете түскенін мүлде аңғармаппын.
Үйге кетуге жарты жылдай ғана уақыт қалды. Алғашқыда суыққа шыдамайтын денеміз бірте-бірте шынығып, Сахалиннің саршұнақ аязын шыбын шаққан құрлы көрмейтін болып кеттік, тіпті, сән үшін әскери формамыздың жоғарғы түймесін салмай, ағытып жүретін әдет шығардық. Елді емешегім үзіле жаздап сағынып жүрген күндерімнің бірі 1988 жылдың 4 желтоқсанында әкемнен жанымды жадыратқан ерекше хат алып, қуаныштан жүрегім жарылып кетуге шақ қалды.
«Қымбатты балам Аман! Қалай, аман-сау жүріп жатырсың ба? Денсаулығың жақсы ма? Енді «тісі сарғайған» тәжірибелі солдатсың ғой, қашан қайтамын деп күн санайтын сыңайыңды хатыңнан байқадым.
Маған жазған хатыңдағы көп әңгімелерің маған ұнады, көкейіме қонды. Олжастың творчестволық жағдайын сұрауың, Ақселеуді сұрауың – ол халқыңның атпал азаматтарын сүюің, оның мәдениетіне жаның ашуың. Бұл – адамды адам ететін, ірі адам ететін қасиет.
Олжас орнында. Жағдайы жақсы. Баяғы қаңқу сөздердің бәрінің басына су құйған. Кемшіліктері де жеткілікті. Қазақша күресе білмейді: іштен шалуды, тобықтан қағуды... Үнемі қойтақымға басады... Сен «қойтақым» деген әдісті біле бермейтін шығарсың. «Қойтақым» деген аяқты белге жақын жерден салып, қарсыласын омырып тастау деген сөз.
Ақселеу ағаң «Білім және еңбектің» редакторлығынан түскен. Қаңқу сөз көп болды. Қысқасы, оған редакторлықты қимады. Сонымен қазір ол Академияда (Әуезов институтында) ғылыми қызметкер. Кандидаттық диссертациясы дайын болып қалып еді. Жетекшісі Мырзабек Дүйсенов биыл күзде қайтыс болып кетті. «Білім және еңбекте» қазір Есенғали Раушанов дейтін жас ақын. Ертең (5.ХІІ) сол Есенғали екеуміз іссапарға бара жатырмыз.
Айтпақшы, әкең май айының соңғы шенінен бастап «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдебиет және өнер бөлімін басқарады. «Дәнекер» деген айдар ашып, басқа республикаларда тұратын мықты-мықты мәдениет қайраткерлерімен сұхбат жүргізіп жатырмын. Қарақалпақ Жазушылар одағының бірінші хатшысы Төлепберген Қайыпбергеновпен сұхбат жүргіздім. Алда Мұстай Кәрім, Расул Ғамзатовтарға барамын деген ой бар.
Әкең Евгений Евтушенконы аударып бітірген. 10 баспа табақ болды. 1989-да шығады. Алла амандық берсе, сен келетін күзде.
Биылғы жаздың ең үлкен жаңалығы – Шәкәрім Құдайбердиев деген үлкен ақын ақталды. Абайдың шәкірті. Абай ауылында туған. Мен Семейдегі тойына барып қайттым.
Алдағы үлкен үміт – Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов (торғайлық, «Ақкөл» совхозынан, отец мировой тюркологий болған), Жүсіпбек Аймауытов – жазушы- драматург, осы үшеуі ақтала ма деген үміттеміз. Правительственная комиссия құрылып, мәселелер қаралып жатыр.
Міне, қазақ халқының өміріндегі азды-көпті жаңа леп осылар.
Қыркүйекте Украинадағы қазақ мәдениетінің күндері өтті. Әкең қатысты. Олжастың группасында болдым. Черкасск облысында, Днепрде армансыз жүздік.
Балам-ау, өмір деген суша зымырап өтіп жатыр ғой. Айтатын жаңалық көп, оның мынау ақ қағазға қайсысын сиғызарсың...».
Хатты оқып шығып мына қуанышты хабарға сенерімді-сенбесімді білмей аңтарылып қалдым. Шынымен де Шәкәрім ақталып, жазықсыз атылып кеткен Мағжан, Ахмет, Жүсіпбектердің шығармаларын ешкімнен қорықпай оқуға болатын күннің туғаны ма? Бұл не деген үлкен қуаныш, не деген зор бақыт. Қазақтың бағы жанып, азаттықтың ақ таңы атып, шексіз қуанышқа бөленетін күндер де алыс емес екен-ау, алыс емес. Орыс отаршылдығының құлдық қамытынан құтылатын уақыт та келеді бір күні. Көңілім алып-ұшып, жаным жадырап, жүрегім атқақтап кетті. Шіркін-ай, мені шексіз бақыттың ләззатына бөлеп тұрған қуанышымды бөлісетін адам табылса ғой, сүйіншісіне сұрағанының бәрін берер едім.
Түнде қарауылда тұрғанда әр нәрсені бір ойлап көзіме қайта-қайта мөлтілдеп жас келді. Тәртіп бойынша, күзетке шыққанда екі сағат сергек жүресің, екі сағат мызғып аласың, сосын екі сағат автомат асынып оқ-дәрі қоймасынан көз жазбай, дірдектеп тоңып, әрі-бері дала кезесің.
Ұйқым қашып, қанша жұмсам да кірпіктерім желімденбей қойып, өз орныма қарауылға шыққан басқа солдаттарды демалдырып алып, түні бойы бұрқылдатып шылым шектім. Алаң көңілімді басқым келіп, ащы түтінді қайта-қайта сорып, бір қорап темекіні жарты түнде тауысып тастап, жігіттерді казармаға жіберіп, тағы біреуін алғыздым.
Желтоқсан түгіл, жаз күндерінде Сахалиннің қара суығы денең түгіл, сүйегіңді сырқыратып жібереді. Алайда жақсы жаңалықтан жадырап сала берген жаным бүгінгі күннің ызғарын мүлде сезетін емес. Оқ-дәрі қоймасын айналып келе жатып, түнгі аспанға қарағанымда, дүние кеңіп сала бергендей болып көрінді маған. Солдаттық өмірдің қызығын қуып жүріп ұмытылып, көңілімнің алыс түкпірінде сарғая бастаған кешегі күннің естеліктері төбе көрсетіп, қайта тірілді. Екі жыл бұрынғы желтоқсан оқиғасы ойыма оралып Брежнев алаңындағы ұлт намысы үшін орысшыл биліктің жағасын жыртып төбелесіп, зорлық-зомбылығына қарсы тұрған замандастарымның ерлігі көз алдыма елестеп ойым сан-саққа жүгірді. «Бекер төгілмепті біздің ұрпақтың қаны. Бекер төгілмепті. Құдай қаласа, енді алты айдан соң Алматыма аман-есен ораламын. Құстай ұшып астанама жеткенімде бәрі өзгеріп, бәрі басқаша болады. Елдің бәрі көшеде қазақша сөйлейді. Бала күнімде «кәне орысша сөйлесіңдер» деп ескерту жасайтын орыс кемпірін көшеде кетіп бара жатқан жерінен тоқтатып «Ғафу өтінемін Мария Ивановна! Сіз қазақ жерінде тұрып жатырсыз. Сондықтан да еліміздің заңын құрметтеп қазақ тілінде сөйлесуіңізді сұраймын» деп ол емес, енді мен, қайда жүргенін ұмытып кеткен бейбақты сабасына түсіретін боламын. Университетте де әлі талай-талай ғылыми конференциялар өтеді. Сонау жылы Олжастың «АЗиЯ»-сын қорғап сөз сөйлеген кезімде көкейімде қатқан нандай кептеліп қалған шындықтарды сол кезде айтып, шерімді тарқатамын. Орыс отаршылдығына қарсы төбе көрсеткен Мұрат ақынның жалынды жырлары, толғауларының кітап болып басылып шығып, қолыма ұстап оқитын күндерімнің де алыс емес екенін жан-тәніммен сеземін. Басымыздан қауіп-қатердің бұлты сейілген сол әдемі мезгілде шідерін үзіп кеткен арғымақтай көсіліп, жыр жампозының «Еділді тартып алғаны, етекке қолды салғаны, Жайықты тартып алғаны, жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны, ойындағысы болғаны» деген өлең жолдарын мысалға келтіріп, орыстардың түгін тартса майы шығатын құнарлы жерлеріміздің бәрін зорлық-зомбылықпен басып алғандарын беттеріне салық қылып басып, армансыз ішімді бір босатармын. Шіркін-ай, ақындықтың асыл мұратына жетуді қиялдаған армандарымды аялаған мына түн қандай жылы, ғажайып, тәтті еді.
Елдің хабар-ошарына елеңдеген көңілім жақсы жаңалықтарды асыға күткенімен, 1988 жылдың 16 желтоқсанынан кейін әкемнен хат келген жоқ. Дивизионымыздың да бейбіт аспанды бір ай күзететін мезгілі келіп, әскери өмірдің тәртібінен басқаға мойын бұруға мұршамыз болмай қалды. Әйтеуір, сол айда жапондардың ең қауіпті әскери ұшағы қас қарайғанда қайта-қайта шекара сызығына жақындап, түні бойы ұйықтатқызбай қанымызды ішіп, ит-сілікпемізді шығарып шаршатты. Ол аздай әлсін-әлсін бет қаратпайтын боран соғып, долданып бірнеше күн қатарынан басылмай, қарға адым жерге жету мұңға айналды.
Түнгі кезекшіліктен кейін шаршап-шалдығып қаннен-қаперсіз казармада ұйықтап жатыр едім, сержанттардың біреуі оятып алып: «Сені командир іздеп жатыр. Тез келуіңді бұйырды. Үйіңде бір жағдай болып қалған сияқты» деді төбемнен дүңк еткізгендей. Апыл-ғұпыл киініп, үсті-басымды жылдам ретке келтіріп, жүрегім бір жамандықты сезіп, құстай ұшып штабқа жеттім.
– Жолдас майор, қатардағы солдат Мырзабеков сіздің бұйрығыңызбен келіп тұр, – дедім әскери тәртіп бойынша оң қолымды шекеме тигізіп.
– Түймеңізді салуды ұмытып кетіпсің, – деп солдаттардың сымдай тартылып жүргенін ұнататын командирім маған ескерту жасады.
– Ғафу өтінемін, – дедім мен қапелімде ұмытып кеткен түймемді салып жатып.
– Мырзабеков, мәселенің анық-қанығын мен толық білмеймін. Естуімше, үйіңде бір жағдай болып қалған сыңайлы. Алматыға емес, Қостанай арқылы Торғайға ұшасың. Соны мен де аса түсінбей тұрмын. Полкке жеткен соң әкеңнің танысы майор Порхунов саған бар жағдайды түсіндіреді. Билет тауып беріп, елге аман-есен жетуіңе көмектеседі. Отбасы жағдайыңа байланысты біз саған екі апта демалыс береміз. Екі сағаттан кейін вертолет келеді. Жолға жиналуыңа бір сағат уақыт беремін. Әскери билетіңді ұмытып кетпе. Үйіңнен келген шұғыл телеграмманы полктағы пошта бөлімінен аласың. Мәселенің анық-қанығы сонда жазылған, – деп командирім әскери тәртіп бойынша бәрін қысқа да нұсқа жеткізді.
Екі сағат ішінде мың-сан ойлар санамды шырмап, миымды тесіп жібере жаздады. Бәрін де жақсылыққа жорып, жамандық атаулыны жаныма жолатқым келмейді. Әшейінде зырылдайтын уақыттың да осындайда қырсығып, тасбақадай орнынан әрең жылжып, төзімі таусылып отырған байғұсты азапқа салып қойғанын қарасайшы. Әкемнің, шешемнің немесе бауырымның бірдеңеге ұшырап қалғанын ойлаудан қорқамын. Кім біледі? Бәлкім Торғайға баратыныма қарағанда, сол жақта тұратын туыстарымыздың бірі дүние салып, әкем мені елге алғызып, ұлын бір көрудің амалын жасаған шығар.
Полкке жете салысымен, вертолеттен атып түсіп, екі өкпемді қолыма ұстап, желмен жарысып, әскери поштаға қарай аяғым жерге тимей жүгірдім. Ентігімді шаққа басып, кезекшілікте жүрген сержантқа істің мән-жайын түсіндірдім. Ол ішке еніп кетті де көп күткізбей тез шығып, бір тілім телеграмманы қолыма ұстата салды. «Тағдырға не шара? Әкең қайтыс болды ұлым. Елге тезірек жет. Анаң Зинура» деген сөздерді оқығанымда ауыр шоқпармен біреу басымнан періп жібергендей миым солқылдап, есеңгіреп, орнымнан қозғалмай тұрып қалдым. Ішімдегі өксігім сыртқа шыға алмай, кеуде тұсыма кептеліп, тынысым тарылып, ауа жетпей тұншығып барамын. Дүние теңселіп, көзім қарауытып кетті. «Мүмкін емес, мүмкін емес» деймін ішімнен күбірлеп. «Күні кеше ғана хат алып, жақсы жаңалығымен мені қуантқан әкемнің әп-сәтте дүние салуы қалайша мүмкін болмақ. Үйден келген суық хабардың шындық екенін ақылым сезіп тұрса да, ақымақ көңілім әкемнен айырылғаныма сенбей, не істерін білмей қиналған жанымды алдамшы үмітпен жұбатқысы келеді. Ақылым сезген сұмдықтың шындық екеніне көзім жеткенде есімнен тана жаздап, әскери поштаның жанындағы саябақта саптай тізіліп өсіп тұрған ағаштардың біреуін құшақтап, көзімнің жасын көлдетіп, тоқтай алмай, өксіп-өксіп жыладым. Сабыр сақтауға тырысып, сезімімді тежеп, айналама қарасам, ішінде солдаттары да, офицерлері де бар бір топ әскери адамдар жаныма жиналып қалыпты. Не болғанын айтпай түсініп, бәрі де жарысқа түскендей жылы сөздерімен мені жұбата бастады. Бір кезде әскери көлік тоқтай қалып, ішінен әкемнің танысы майор Порхунов пен жұбайы атып шығып, маған қарай жүгірді. Есеңгіреп тұрған мені қолтығымнан демеп көлікке отырғызып, штабқа әкеліп ыстық шай берді. Сәлден соң телефон арқылы үй-ішімен сөйлесіп, арғы жақтан зар жылаған туған-туыстарымның жоқтауларын құлағым шалғанда өкініш өзегімді өртеп, қайғының ауырлығын шын сезген жүрегім езіліп кете жаздады. Мен байғұсты аяп кеткен Порхуновтың әйелі «Сынок, не плач. В жизни всякое бывает» деп аналық мейірімін төгіп, жұбатпақ болады. Бірақ оған менің жалғыз досым жүрегімнің оңайлықпен жұбана қоятын түрі жоқ.
Әкемнің сүйегін елге апарып қоятынын естіп, сол күні Хабаровскінің ұшағына отырдым. Құдай қаласа одан әрі Новосибирскіге, сосын Қостанайға жетемін. Аман-есен Қостанай топырағына табаным тисе, әкемнің досы Ақылбек Шаяхмет мені Торғайдың ұшағына отырғызып жібереді.
Жол тым алыс. Шамамен он сағаттай ұшамын. Кеше түні бойы кезекшелікте жүріп мызғып алудың еш мүмкіндігі тумағанына қарамастан, жастыққа басы тисе қор ете қалатын солдаттық тәтті ұйқымның қайда қашып кеткенін білмеймін. Әр нәрсеге алаңдаған көңілім алғаржақтанып, өкініштің шоғы шыдатпай жанымды күйдіріп барады. Қайғымды жеңілдетуге тырысып, ойымды басқа арнаға бұруға тырыссам да әкемнің әр ісі, әр сөзі, әр қылығы көңілімнен кетпей көз алдымда мұнарланып тұрып алды.
«Мен бәрін іштен біліп туғанмын» деп кейде балаша мақтанатын кездерің де бар еді маған. Бұрын сенің бұл сөзіңе аса мән бермей, мырс етіп, ішімнен күліп қоя салатынмын. Енді ой таразысымен өлшеп қарасам, шынында да сөзіңнің жаны бар екен. Мағжан, Ахмет пен Міржақыптардың есімін алғаш рет аузыңнан естіп, олардың кімдер екенін сұрағанымда «Алаштың ардақтылары. Түптің-түбінде Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердей олар да ақталады» деген әулиелігіңді қалай ұмытамын. «Көресің, олар ақталған күні мен әлі талай мықты-мықты дастандар жазамын. Сонда жасырмай, қазақтардың орыс отаршылдарынан көрген қорлығының бәрін жеріне жеткізіп жырлаймын. Балам-ау, сен менің ішімде, айтсам мына қоғамды қопарып тастайтын қандай шындықтардың жанартауы жатқанын білмейсің ғой. Білмейсің» деп жан сырыңды маған жұмбақтап жеткізгеніңде, не дерімді білмей үнсіз қалатынмын.
Қайран әкем! Арманда кеткен абызым-ай! Шынымен де ішіңде жатқан көп дүниені айта алмай, шерменде күйде мәңгілік мекеніңе аттанып бара жатырсың ба? Сенімен бірге жүрген бақытты күндерімнің қарлығаш дәурендей басымнан ұшып кеткеніне қалай сенемін?
Орыстың құлдығынан құтылып, еркіндіктің ауасымен тыныстап, «шындықтың шылбырына сүйретіліп» (Кеңшілік) өлуді армандайтынсың. Енді міне аңқамыз кеуіп аңсаған азаттық таңы алыстан арайланып, шындықты айтуға жол ашыла бастаған мезгілде, жүрегіңдегі шемен болып қатып қалған шеріңді тартқатуға мұршаңды келтірмей Құдайдың сені алып кеткені әділетсіздік қой. Әділетсіздік. Ақын үшін шындықты айта алмай кеткеннен асқан қасірет бар ма, мына жалғанда. Расында да туған ағаңдай жақсы көрген Мұқағали айтпақшы, жүрегінің түбіне кір жасырмай, айтарын айтып кеткен ақынның арманы жоқ шығар. Бірақ амал нешік, сен де көп шындықты ашық айта алмай арманда кетіп барасың.
Кімде жоқ дейсің бұл арман,
Менде де болды бір арман,
Сенде де болды бір арман,
Ащы ішек болып шұбалған
Ащы көліміз суалған.
Аңқамыз кепкен күндерде,
Ашыған көже секілді
Арылтып еді құмардан.
Арқамыз қозып жүргенде
Алқамыз сөзін бергенде,
Табысып едік дуаннан.
Ақсорпа болып алшы аттай
Тайпалып келіп тамсатпай,
Буыны кеткен саусақтай,
Сүйріктей сөздің саласын
Салалап тұрып самсатпай,
Айтылмай қалған кеудемде
Менде бар еді бір арман,
Сенде бар еді бір арман.
Меселімізді қайтармай,
Айтатын кезде айта алмай,
Өрмектің құры секілді
Сезімдеріміз шайқалды-ай…
Кеулеген арман кеудемді,
Тұла бойымның тұрғынын –
Толғайын десем енді-енді,
Сенде де бар ғой бір арман,
Менде де бар ғой бір арман.
Жанығып кетіп бір-бірін
Жандырып жібереді де,
Қанамыз-дағы құмардан...
Қаламыз бірақ айта алмай.
Жанарымнан қайта-қайта жас моншақтап төгіліп, көзім бұлаудай болып ісіп кетті. Алғашқыдай емес, ақымақ көңілім де ақылға көніп, бірте-бірте айтып келмеген ажалдың ақиқат екенін мойындағандай ма, қалай.
Бір ұшақтан соң екіншісіне, үшіншісіне мініп, қиян түкпірдегі Торғайға кешке әзер жеттім. Үйге келгенімде туыс-туғандардың бірінен соң бірі мені құшақтап айтқан жоқтаулары жабырқаған көңілімді одан бетер күйзелтіп жіберді. Әсіресе, үй жақтан шыққан әжемнің құлынын іздеп зарлаған ащы дауысын естігенімде, құйқа тамырым шымырлап, сай-сүйегім сырқырап кетті. Әкемнің немере ағасы Төлеу көкем ғана жүрегімді жаралаған даладағы жұрттың жылап-сықтауынан мені арашалап «Алыс жолдан келген баланы шаршатып аласыңдар», деп қолыма су құйғызып, беті-қолымды жуғызып, үйге кіргізіп жіберді.
Екінші күні бүкіл Торғай жұрты тайлы-тұяғы қалмай жиналып, әкемді ақтық сапарға шығарып салды. Сонда соңғы рет әкемнің ақ дидарлы жүзін көріп, қатты таңғалдым. Бет-әлпетінде қандай да бір қайғының, реніштің, әлдекімдерге деген өкпе-наздың табы жоқ, әдемі түс көрген періштедей жүзі бал-бұл жайнап күлімсіреп жатыр.
Құран оқылып, жаназасы шығарылып болған соң шыдай алмай әкем жаққа соңғы рет көз қырымды салсам, оның жаны жердегілермен қоштасып болып жылдар бойы ақталуын асыға күткен Алаш арыстары Мағжан, Ахмет, Міржақыптардың аруақтары салтанат құрған Рух аспанына қарай биіктеп барады екен...
P.S. Биыл елордада бірнеше көшенің атын өзгертуге байланысты ономастикалық комиссия шешім қабылдады. Комиссия шешіміне сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданындағы көшелердің біріне қазақтың аса көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабековтың есімі берілетін болды.
Амангелді Кеңшілікұлы